Қазақша На русском языке

Қанатты тұлпарлар

Олардың да қанаттары артқа қарай көлбей біткен. «Аттың сүбелігінде артқа қарай біткен қысқа екі қанаты бар, бірін суға, бірін сүтке салып отауда суытады» («Еділ мен Жайықтың құдалығы» ертегісі) [5, 48-50 бб.]. Сақ-скиф өнер ескерткіштеріндегі алтынмен жасалынған аттар сияқты, қазақ ертегілерінде де ұшатын алтын аттар кездеседі (мысалы, «Алтын ат» ертегісі) [4, 113-115 бб.]Қанатты тұлпарлар (4-сурет). Көне мифологиялық түсініктер бойынша алтын түс күнмен, аспан әлемімен байланысты екенін ескерсек, өнер ескерткіштерінде де, ауыз әдебиетінде де қанатты аттардың алтынмен байланысты болуы кездейсоқ емес, әу баста қалыптасқан, көшпелі халықтардың көне дұниетанымындағы жоғарғы дүние (аспан дүниесі) өкіліне тән мифтік сипат екенін түсінеміз.

Халқымыздың ертегі, эпостарындағы барлық қанатты тұлпарлардың ортақ ерекшелігін қарастыратын болсақ олардың мынадай негізгі сипаттары бар. Тұлпарда құстың қанатындай қанаты болуы оның мифологиялық космостық әлемнің жоғарғы дүниесінің өкілі екенін көрсетеді. Кейбір етегілерде қанатты тұлпарлардың перілермен байланысты болуы да осыған дәлел. Аспан дүниесімен байланысының белгісі ретінде қанатты аттардың алтын түспен байланысты екенін жоғарыда айттық. Басқа дүние өкілі ретінде қанатты тұлпарлар түрлі ерекше қасиеттерге ие болған, олар адамша сөйлей алады, құйрығының не жалының бір талын тұтатса, көзді ашып жұмғанша үстінде сауыт-сайманы бөктерілген күйінде пайда болады. Олардың бұл қасиетін ертегі мифтардағы аспан әлемінің патшасы Самұрық құстың немесе перілердің қауырсынын тұтатқанда адамға көмекке жетіп келетінімен салыстыруға болады. Олар мифтік әлемнің әр дүниесіне еркін ауыса алады, басқа дүниеге өтіп кететіндіктен, көзге көрінбей жоқ болады («Керқұла атты Кендебай», «Делдаш батыр» т.б. ертегілер). Батырлар осы қанатты тұлпарларды мініп жеті қат аспанға көтеріліп, жеті қабат жер астына түседі. Яғни адам олармен мифтік космостық әлемнің үш дүниесіне (жоғарғы, жер  беті және жер асты дүниелеріне) саяхат жасай алады. Олардың көріпкелдік қасиеті бар, жамандықты алдын ала біледі, жауды сезеді («Жарты Төстік») [6,  66-70 бб.]. Жоғарғы дүние өкілі ретінде қанатты тұлпарлар адамға жақсылық жасайды, батырларға ақылшы, көмекші болады, түрлі өнерге үйретіп, түрлі қауіптен құтқарады («Бай баласы», «Еркемайдар» т.б. ертегілер) [4,  92-93 бб.].

Қазақтар болашақ батыр туғанда оның тұлпары бірге туады деп сенген, яғни мифтік қаһарманға оның қанатты тұлпары аспан әлемінен арнайы түсіріледі деген сөз. Көшпелі халықтарда батырлар жерленгенде оның тұлпарын бірге жерлеу де осы көне түсінікпен байланысқан салт, яғни аспан әлемінен келген тұлпарлар, батырлар өлгенде о дүниеге (аспан дүниесіне) батырмен бірге кетуі тиіс. Қазақтарда батыр өлгенде оның мініп жүрген атын тұлдап, кейін асына союы да осы ежелгі түсініктің қалдығы.

Қанатты тұлпарлар өздерінәң кейпін өзгертіп, өздері арналған батырлар өскенше, қотыр тай немесе ұсқынсыз, арық жабағы түрінде жүреді де, кейін батырмен кездекенде өзінің шын кейпін қабылдайды.

Сол уақытта шұбар ат,
Төрт аяғы тең болат,
Дұшпан ұстап алар деп,
Жасырып бойын жүр еді,
Жүгендеп басын алғанда,
Үстіне ер салғанда,
Сегіз жасар ат болды.
«Алпамыс батыр». [1, 182 б.].

«Ұстағанда құнан, жүгендегенде дөнен, ерттегенде бесті ат болды» («Құйын батыр» т.б. ертегілер) [4, 164 б.].

Осы айтқанды қортындыласақ қанатты тұлпарлар, шамандардың көмекші рухтары сияқты, басқа дүниеден келетін батырлардың көмекші мифтік рухтары, олармен батырлар да шамандар сияқты мифологиялық әлемнің үш дүниесінде (жоғарғы аспан дүниесінде, ортаңғы дүние – жер бетінде және төменгі жер асты дүниесінде) саяхат жасайды.

Қанатты тұлпаралардың аспан әлемімен байланысы қазақтардың космогониялық мифтерінде де көрініс тапқанын айта кету керек. Қазақтардың мифтік аңыздары бойынша аспандағы жұлдыздар бейнесіндегі Темір қазыққа қанатты екі ат – Ақ боз ат, Көк боз ат байлаулы тұрады-мыс, оларды Жеті қарақшы ұрлап алу үшін сол Темір қазықты айналып жүреді екен [3, с. 55-59].

Бұл айтылғандар қанатты тұлпар – көшпелі халықтардың мифологиясында үш мың жылдай бұрын қалыптасқан, аспан дүниесін мекен ететін, адамдардың, мифтік қаһармандардың көмекші рухы түрінде түсінілген көне мифтік бейне екенін дәлелдейді. Көшпелі халықтарда оларға қатысты көптеген түрлі наным-сенімдер пайда болы. Киелі мифтік бейне ретінде қанатты ат суреті көне замандарда заттың бетіне, киім әшекейлеріне салынды. Оның тұрақты сипаты, ішкі мағынасы сол ерте замандарда қалыптасып, қазақтардың дәстүрлі дүние танымында ХХ ғасырға дейін сақталып жетті. Сондықтан қазақ ертегілеріндегі қанатты тұлпарлар туралы түсінік біздерге көне көшпелілердің көне өнеріндегі мифтік қанатты аттар бейнесінің семантикасын дұрыс түсінуге көмек береді.

Қазақтарға Ислам дінімен енген қанатты ат  бейнесі

Қазақтардың түсінігіндегі қанатты тұлпарлар туралы әңгімеміз толық болу үшін қазақ санасына ислам дінімен бірге енген, қанатты ат түрінде түсінілетін «Пырақ» (арабша «Бурақ, аль-Бурақ) туралы да айта кетуіміз керек. «Пырақ» — Мұхаммед ғалайһиссаламның «Мирадж» түні жеті қат аспанға көтеріліп, Алланың тағының алдына барғанда және қасиетті Ирусалим қаласына сапар шеккенде мінген қасиетті қанатты жануары. Мұсылман мифологиясы бойынша бұл қасиетті жануар оған дейін де басқа пайғамбарларға да қызмет еткен. Оны Алла тағала пайғамбарларға әдейілеп аспаннан түсіріп отырған. Бұрақ алғашқы мұсылман дәстүрінде ақ немесе шулан түсті, денесі жылқыға ұқсас, басы адам басты, алдыңғы аяғында ақ қанаттары бар жануар түрінде сипатталатын [2, с.43]. Кейін бұл киелі жануар адам басты ат түрінде түсініле бастады. Қазақтар сияқты жартылай көшпелі болған арабтардың түсінігінде пайғамбарды аспан әлеміне көтеретін киелі жануардың ат түрінде, ат болғанда қанатты ат түрінде түсінілуі әрине заңды. Оның басына адам бейнесі берілуі оның адамша сөйлеуіне байланысты болуы керек. Даму барысында хайуанат кейпіндегі мифтік бейнелердің адамша сөйлей бастауына сәйкес, олардың бейнелеу өнерінде адам басымен салына бастайтыны барлық халықтардың мифтік өнерінде жиі кездесетін құбылыс. Мұсылмандық дәстүрдегі Шығыс бейнелеу өнерінде «Мирадж» түнін бейнелейтін суреттерде Мұхаммед ғалайһиссалам аспанда  бұлт арасында, періштелер қоршауында осы Бурақтың (Пырақтың) үстінде бейнеленеді (4-сурет, 1). Кейде Шығыс өнерінде бұл сюжет пайғамбарсыз, Бурақтың жеке өзінің суретімен де көрсетіледі (4-сурет, 2).

Бұл исламдағы мифтік бейненің, өздерінің көне мифологиясында қанатты ат бейнесі бар қазақтарға оңай сіңісіп, көне мифтік қанатты тұлпарлар бейнесін ауыстыруы да заңдылық. Себебі бұлардың негізгі мифтік мағыналары бірдей. Пырақ та, қанатты тұлпар да діни немесе мифтік қаһарманға аспаннан арнайы түскен көмекшісі, мифтік кейіпкер олармен аспан әлеміне саяхат жасайды, оларды міну арқылы қаһармандар ерекше қасиетке (батырлық, шамандық, пайғамбарлыққа қасиетке) ие болады. Сондықтан қазақтың көне түсініктері сақталған ауыз әдебиетінде осы күні Пырақ қанатты тұлпардың эпитетіне де айналды. Қазақтар жүйрік атты да Пыраққа теңеп, оны «пырағым», «пырақ» деп атайды.

Астыңдағы атың жүрдек болса – жалғанның пырағы,
Алғаның жақсы болса – үйің мен досыңның тұрағы.
Қанай шешеннің айтқаны.

Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса,
Жан-тәніңің шырағы.
Төле бидің айтқаны [9, 22-26 бб.].

«Пырақ» сөзі бұл күнде тілімізге, санамызға терең сіңіп, кірігіп кетті, теңеу ана емес, қалыптасқан ұғым, түсінікке айналды. Қазақтардың түсінігінде Пырақ бейнесі Ислам мифологиясындағы осы киелі жануарды да, көне түркі мифологиясындағы, кейін қазақтардың да дәстүрлі мифологиясындағы қанатты тұлпар бейнесін де бойына сіңірген, қазақтардың өзіне ғана тән күрделі мифтік бейне болып кетті. Мифологиялық дүниетанымды діни дүниетаным ауыстырғанда қанатты тұлпарлармен байланысты көне мифологиялық түсінік қазақтардың санасында енді осы бейнеде өз жалғасын тапты.

Қолданылған әдебиеттер

  1. Ақсауыт. Екi томдық. – Т. 1: Батырлар жыры. – Алматы: Жазушы, 1977.
  2. Ислам. Энциклопедический словарь. – М.: Наука, 1991.
  3. Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина. (Архивные материалы и публикации). – Алматы: Наука, 1972.
  4. Қазақ халық әдебиетi: Көп томдық. – Т. 2: Ертегiлер. — Алматы: Жазушы, 1988.
  5. Қазақ халық әдебиетi: Көп томдық. – Т. 3: Қиял–ғажайып ертегiлер. – Алматы: Жазушы, 1988.
  6. Қазақ халық әдебиетi: Көп томдық. – Т. 4: Ертегiлер. —  Алматы: Жазушы,– 1989.
  7. Қазақ эпосы. – Алматы: Қазақ мемлекеттiк көркем әдебиет баспасы, 1958.
  8. Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. — Медине: Құран Шәриф басым комбинаты. 1991.
  9. Страниц: 1 2 3

Пікірлер

Пікір жазылмайды.