Әр азамат өз туған жеріне Сәдібектей үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді – Б. Сапарбаев

Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев - www.tugel.kzАСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат – 2013 жылдың 21 тамызы күні Шығыс Қазақстан облысы орталығы Өскемен қаласының Жамбыл Жабаев атындағы драма театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, атбегі, қоғам қайраткері Сәдібек Түгелдің «Өсе бер, Өрлей бер, Шығысым!» атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті, деп хабарланды Ұлттық Ат спорты Федерациясының баспасөз қызметінен.

Өршіл ағамыздың шығармашылық кеші болашақ жастарға үлгі болды, кеш барысында театр әртістері керемет өнер көрсете білді. Олар Шығыс халқына жазушының «Асыл жиреннің киесі», «Әке өсиеті», «Қайдасың, қазағымның қазанаты?», «Астана хикаялары» т.б. жарыққа шыққан кітаптарынан қойылымдар қойды.

Сәкеңнің басты жаңалықтарының бірі кешке халықтың абзал азаматы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев бастан аяғына дейін қатысып, Сәдібек Түгелге арналған үкімет басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов пен облыс әкімдігінің құттықтауларын тапсырып, Сәкеңнің иығына шапан жапты. Ол өз сөзінде былай деді: «Әрбір азамат өзінің кіндік қаны тамған өлкеге Сәдібектей үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі кештің аты да тамаша! Осындай шығармашылық кештер көп болса деген тілегім бар. Ол кісінің әрбір еңбектерінде, мақалаларында Шығыс Қазақстанның тыныс-тіршілігі көрініс табады. Ол Шығысты газет-журналдар бетінде насихаттауда бәрімізге үлгі көрсетуде. Сондықтан бүкіл Шығыс жұртшылығы атынан қажырлы шығармашылық жұмыстары үшін Сәдібек Түгелге айтар алғысым шексіз!».

Сонымен қатар бұл кеште БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілеттігінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиұлы, белгілі кәсіпкер, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қозғалысының теңтөрағасы Марат Нәбиев, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының бірінші төрағасының орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты «Жұлдыз» журналының бас редакторы, еліміздің танымал әрі талантты ақыны Ұлықбек Есдәулет, ҚР Олимпиадалық комитет төрағасының орынбасары, танымал спорт қайраткері Құлназаров Анатолий Қожыкенұлы, танымал кинорежиссер Нұрбек Жәнібек сынды республикаға есімдері танымал тұлғалар қатысып, өздерінің жүрек жарды тілектерін айтты. Меккедегі қасиетті Қағбаның ішіне кіру бақытына ие болғанағамыз Мұрат Телебаев, белгілі кәсіпкерлер, өнер жанашырлары Марат Мұзапар, Қайрат Мусин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бастығы Баделхан Қамалбекұлы қатысып, Сәдібек Түгелдің иығына шапан жапты.

Бұл кеште 2 автокөлік сыйға тартылды: біреуін сахна төріне шыққан «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының теңтөрағасы Марат Нәбиев: «Астындағы мініп жүрген көлігін және басқа да дүниелерін ломбардқа өткізіп, Құлагерге кереметтей ескерткіш салған әлемдегі жалғыз қазақ – Сәдібек Түгел! Сонымен қатар сіздерге айта кетейін: сол Құлагер ескерткіші жанынан Ұлы Даланың тарихынан сыр шертетін, Ұлы Даланы әспеттейтін, «Ұлы Дала Даңқы мұражайы» салынады. Сол идеяның авторы – Сәдібек Түгел. Осылардың барлығы ерлік емес пе?! Осыны ескеріп, мен Сәкеңе темір тұлпар мінгіземін,»-деп темір тұлпардың кілтін табыс етті.

Ал келесі автокөлікті Сәдібек Түгелдің жерлестері әрі бауырлары мінгізді. Сөйтіп бір кеште Сәдібек Түгел 2 темір тұлпардың тізгінін ұстады. Бұл нені көрсетеді? Бұл халықтың қаламгерге деген құрметін баяндайтын шара. Кеш барысында Алматыдан арнайы келген танымал әнші, эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы және Мәскеуден келген талантты музыкант, атақты Владимир Спиваковтың дарынды шәкірті Руслан Турунтаев пене елімізге танымал музыкант Мусахан Турунтаев өз өнерлерін көрсетті.

Қорытындыласақ, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Академигі, жаңа Елордамыз – Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы, Ұлан ауданының құрметті азаматы, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қозғалысының теңтөрағасы, «Түгел Медиа» бірлестігінің басшысы, 7 республикалық журналдың бас редакторы, 12 кітаптың авторы, қоржынында 7 деректі фильм мен 1000-нан астам тамаша очерк пен публицистикалық мақалалардың авторы Сәдібек Түгел кеші дүрілдеп өтті!

«Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» демекші, С. Түгел өз шығармашылығында Шығысты жырласа, өз кезегінде жерлестері оны төбелеріне көтерді. Бұл дегеніміз, әдебиет пен мәдениеттің мәңгілік екенін білдіреді. Сөз соңында айтарымыз, ағамыздың шығармашылығы өсіп-өркендей берсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

 22 Тамыз 2013, 20:04

Сондай-ақ, оқыңыз

Жолдауға қолдау

Астана қаласында  күн сайын әр мекемеде  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы …