Оралу

Ғалым Жайлыбай


Қырандай сорғаласа жырым көктен,
Бүршігін бүр жарғызды бүгін көктем.
Тұлпарын тұғырына қондырады
Қараөткел сүйіншілеп Сырымбеттен.

Пырағым төске салған өрден бері
Арқаның аламанды көрген белі…
Құлагер құла дүзде құйындады
Сейіліп сері Ақанның Сергелдеңі.

Көкшеге бұрдым бүгін өлең көшін,
Зерені Зерендінің тереңдесін.
Ән салып Айнакөлдің аққулары
Есілдің ескен желі елеңдесін.

Құлагер!
Ақан болып төгілер ем,
Өткеннен бізге жеткен небір өлең…
Жырасы Жыландының жылағанда
Етегі Ерейменнің еңіреген.

Ел мынау
От пен желдің өтіндегі,
Басылды Қусақ көлдің көпіргені.
Қу басын Құласының қайыңға іліп
Ақанның құлағымда өкіргені.

Ақынның Алты Алашқа жайған бағын
Рухы намысына қайралғаным!
Баспа-бас қызға бермес қызығы еді
Құлагер – құнанында бәйге алғаным.

Айтады сан аңызды сағымдай бел,
Құланы құла дүздің арындай көр!
Басында Қызқашқанның қызық қалмай
Асын да Сағынайдың сағынбайды ел.

Артпайық түнге күдік,
таңға секем,
Дүлдүлмен дүбір тілер жалғаса өтем…
Тұлпарын енді қазақ тұншықтырып
Серісін сергелдеңге салмаса екен.

Жүйріктің сыбағасын мол жасалған,
Қызғанып торығады торға салған.
Жүгірсе желден озған, пырағым-ай
Атығай-Қарауылға олжа салған.

Тұйықтан шыға алмаса тұйғыны аман,
Қиянат қинағаны – қилы заман.
Өмірі тоғыз шалық
дертке ұрынып
көңілі қобыз шалып…
күй жылаған.

Жүйріктің білем жанын жабы ұқпасын,
Тұлпардан тұлдыр шығар торыққасын.
Балтасы Батыраштың басқа ұрмасын
Жырасы Жыландының жолықпасын.

… Құлагер енген күні нұр шырайға,
Көзіңнен бір тамшы жас ыршымай ма?
«қақпан бел,
қалбағайлы
үңгір сағақ»
күңіренген Күреңбайдай сыншы қайда?!

Жүйрікке серік болса
қыран,
құмай,
алдынан ор кезікпес Жыландыдай,
Тұғырға өзіңменен бірге қонған
РУХ-ым аласармас бұдан былай…

Өткеннің өзегінде дауылы қалып,
Қосылдың аламанға сауығып анық.
Көкшеден көкжиекке көсілші енді
Қазақтың қайран жерін бауырыңа алып…

Зарласаң зар илетер заман ақыр,
Сайраны Сарыбелдің санада тұр…
Қастерлі қасқа жолдың киесі боп – .
Құлагер құстай ұшып бара жатыр.

Бөлісу:

Сондай-ақ, оқыңыз

Қанатты тұлпарлар

Мал бағып, жылқы өсірген, өмірінің көп уақыты ат үстінде өтетін көшпелі халықтардың мәдениетінде жылқы малының …