Астана. 12 желтоқсан. Baq.kz – Еліміздің әлемдік аренадағы беделінің артуына, бейбіт те қонақжай елімізді әлемге паш етуде үлкен үлес қосқан дарынды журналист, марқұм Әскен Нәбиев жайлы біреу білсе, біреу білмес. Тек тәуелсіз Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар, КСРО-ға еңбегі сіңген саңлақ тілші арамызда болса, ертең 90 жасқа толар еді.
Астана төріндегі «Жастар сарайында» Әскен ағамыз бен оның үзеңгілестері әрі әріптестері Владимир Гундарев, Дүкенбай Досжан, Марфуға Бектемірова, Бақтыбай Шаханов, Ербол Шаймерден, Сабыржан Шүкіров және өзге де дарынды журналистерді еске алу кеші өтті. Жиынға келген қауым марқұмдардың өнеге толы өмірінен әңгіме қозғап, туған-туыстарына құрмет көрсетті. Елімізге қалтқысыз қызмет еткен саңлақтардың рухына құрмет осылай көрсетілсе керек.
«Адамның өмірінде басына қонған теңдессіз үш байлық болады: біріншісі – дос-жараныңмен жауға қарсы атқа қону, екіншісі – ақыл-нақылға толы кітаптан нәр алып, жан дүниеңді ілім нұрымен байыту, ал үшіншісі – басыңа қонған бақ, шаңырағыңның ұйытқысы әйел азаматтың жанын түсіне білу. Міне осы үш бақыттың шәрбатын Әскен ағамыз өз өмірінде тата алды. Сталинград түбіндегі шайқаста қаланы фашистерден азат етуге қатысқан ағамыз алғашқы саптан көрінді. 18 жасқа жаңа толған қазақ баласының майдандағы өжеттілігін Сталинград жұрты әлі күнге ұмытқан жоқ. Қаладағы трактор зауытының басшысы бірде Әскен ағаға «осы соғыста жеңіске жетіп, аман-есен оралсаң, трактор сыйлаймын» деп уәде етеді. Айтқанындай-ақ болды, Совет армиясы жеңіске жетті. Қазір осы зауытқа Әскен Нәбиевтің есімін беру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді ағамыздың көзін көріп, сұхбаттас бола білген Жекен Қалиев.
Әскерден қайтқаннан кейін мектепте мұғалім, Макинск аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істейді. 1947 жылы журналистік қызметке ауысады. Облыстық және өлкелік газет редакцияларында әдеби қызметкер, меншікті тілші және бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облыстық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі қызметін атқарған.
Артында еңбектері мен елге қызмет етер ұрпақтары бар Әскен Нәбиевтің аты өшпек емес. Ағамыздың ұлы, кәсіпкер, меценат, қоғам қайраткері Марат Нәбиев бүгінде әкесінің өнегелі өмірін әрі қарай жалғап, өнер адамдары мен журналистер қауымына қолдау көрсетіп келеді.
Ғабит ҚАРАБАЙ