Бүкіл қазаққа ортақ атақты тұлпар «Құлагерге» ескерткіш тұрғызу туралы үндеу:

Қазақ халқының тарихында Ақан сері мен оның атақты тұлпары «Құлагер» ерекше орын алды. Олардың тағдыры трагедияға толы. 1876 жылдың күзінде Сағынайдың асындағы дүбірлі бәйгеде бірінші болып, жеке-дара келе жатқан Құлагерге тарихта бұрын-соңды болмаған қастандық жасалды. Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар атанған Құлагеріміз қанішер Батыраштың қолынан қаза тапты, мерт болды, Ерейментаудың Құсақ көлінің тұсында мәңгілікке көз жұмды. Бұл өлім атты жақтан жақсы көретін қазақ халқының қабырғасын қайыстырып, жүрегін езіп, есеңгіретіп кетті. Өйткені Құлагердің есімі кең байтақ қазақ жеріне әйгілі болатын. Ол атқұмар ағайындардың көзайымы, қуанышы, мақтанышы еді. Халқымызда «Тұлпарға қиянат қылғанның тұқымы құриды» деген қағида бар.
Кейін Құлагерге зұлымдық жасаған Батыраш, Қотыраштар әулетімен сотталғаны – сотталып, атылғаны-атылып, өмірден жоғалып кетті.
Өкінішімізге орай, Батыраш, Қатыраштар әлі ортамызда жүр екен. Сақ болайық, ағайын!
1989 жылы сол кездегі абзал азаматтар бас қосып, бастама көтеріп Ерейментау қаласы мен Павловка селосының нақ ортасындағы дөңеске Құлагерге арнап ескерткіш орнатты. Ерекше шеберлікпен жасалып, мыс темірден құйылған Құлагер ескерткіші халыққа бірден ұнады. Оған үйлену тойының алдында жас-жұбайлар көптеп келетін. Мектеп оқушылары гүл шоқтарын қойып, ұстаздарынан тарих туралы мағлұмат алатын. Жарыс алдында атбегілер жүйріктерін әкеліп Ұлы тұлпарға тағзым жасайтын.
1996 жылдың жазында түн жамылған қара ниетті ұрылар осы әдемі ескерткішті бұзып, қиратып, белгісіз бір жаққа алып кеткен. Содан бері 12 жыл өтті. Құлагердің орыны оңырайып, бос тұр. Ұрылар ұсталған жоқ.
Сөз жоқ баршамыз, жылқыны жанымыздай жақсы көреміз, әрі өзімізді жылқы мінезді Ұлы халықтың ұрпағымыз деп санаймыз. Олай болса, бүкіл қазақ халқына ортақ әйгілі сәйгүлік, нағыз тұлпар Құлагерімізді XXI ғасырда екінші рет өлтіруге жол бермейік. Бәріміз бірлесіп, ең көрнекті жеріне Құлагерге арнап ескерткіш тұрғызайық, соған бір кісідей болып ат салысайық!!!
Бұл орайда барлық атбегілердің, шабандоздардың, бапкерлердің, бәйге жанкүйерлерінің ұсыныстарын қабыл алып ұлттық құндылықтарымызға арналған республикалық ғылыми-танымдық «Қазанат» журналы Ерейментау ауданымен, «Фолиант» баспа үйімен, ҚР Ұлттық Спорт түрлері Қауымдастығымен бірлесіп «Атақты тұлпарымыз Құлагерге ескерткіш тұрғызу» туралы республикалық Акцияны бастап отыр.
Бұл шараға кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі барлық азаматтар, атбегілер, ат мамандары, шабандоздар, көкпаршылар, сайыскерлер, ұлттық спорттың жанкүйерлері, спорт басшылары, бизнесмендер, мемлекеттік қызметкерлер, облыстардың және аудандардың әкімдері мен республикалық министрлер, кәсіпорын басшылары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазышулар, интеллигенция өкілдері ат салысып, қол үшін береді деп шын сенім білдіреміз.

Сондай-ақ, оқыңыз

Құлагерге ескерткіш орнатылды

6 маусым күні Ұлы Даламыздың атақты тұлпары Құлагерге арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Бөлісу: