ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ

Алимсаева Айжан Толеуханкызы,

 «№24 орта мектебі» КММ,

Өскемен қаласы.

Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарамай ілесіп отыруы, адамның мамандығын әрдайым жетілдіріп отыруы. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Яғни, оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануына үйрету[2,7].

Қазақстан Республикасының Президентінің Қазақстан халқына жолдауында:«Елінің болашағына жоғары жауапкершілікпен қарайтын, жылдам, конструктивті, таңдау жағдайында дұрыс шешім қабылдай алатын, келешекке болжам жасауға, серіктестікке қабілетті, рухани дүниесі бай, білімді, іскер адамдардың керек екендігі баса көрсетілген. Сондай-ақ, біз бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін ең алдымен жоғары білімді ұлтты қалыптастыруымыз қажет. Қазіргі дамыған заманауи кезеңде жай ғана сауатты болу аздық етеді. Біздің азаматтар ең алдыңғы қатарлы, ең заманауи өндірістерде жұмыс істеуге қабілетті және дайын болуы тиіс. Сонымен бірге біздің балаларымыздың, жалпы артымыздан ерген ұрпақтың функциональды сауаттылығына орасан мән беруіміз қажет. Бұл біздің балалардың жаңа өмірге тез қалыптасуы үшін маңызды» делінген[1,15].

Ресми дерек бойынша, мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген. Бұлар мектептен білім алса да, қызмет жасауға келгенде қарапайым жазу үлгісін білмейтіндігін көрсеткен. Тіпті олар әр түрлі жағдайда кездескен бланкіні толтыра алмай, ондағы ақпараттың мәнісін түсіне алмапты. Бір қызығы, олар теледидарда не айтылып жатқанын, жалпы айтқанда, күнделікті өмірдің есебін білмейтін болып шыққан. Соның салдарынан жұмыссыздық, өндірістегі апат, жазатайым оқиғалар, жарақат алулар көбейіп кеткен. Жалпы, барлық зерттеушілердің болжамы бойынша адамдардың сауатсыздық деңгейінің төмендеуі, оларға дұрыс білім беріп, тиянақты оқытпаудан, оқырман болуға үйретпеуден болған көрінеді. Сақтанбау, ұқыпсыздық, байқаусыздық, апаттар: мұның бәрі ережені дұрыс оқымағандықтан, түсінбегендіктен, санаға сіңірмегендіктен орын алып отыр.

Қазақ маманы С.Раевтың ойынша, сауатсыздық дерті адамға кішкентай кезінен бастап жұғады екен. Әсіресе бүлдіршінді жазу мен оқуға баули бастаған 1-ден 3-сыныпқа дейінгі аралықта пайда болады. Яғни, үшінші сынып оқушысы ешқашан кітапханаға бармаса, оқулықтан басқа ешқандай кітап оқымаса тағы бір ертеңгі сауатсыздың дүниеге келгені. Ғалымдардың айтуынша, 8-сыныптан бастап оқушылардың 60 пайызының өз бетімен жазып-оқуға деген ынтасы жоғалады екен. Тіпті түлектердің үштен бірінің оқуға мүлдем құлқы болмайтын көрінеді[3,9].

Сондай-ақ оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі басты назарға алынады. Оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас түбегейлі өзгерісті керек етеді. Яғни дәстүрлі оқулардағы оқытушы мен шәкірт арасындағы көп жағдайлар оқушы көңілін қанағатттандыра бермейтін қалыптасқан заңдылықтар ұстаз бен шәкірт арасындағы серіктестік қарым-қатынасқа ауысады.

Енді серіктестік қарым-қатынастың түзілу жолын кеңінен тоғытсақ.

Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияның тиімділігі – келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскерлігі мен шығармашылығын еркін дамытуға жол ашатын педагогикалық-психологиялық жағдай жасауында. Сондай-ақ, интерактивті тақта арқылы әр түрлі грамматикалық тапсырмаларды орындау, мәтіндермен, жаңа сөздермен түрлі жұмыстар жүргізуде, сөздерге талдау жасауға, уақытты үнемді пайдалануға, оқушылардың ынтасын арттыруға қажетті әрі пайдалы құрал. Жоғарғы сынып оқушылары өз беттерімен презентациялар жасап, қорғайды. Мектебімізде ЖИПТО алаңы бойынша жұмыс түрі қалыптасты. Бұл жұмыс түрін игере отырып, оқушылар мектептегі алып жатқан білімдерін өмірмен шынайы араластырып, жігін ашуға мүмкіндік алады. Әр түрлі тест тапсырмаларын жүргізіп, оқушылардың білім сапасын бақылауда да компьютерлік технологияның үлесі зор. Кеңірек тоқталсақ, мектептің әр буынының жоғары сыныптарына (4,9,11 сыныптар) қазақ тілінен арнайы жасалған қашықтықтан оқыту курсы жүреді. Курсқа оқушылар өз еркімен білімдерін арттыру, шыңдау мақсатында жазылып, курстан өтеді. Нәтижесінде, оқушы қашықтықтан тапсырма алып, орындау арқылы өзінің ақпаратты-коммуникативті ресурсын байытады, білімін жетілдіреді. Мектебімізде электронды журнал – e-learning жұмыс істейді, демек оқушы, ата-ана білім көрсеткіші – бағаны үйде отырып қадағалай алады. Мінекей, мұның бәрі оқушының ақпараттық-коммуникациялық технологияларды мектеп қабырғасында жүріп-ақ меңгеріп, қолдана алуының кепілі. Осындай дағдыларға ие білімді бала ғаламтор жүйесінде де өзіне қажет сайтты да оп-оңай тауып алады. Қажет емес, пайдасынан зияны көп сайттарды ашып, арандатушы ақпараттарды оқып, алтын уақытын қор қылмайды.

Білім беру әдістері ішінде ерекше орын алатыны — диалог. Диалог оқушылардың сөйлесу әрекетін, сұрақты дұрыс қоя білуде, ақпарат алмасуда, жалпы тіл үйренуде таптырмас жұмыс түрі. Әр түрлі тақырыпта диалог құрғызу мынадай нәтиже береді:

  • сабақта белсенділік жоғарылайды;
  • сөздерді есте сақтау қабілеті дамиды;
  • дұрыс сөйлемдер құрауға дағдыланады;
  • оқуға қызығушылықтары артады, практикада қолдану аясы кеңейеді.

Мәселен, «Мамандық» тақырыбы бойынша қазақ тілі сабағында оқушылар мәтінмен жұмыс  жасайды, сұрақтарға жауап береді, грамматикалық тапсырмаларды орындайды. Тапсырмаларды орындау барысында мәтін бойынша білімдері бекітіліп, сөздерді есте сақтау функциясы орындалады. Енді аталған тақырыпта диалог құрастыру арқылы өзге ұлт өкілі өз қатарласымен қазақ тілінде еркін сөйлеу мүмкіндігіне ие болады. Берілген ақпаратқа өзі білетін, хабардар ақпаратты қосу мүмкіндігіне, сөйлем түрлерін түрлендіріп жасау(хабарлы, лепті, сұраулы сөйлем) мүмкіндігіне ие болады.

Дәл осы тапсырма қазақ әдебиетінде орын алған жағдайда оқушыларға әдеби шығарманың басты кейіпкерлерін қатыстыра отырып, диалог құру тапсырмасы беріледі. Бұл жерде оқушы 2-3 беттен тұратын шығармадан өзекті деп тапқан ойды диалог ретінде көрсетуді мақсат қояды. Нәтижесінде күрделі материалды ықшамдап, өз білімін көрсету мүмкіндігі туады, ал оқушының ойын мемлекеттік тілде жеткізуге деген батылдығы артып, ақпарат алмасуы күшейеді.

Сондай-ақ, әр заманның өз дарындары болатыны секілді, әр мектептің өз «жұлдызшалары» болады. сол жұлдыздарды байқап, олардың жарқырауына себепші болатын да мұғалімдер.

Ендеше, талантты және дарынды балаларды оқыту туралы сөз қозғасақ.

Дарындылық – адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Көбінесе “Дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы” деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологі П.Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады[4,22]. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П.Торранстың зерттеулері нақ осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындаған. Біздің мектептің  мұғалімдері осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстай отырып, оқушылармен жан-жақты жұмыс жасайды. Мұғалімдер оқушының дарындығын әр қырынан байқап, саралайды. Мектепішілік сайыстарға қатыстырып, дарынын шыңдайды. Материалды сұрыптай алуы, негізгі ойды анықтай алуы, ойын дәлелмен обьективті түрле жеткізе алуы, сауатты сөйлеуі ескерілген оқушылар өз біліктіліктерін ғылыми-конференцияларда сынға түсіреді. Қазақ әдебиетін жақсы меңгерген, кейіпкерлердің образдарымен жұмыс жасаған оқушылар сахналық көріністердің көркі болады. Осының дәлелі ретінде мектеп оқушылары көптеген пәндік республикалық, облыстық олимпиадалардың, «KATEV» қоры  ұйымдастыратын «Жарқын болашақ» олимпиадасының жүлдегерлері.

Ең бастысы мектебінде жеңімпаз болып, бұдан да жоғары олимпиадаға барған оқушы өзі секілді талантты, дарынды, білімді балалардың көп екендігін байқай отыра, өз біліміне шектеу қоюға әлі ерте екендігін ұғынып, көшбасшылыққа деген ынтасын арттыра түседі. Ендеше білім берудегі басқару және көшбасшылыққа тоқталсақ.

Осы заманғы кез келген оқыту технологиясы оқу процесін ұйымдастыру кезеңінде технологияның бар мүмкіндіктерін үнемі шығармашылықпен пайдалану қажеттілігіне көңіл аударуда. Оқыту технологиясын оқыту процесін ұйымдастыру, басқару және бақылау деп түсіну керек. Алайда, әр мұғалімнің оң нәтижеге қол жеткізудегі мақсаты – заман талабына сай білімді, білікті, дүниетанымы кең, шығармашылық қабілеті дамыған жеке тұлға қалыптастыра алуы қажет.

Мақсат негізіндегі міндеттері:

  • жас ұрпақтың қабілеті мен талантын ашу;
  • шығармашылық, логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру;
  • өз алдына мақсат қою арқылы оны жүзеге асыра білу;
  • өз әрекетінің нәтижелерін бағалай білуі.

Бұл жерде мектепте жыл сайын міндетті түрде өтетін өзін-өзі басқару күндері айқын мысал бола алады. Мектептің президенті, оның көмекшілеріне (оқу секторы, спорт секторы, тазалық секторы т.б) бір күн бойына мектепті басқару табыс етіледі. Бұл жағдайда мұғалімдер қауымы мектеп тіршілігінен аластатылады. Сабақ беру де, тәртіпті қадағалау да өзі-өзі басқару комитетінен құралған «мұғалімдер қауымына» жүктеледі. Ең бастысы, оқушылар мұғалім боудың қызығы мен шыжығын байқап қана қоймай, атқарған жұмыстарының есебін береді, яки жақсы және жаман жақтарын дәйекті мысалдар келтіре отырып әңгімелейді.

Бұл орайда оқушы көшбасшы болудың жақсы да жаман жақтарымен танысып, өзіндік қорытынды жасайды, өзіне деген сенімін арттырады немесе мамандық таңдаудағы ойын басқа арнаға бұрады. Демек өзіне деген сын өседі. Мен кіммін? қолымнан не келеді? неге әуеспін? деген секілді сұрақтарға жауап іздейді.

Осы орайда  «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясының әдістерін қолдану төмендегідей нәтиже береді:

  • білім алушының белсенділігін арттыру;
  • пәнге қызығушылығын ояту;
  • өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік беру;
  • зерттеуге икемділігін дамыту;
  • сөйлесім әрекеті белсенділігін арттыру;
  • білім алушылар бір-бірімен қарым-қатынас жасай біледі;
  • басқаларды тыңдауды, кез келген жауапқа сыйластық, түсіністікпен қарауға үйретеді.

Жалпы, сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақтар қойып дәлелдерді талдайды. Қазақ әдебиеті сабағында шығарманы талдауда сын тұрғысынан ойлау технологиясын тиімді пайдалану материалды берудің ұтымды тәсілі. Мәселен, Б.Майлиннің «Айт күні» шығармасын талдау барысында шығарманың идеясын анықтау мақсатында сауалдар қоямыз. Айт қандай мейрам? Кімдер тойлайды? Адамдардың іс-әрекеттері қандай? Жағымды жауаптардан кейін «мұндай күні аштықтан адам өлуі мүмкін бе?» деген сауал тасталады. Демек, әр бала өз ойын айтып, адамдар бойындағы сараңдық, қатыгездік қасиеттердің өшпейтіндігін анықтайды. Шығарманың идеясы да осында! Адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттер уақыт талғамайтынын айта отырып, бұл күнделікті өмірде кездесетіндігін, кездескен жағдайдағы әрқайсымыздың әрекетіміз қандай болады деген сұраққа жауап іздейміз. Өз кезегінде өмірге бейімделу, өзіне сын көзбен қарау дағдысын арттырамыз.

Қазақ тілі пәнінен оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесіне мынандай тұжырымдаманы ұсынуға болады:
1.Оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу.
2. Оқушылардың алған білімдерін өмірде, кез-келген жағдайда, әлеуметтік ортада қолдана алуға үйрету;
3.Мемлекеттік тілде ауызша,жазбаша қарым-қатынас жасау;
4.Әлеуметтік талаптарына сай келу үшін оқушының ақпараттық технологияларды қолдану және проблемалардың шешімін таба алуға үйрету;
5.Оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуіне үйрету ;
6.Оқушылардың жеке бас қабілеттерін дамытуы;
7.Оқушылардың әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамытуы ;
8. Қазақ халқының салт –дәстүрі, мәдениеті, тарихын түсіну және құрметтеуге баулу.

Аталған тұжырымдамаларды сабақтан тыс өтетін іс-шараларда қолдану жоғарыда айтылған  П.Торранстың зерттеулерінің болжамының растығын дәлелдеп отыр. Гуманитарлық пәндерінің айлығында орайластыратын шаралар ұлттық салт-дәстүр, рухани құндылықтарды насихаттайтын мазмұнда өтеді. «Көкпар» , «Ақсүйек», «21 ғасыр көшбасшысы», «Зерделілер»  атты сыныптан тыс шараларда сабақ барысында назардан тыс қалып отыратын оқушылардың  әдіс-тәсілдердің тиімді қолданылуы барысында функционалдық сауаттылығының артқандығын байқадық. Бұл жерде сабақтан тыс шара болғандықтан баға қойылмау факторы да өз ролін байқатады. Оқушының ойлауында, іс-әрекетінде еркіндік, батылдық орын алады. Тілдік қарым-қатынас күшейіп, пән бойынша функционалдық сауаттылығы артады.

Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Біздің еліміздің негізгі тірегі – зияткерлік ұлт мүм­кіндігі. Сондықтан да біздің балала­ры­мыз­дың сапалы білім алуы маңызды. Оқушылардың мектепте алған білімін қоғамдық — әлеуметтік ортада пайдалануға икемдеу, олардың функционалдық сауаттылығын арттыру арқылы еліміздегі білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне басымдық берілуі тиіс. Ал мұғалімдер қауымы мектеп пен қоғамдық-әлеуметтік ортаны байланыстыратын көпір іспеттес. Сол көпірден еліміздің болашағы жігері мұқалмай, сағы сынбай, қайраты өшпей, сенімі жоғалмай, жанары жарқырап, санасы саңғырлап өтуі ұстаздардың еншісінде. Ұстаздар қауымы жүрген сара жол сарқылмасын, елдің болашағы бәсекеге қабілетті білімді, білікті болсын.

ӘДЕБИЕТ

  1. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. Астана. 2012 жылғы 25 маусым.
  2. ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы» мәселе бойынша ҚР Үкіметі отырысында сөйлеген сөзі. Астана. 2012 жылғы 11 қыркүйек.
  3. Ергешбаева. Ш.Н. «Мүдде мен мақсат – жарқын болашақтың кепілі». // Өрлеу – Шымкент №1 (7) 02.2014ж.
  4. Функциональная грамотность выпускников школ // Вершловский.С.Г., Матюшкина.М.Д.

Сондай-ақ, оқыңыз

Қазақ тілін орыс мектептерінде оқытуда рөлдік ойындардың маңызы

Ақмола облысы, Аршалы ауданы, № 2 Аршалы орта мектебі, Қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Нуртазина Білімжан …