Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы не білеміз…

Елімізде мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастаған. Медициналық сақтандыру қорында жиналған 

қаражат ел тұрғындарының тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады.      Аталмыш реформа төңірегінде халықтың көкейінде түсініксіз сауалдар өте көп. Сондай бірнеше сұрақтарға жауап беруді жөн көрген едік. Сауалдарымызға, Астана қаласы ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының бас дәргері Абдраимов Сабит Бекмағанбетұлы жауап берді.

– Еліміздде медициналық сақтандыру жүйесін енгізу реформасының жүзеге асырылу мерзіміне не себепті өзгертулер енгізілді?

– Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Яғни қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттің басым ролі арқылы халықтың барлық санатының, бизнестің, азаматтың өзінің сақтандыру жарналары мен аударымдарын төлеуге міндеттей отырып өз ара ынтымақты түрде жүзеге асатын жоба. Барлық сақтандырылған азаматтардың медициналық қызметтер көрсету пакетіне тең дәрежеде қолжетімділігі «әркімнен мүмкіндігіне қарай» және «әркімге қажетіне қарай» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

 

Мұнда арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуға болады. Алайда реформаны жүзеге асыр барысында көптеген қиыншылықтар да туындауда.Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударады. Ал ерісінше белгілі бір ресми табыстары жоқ, салық пен әлеуметтік жарна төлемейтін адамдар тұрғындардың біршама бөлігін – 2,7 құрайды, яғни олар формальды экономикадан тыс қалған.  Осы сияқты мәселелерді қарастыр отырып ҚР Парламенті палаталарының 2017 жылғы 4 қыркүйектегі бірлескен отырысында Мемлекет басшысы еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту үшін медициналық сақтандыру жүйесінің прогрессивтілігін айта келе, ҚР Үкіметіне денсаулық сақтау саласын реформалау қадамдарын қайта қарап, сақтандыру медицинасына азаматтардың барлық санаттарының тең дәрежеде (әділетті) қатысуын қамтамасыз етуді тапсырып отыр.  Сонымен бірге, Үкімет алдына халықтың өзін-өзі өнімсіз қамтамасыз ететін тобын ел экономикасына тарту, бизнестің және  мемлекеттің жүктемелерін азайту, Қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін  қажетті резервтерді қалыптастыру бойынша жалпыға бірдей тиімді шараларды зерделеп,  жасау керектігін айтып отыр.

– Аталмыш жүйені жүзеге асыруда қандай заңнамалық өзгерістер қарастырылуда?

– Қазіргі уақытта Парламентте заңнамаға өзгертулер енгізілуде, яғни аталмыш реформаның қолданысқа ену  мерзімін кейінге шегеруді, АҚС шарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар үшін жарна мөлшерін өзгертуді, жұмыс берушілерден басқа барлық санаттағылардың жарна төлеу уақытын кейінгі шегеруді қарастыратын бірқатар түзетулер енгізу мәселелері талқылануда. Атап айтар болсақ аталған түзетулер:

1)  МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 1 қаңтарына  ауыстырылады;

2) Сақтандырылмаған тұрғындар үшін мемлекет есебінен қажетті медициналық көмек көрсету көлемі (КТМКК) 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін сақталады;

3) МӘМС жүйесіне мемлекеттің  жеңілдік санатындағы тұрғындар үшін төлейтін жарна төлемдерінің және жеке тұлғалардың (жалдамалы жұмыскерлер, өзін-өзі қамтушылар, оның ішінде ЖК, АҚС) жарна төлеу мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылады;

4) Жұмыс берушілер ӘМСҚ-на 1-1,5% мөлшерінде жарна аударуды 2020 жылға дейін жалғастыра береді;

5) АҚС шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалардың жарна мөлшері (жарна есептеу объектісінен)  5%-дан 1%-ға дейін азайтылады.

6) Аударымдар мен жарналарды есептеу үшін ең төменгі шек (1 ЕТЖ) алынып тасталады.

7) МӘМС жүйесіндегі «Үкімет – азаматтар үшін» МК қызметі мемлекеттік монополияға жатқызылады.

– Халықтың өзін-өзі қамтамасыз ететін санатын ел экономикасына, сәйкесінше МӘМС жүйесіне тарту мәселесі қалай шешіледі?

– Осы өтпелі кезеңде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыстар мен Алматы, Астана қалаларының әкімдіктері, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар халықтың өзін-өзі  қамтамасыз ететін санатын рәсімдеу және оларды ел экономикасына, сәйкесінше МӘМС жүйесіне тарту шараларымен айналысады. Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни, қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Ал болашақта осындай жеңілдік санатындағы тұрғындар мен жеке тұлғалардың (жалдамалы жұмыскерлер, өзін-өзі қамтушылар) жарна төлеу мерзімін 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылуы  бірінші кезекке қойып отыр.  Яғни әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға медициналық қызмет көрсету мерзімін 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бекітуді ұсынуда.

Осы мерізімге дейін Денсаулық сақтау министрлігі жауапты органдармен бірлесіп, тұрғындардың барлық санаттарын анықтай отырып оларды ортақ деректер қорына енгізіп, яғни бірыңғай деректер қорында «цифрлау» жұмыстарын жүргізіп бітеді.

-Ал аталмыш жүйе толық енгізілгенге дейінгі аралықта тұрғындарға медициналық көмек қалай көрсетіледі?

-2018-2019 жылдар аралығында ҚР барлық санаттағы азаматтарына және оралмандарына бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдірілген көлемінің шеңберінде медициналық көмек көрсетіледі.Осыған орай, азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің бірнеше пакеті белгіленіп отыр: жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулар, амбулаториялық емханалық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, кеңес беру – диагнстикалық көмек, амбулаториялық емдік көмек, шұғыл және жоспарлы стационарлық көмек, төтенше жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек, жаппай егу секілді бірқатар қызмет түрлері жатады.

Ал жоғарыда айтып өткендей 2020 жылдан бастап МӘМС енгізілуіне байланысты КТМКК пакетін оңтайландыру арқылы бөлінетін бюджет қаражаты, басымдылығы төмен медициналық қызметтердің жекелеген түрлерін лимиттеу және сәйкес тарифтер қалыптастыру деңгейіне дейінгі мемлекет міндеттерінің нақты жобасы айқындалатын болады.

КТМКК-ға кірмейтін қызметтерді тұрғындар МӘМС аясында, немесе өздігінен төлем жасау арқылы, немесе ерікті медициналық сақтандыру (бұдан әрі – ЕМС) арқылы  ала алады. Сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктің ең төменгі қажетті көлемін қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған тұрғындарға 2022 жылға дейін оңтайландырылған КТМКК бойынша медициналық көмек көрсету жоспарлануда.

МӘМС қатысушылары 2020 жылдан бастап кеңейтілген қызметтер пакетін ала алады, аталған медициналық қызметтерді қаржыландыруға бірыңғай ӘМСҚ-на жинақталған қаражаттан жұмсалады.

Бұл жағдай өздігінен жарна төлейтін сақтандырылмаған азаматтарды да айтарлықтай ынталандырып, олардың сақтандырылғандар санатына (медициналық сақтандыру жүйесіне) өтуіне ықпал етеді деген ойдамыз.

Осылайша, 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін аталмыш жүйеге толық өтіп бітуіміз үшін мемлекет тарапынан тұрғындарға қажетті жағдайдың барлығы жасалады.

-Денсаулық сақтау саласында алдағы екі жылда қандай жүйелі шаралар жүзеге асырылмақ?

-Біріншіден жоғарыда айтып өткендей кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) мен тариф саясаты жетілдіріледі.

Денсаулық сақтау жүйесіне бизнес-үдерістердің автоматтандырылуын, шығындардың ашықтығын қамтамасыз ететін  қажетті «цифрландыру» жүргізіледі, ол өз кезегінде жаңа тарифтік саясат жасақтап, саланың қаржыландыру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден осы жүйе арқылы жекеменшік ауруханалар мен мемлекеттік ауруханалар арасында бәсекелестік орнайтыны рас. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені таңдай алады. Тек сол мекеме МӘМС жүйесінде жұмыс жасауы қажет. Осы арқылы жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсетуі қалай болса, өзіне емделушілердің келуі үшін мемлекеттік ауруханалар да қызмет сапасын арттыратын болады. Атап айтар болсақ  әкімшілік кедергілерді азайту, бақылау-қадағалау қызметтері мен тексерістерді қысқарту;

− денсаулық сақтау объектілерін сенімді басқаруды және оларды жекешелендіруді,  МЖС ынталандыру.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамытудың бірыңғай келешектегі жоспары әзірлене бастады, соған сәйкес  дарасалалы ұйымдар көпсалалы ұйымдарға интеграцияланады, серіктестіктер және акционерлік қоғамдар болып қайта құрылып, одан кейін сенімді басқаруға жіберілуі немесе жекешелендірілуі мүмкін.   Бұл әкімшілік шығындарды азайтып, бірізділіктің жақсаруын және медициналық көмек сапасының арттырылуын қамтамасыз етеді.

Мұндай құрылымдық реформалардың нәтижесінде денсаулық сақтау объектілерінің нарықтық жағдайда жұмыс жасауға дайын, жинақталған желісі қалыптасады. Жекеменшік медициналық ұйымдардың МӘМС аясында қаржыландырылу үлесі 2017 жылғы 7 %-дан 2025 жылы 33%-ға артады.

Үшінші. Жекеменшік сақтандыруды дамыту. Ерікті медициналық сақтандыру (бұдан әрі – ЕМС) секторын дамыту үдерісі сақталуда. КТМКК оңтайландырылған тізбесі мен баламалы тарифтік саясат МЖС, жекеменшік медицинаның және ЕМС-дың одан әрі дамуына жол ашады. Бұл ЕМС-дың МӘМС жүйесіне бірігуіне, медициналық ұйымдар арасында жаңа қаржыландыру көзі үшін бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде медициналық қызмет сапасына оң әсер етеді.

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтпелі кезеңде қандай қызмет атқармақ? ӘМСҚ қызметінің ашықтығын бақылау қалай жүзеге асырылмақ?

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қор КТМКК операторы (медициналық қызметтер үшін бірыңғай ақы төлеуші) болады. Бұл медициналық қызметтердің жоспарлау, сатып алу, сапасын бақылау және ақы төлеу тетіктерін жасауға, сондай-ақ төлемдік ақпараттық жүйе жұмысын жолға қоюға, жаңа тарифтік саясатты енгізуге мүмкіндік береді. Аталған шаралар МӘМС шарттары бойынша Қордың 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуге толық дайын  болуын қамтамасыз етеді.

Жұмыс берушілерден жарна жинау үдерісін сақтау ұсынылатын өтпелі кезең, бір жағынан, медициналық сақтандыруға көшуде денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті қаражатты жинақтауға және жеткілікті медициналық қызмет пакеті арқылы сақтандырылатындығына сенімді болуға мүмкіндік береді. Жиналған қаржының бір бөлігі Ұлттық банк талап еткен Қордың тұрақтылығын қамтамасыз ететін қор резервін қамтиды. Қалған ақша МӘМС аясында сақтандырылғандар үшін медициналық қызметтер пакетін кеңейтуге жұмсалады.

Қазіргі уақытта «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-на түсіп жатқан жарналар мен аударымдар ҚР Ұлттық банкіндегі шоттарда сақталады, яғни медициналық қызметтерге ақы төлеу басталғанға дейін қаржының толық сақталатынына кепілдік береді.

Реформалау барысы мен МӘМС жетілдіру шараларын бақылау мақсатында ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің жанынан «Атамекен» ҰКП, басқа да ҮЕҰ мен денсаулық сақтау саласындағы сарапшылардың қатысуымен, тұрақты жұмыс істейтін МӘМС енгіу жөніндегі комиссия құрылатын болады.

Бақытгүл САЛИ.

Сондай-ақ, оқыңыз

Целиноград-озат аудан!

Ауданға 90 жыл толады 1928-2018 Желтоқсан айының соңғы күндерінде бір жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы …