«Менің мақсатым – ұлттық спортымызды көтеру»

«Атбегілік – асыл өнер» кітабынан үзінді.

«Менің мақсатым – ұлттық спортымызды көтеру»

Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары болып табылады деп есептейміз. Ұлттық спорттың мың жылдық тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қамшыгерлік, саяткерлік, түйе жарыс – желмая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мың өліп, мың тіріліп» келеді.
Ел егемендігі, Тәуелсіздігіміз және ұлттық спорт түрлерінің жанашырларының арқасында осы 90-шы жылдардың ортасында Ұлттық Ат Спорт Федерациясы дүниеге келді.
Ұлы Дала өркениетінің темірқазығы болып саналатын – Ұлттық ат ойындары өнеріне, Ұлттық спорттың өркендеуіне арнап жүрген жандармыз. Сондықтан да әрқашан мына сұрақтарға жауап іздейміз: бірінші – «Біз кімбіз?!», «Біз қайда барамыз?!», «Ұлттық ойындарының Бәйге, Аламан бәйге, Қазақ күресі, Тай жарыс, Түйе жарыс, Тоқ бәйге, Жорға жарыстары, Көкпар, Аударыспақ, Қыз қуу, Теңге алу, Жекпе-жек, Бес қару, Жұдырықтасу, Сайыстардың болашағы қандай?!»
Соңғы жылдары қатарымызға көптеген талапты жастар қосылды. Олармен де ой бөлісу, тарихтан сыр шерту біздер, аға буындардың парызы.
Туған тарихына 5 мың жыл болғандар тек римдіктер, гректер, жапондықтар, қытайларға ғана емес, біздер қазақтарда тарих тамырын тереңге жайған, келешек ұрпаққа мол, ғажап мұра қалдырған ұлт.
Біз кімбіз – дегенде, біз Алтайдан – Атырауға, Алатаудан – Ұлытауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді мекендеуші – Ұлы қазақ халқының ұлдарымыз деуіміз қажет.
Ал, қазақ болу бір де, нағыз қазақ бола білу – бөлек дүние. Нағыз қазақ бола білу – еліңді, жеріңді сүю, ата-бабаң сияқты бойыңдағы жаныңды берсеңде – жеріңді бермеу, салт-дәстүріңді, туған тіліңді, дініңді, діліңді сақтау деп білемін.
Ал, өткен ғасырларда өмір сүрген нағыз қазақтар Аламан, Тоқ, Жорға, Құнан, Тай бәйгелерді, Көкпар, Сайыс, Аударыспақ, Қыз қуу, Теңге алу, Тоғызқұмалақ, Қазақ күресі, «Жекпе-жек» тағы басқа ұлттық ат ойындарын осынау баға жетпес асыл мұраны сақтап, бізге аманат ретінде тапсырып кетті. Олар біздің – Ата-бабаларымыз!!!
Ал, біз болсақ, сол ата-бабалардың салт-дәстүрін, асыл қазынасын, одан әрі жалғастырушы ұрпақтардың өкілдеріміз.
Өйткені, бәріміз ұлттық ат спортының, ат ойындарының өсіп-өркендеуіне үлес қосып, өмірімізді соған арнап жүрген жандарымыз.
Ұлттық спорттың тек, екі мың жылдық тарихына шолу жасайық.
Ұлттық спортымыз – екі мың жылдық тарихында – менің зерттеуімде 4-кезеңді бастан кешіріп отыр.
1. Бірінші кезең: Дәуіріміздің 6-шы ғасырынан – 17 ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты,Дешті –Қыпшақ хандығы Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы. Бұл – 11 ғасырға созылған көшпенділер – спортының қалыптасу кезеңі.
2. Екінші кезең: Ресей Империясының қарамағында бодан болған тұсымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы. Толық 19 ғасыр мен 20 ғасырдың басына дейін – 317 жыл. Байтал түгіл – бас қайғы болған заман.
3. Үшінші кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер Одағы тарағанға дейін-74 жыл аралығы. Ұлттық спорттың көлеңкеде дамуы.
4. Төртінші кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16-шы желтоқсаннан бүгінге дейінгі аралық.
Құдайға шүкір – Тәуелсіздігіміздің арқасында 25 жылда біршама жұмыстар атқарылды.
Ұлттық Спорттың айы оңынан туып, жұлдызы жарқырай бастады. Оның айқын дәлелі – ұлттық спорт түрлерінің кең тарауы.
1999 жылдың 7 сәуірінде – Қайрат Сатыбалдыұлы бауырымыз бастап ҚР Ұлттық Ат Спорты Федерациясының 1-съезін өткізіп, Юстиция Министрлігінен заңды тіркеуден өттік. Нәтижесінде ұлттық спорт заңдылық күшке ие болды. Бұл үлкен нәтиже болатын. Қатарынан ұлттық спортқа арналған 2-съез, 10 конференциясын, 15 кеңейтілген кеңесін өткіздік. Ұлттық Спорт Түрлерінен көптеген халықаралық, республикалық деңгейде жарыстар өткіздік. Соның ішінде – 1999 жылғы Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық Ат спортынан тұңғыш Фестивалі, көкпардан – Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясын құруымыз, Ұлттық Спорттан президент Кубогі, Президент жүлдесіне арналған халық ойындары, Ұлы Аламан жарысы, Халықаралық «Жекпе-жек» жарысы, қазақша күрестен, тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты, ұлттық ойындардан «Еуразия» Кубогіне арналған жарыстар. Бүркітшілердің Лондондағы тарихи жеңісі. «Қазанат» журналының «Ұлттық спорттың үздіктері» атты республикалық байқауы.
2006 жылдың 22 наурызында Түркияның Стамбул қаласында «Қазанат» кітап-энциклопедиясы басылып жарыққа шықты. Бұл шығарма бірден қалың оқырмандарды баурап алды. Үш жылда үш мәрте басылды. Әлемдік аренаға шықты.
«Қазанат» кітап-энциклопедиясы ТМД-ның Москва қаласында өткен «Кітап өнері» халықаралық байқауында бірінші орыналды, ал, 2006 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ең үздік кітап болып танылды. Оның үстінде даңқты бабаларымыз – Қабанбай, Қарасай, Ағынтай, Сүйінбай, Темір бабаларымыз кесенелерін салуымыз.
Осылай тізе берсем ауыз толтырып айтар жеңістер, жетістіктер көп. «Жақсының – жақсылығын айт» – нұры тасысын деген.
Осы тұста облыстардың атқарған жұмыстарына тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Сонымен, 2010 жылы – Ақмола облысында жылқы шаруашылығы мен ат спортына қатысты тарихи оқиға болды. Ол – 19 ғасырдың 70 жылдары – 12 аламан бәйгеде алдына қара салмаған, мың жылда бір туатын, Ұлы даланың Даңқты тұлпары Құлагерге ескерткіш салу және осы Құлагерге арналған өткізілген ат бәйгесі. Оған – 300 дей бәйге аттары қатысты. Жарыс жоғары деңгейде өткізілді. Келесі облысымыз – Алматы облысы. Алматы облысы ежелден –ат бәйгесінің отаны болып келеді. Біз, Алматы облысын айтсақ – екі брендті айтамыз. Олар – атақты Көкбастау ат шабары мен жүйрік атбегі Орынтай Әмірғалиев бауырымыз. Орынтайға серік азаматтар: Нұрлан Төлеуов, Ертілеу Сатыбалдиев, Нұрлан Жылқыбаев, Берік Деңгелбаевтар және басқалар белсенділік көрсетуде.
Атырауда – іскер атбегі, Парасатты ағамыз Өнербек Жанбала жақсы істерімен ел құрметіне бөленуде. Бірақ мысал – атыраулық бүркітші – Еділ Оразов Бағдат Мүлтекеқызы ұйымдастырған республикалық турнирдің жеңімпазы атанды. Бұл облыста бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, қыз қуу, аударыспақ ойындары жақсы жолға қойылған.
Ақтөбе облысы – Аманқос Дербісалин бауырымыз бар. Қазір Аманқос көкпарды жақсы ұйымдастыруда. Ақтөбеде –түйе жарысы, бүркітшілік, бәйге, қазақ күресіне зор көңіл бөлінуде.
Жомарт Маймақов секілді азаматтарға тек алғыс айтамыз.
Бәйге Батыс Қазақстан облысында ұлттық спорт түрлері қанатын кеңге жаюда. Онда ұлттық спортқа зор көңіл бөлетін мәрт азамат бар. Ол спорт – басқармасының бастығы – Мүслім Ондағанов.
Облыс атбегілері – Тахамбетов Нұрлан, Аманжол Қадырбеков және басқалар белсенділік көрсетіп жүр.
Жамбыл облысы туралы айтсақ. Жамбыл облысында халқымыздың Ұлы перзенті, қолбасшы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 2014 жылы 100 жылдығына арналған спорт түрлерінің халықаралық жарыс болып өтті.
Тараздық көкпаршылар – еліміздің алты дүркін чемпиондары. Бұл жерде – мына бауырлар Тлебарыс Нұрлыбек, Артық Екежанов, Нұрдаулет Момынов, Бақыт Байдауленов, тағы басқалардың еңбектерін атап өткен дұрыс.
Қарағанды облысы
Ұлттық спорт түрлері бұл облыстан да дайын, өсіп келеді. Қарағандылық – Біржан, Бейбіт, Қайыржан, Асхат бастаған бауырлар ұлттық Спорты өркендетуде күш-жігерлерін аямайды деп білемін.
Қостанай облысы десек – Нәбидолла Кикебаев пен Ораз Сейдахмет Әуезді, Әбіл Қожапов, Шақан Нұрғалиевтерді айтамыз. Олар көп еңбек жасауда.
Қызылорда облысында ұлттық ат ойындары және тоғызқұмалақ, қазақ күрестері жақсы жолға қойылған. Бұл жерде –облыс спортының лидері – Мұстафаев Сыдық Шоңмұрынұлын ерекше айтып өтеміз.
Маңғыстау облысы. Балалар ат спорты жақсы өркендеуде. «Тай жарысы» жоғары деңгейде өткізілді. Жорға жарыстары, ат бәйгелері де жүйелі түрде өтеді. Тай жарысын жақсы ұйымдастырған Раушания Елизароваға, Виктор Кабзевқа, Сергей Похомовқа алғыс білдіреміз.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Таяуда шымкенттік бауырлар сенсациялық жарыс ұйымдастырды. Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың турниріне –Моңғолия, Қытай, Ресей, Тәжік, Өзбекстан, Қырғыз кокпаршылары қатысты. Бұл жарысты ұйымдастырған – Нұрмахан Жолдасов, Ғани Ахматбаев, Қуан Құрымов, Нұрлан Қыдырбай, Жамал Тұрытбеков, Шоқан Әбдіқалықовтарға ризашылығымды білдіреміз.
Павлодар облысы.
Павлодар облысының атбегісі Қанат Жабағин Павлодар облысы педогогикалық институның ректоры, профессор, Нурмаганбетов Жанмырза Омарұлы, атбегі Жұмабек Мейрамғалиевтар биыл үлгі көрсетті. Олар ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Қанат Жабағин –ипподром салды.
Солтүстік Қазақстан облысында бәйге жақсы жолға қойылған. Олар бірнеше жарыстардың ұйытқысы болды. Бақтияр Беқожанов, Нұрлан Дауешов, Григорий Матюх, Сабыржан Әбілтаев, Рамазан Махатов, Тлеужанов, Құсбеков сынды азаматтарға көп рахмет!Ұлттық ат ойындарын кеңінен насихаттауымыз қажет. 2007 жылдың 28 мамыры күні Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев:- «Ежелден сәйгүлік баптаған елдің ұрпағымыз. Еліміз егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қаны бар азаматтардың қолына көшті. «Замана желімен жарысқан – Қазанат» журналы ұлттық спортты, соның ішінде, жылқы шаруашылығы мен ат спортының дамуына баса зер салады деп ойлаймын. Іске сәт жігіттер!» — деп біздің алдымызға зор міндеттер қойды. Оны орындау біздің абыройлы борышымыз болып саналады. Сол салада аз да болса тер төгіп жүрген жайымыз бар. Тек биылғы жылда еліміздің ондаған ауылдары мен аудан, қала және облыстарында болып ат бәйгелерін өткіздік. Сөз соңында айтарым, Ұлы даламыз тұлпарлардың дүбіріне, шаңырақтрымыз- кішкентай сәбилердің күлкісіне толсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бірлігіміз нығая берсін!

Сәдібек Түгел-ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-атбегі

Сондай-ақ, оқыңыз

Жолдауға қолдау

Астана қаласында  күн сайын әр мекемеде  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы …