«Құлагер» тұғырға қайта қонады

«Нұр Астана» 04.12.2008

Ескерткіш қою жағынан ешкімге есеміз кетпепті. Ұлт тұлғаларын ұлықтау өз алдына, қазаққа еш қатысы жоқ, тіпті оның тарихымен мүлдем жолы түйісіп көрмеген жандардың да жансыз бейнесін тастан қашаттырып, көшелерге шығардық. Ел үшін еңбегі сіңгендерді де, сіңбегендерді де елеп-ескердік. Тізесі батқандарға да тастұғыр орнаттық емес пе?! Атына тіліміз келмейтін адамдарды да «ардақ тұтқанымыз» күні кеше ғана-тұғын. Неге? Құдай-ау, қазаққа қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын Чарли Чаплинді Қостанайдың қақ төріне апарып «қонжитқаннан» не ұттық? Алатаудың бауырынан «Битлзге» де орын босаттық. Айта берсең ауыз ауырады. Жалпы адамзат игілігі үшін дейсіз ғой… Дегенмен, ұлттық құндылықтарды да ұмытпауымыз керек емес пе? Мәселен, бар қазақтың ортақ тұлпары саналатын «Қазанатқа» ескерткішіміз қайда? Болған дерсіз. Болмаған дерсіз.
Қалай десек те, тұлпардың тағдыры трагедияға толы екен… Сөзіміз дәлелді шығу үшін там-тұмдап тарихты тарқатып көрсек:
…1876 жылдың күзінде Сарыарқаның сауырындағы Құсақ көлінің маңайында атақты Сағынай байға дүркіретіп ас беріледі. Артынан аламандатып ат шаптырады. Дабыры жер жарған бұл дүбірге тұяғы тозбаған тұлпар атаулы түгел жиылады. Делебе қоздырар мынандай додадан қос құлағын қайшылаған Құлагер қалушы ма еді? Ат біткеннің алдында атқан жебедей ағып келе жатқан арғымақтың қақ маңдайына Батыраш сілтеген айбалта тиіп, оқыста мерт болады. Құлагердің қу басын құшақтап, аңырап қалған Ақан бабамыз ажал құшқан атын әніне арқау етеді. Бала күнімізде бас алмай оқыған «Құлагер» оқиғаны осылай баян етуші еді. Бақсақ, бұл басы ғана екен…
Кейіннен, нақтылай түссек, 1996 жылы Құлагерге қайта қастандық жасалады. Бұл жайтты біреулер білер, бәлкім, білмес те… Енді осылай қарай ойыссақ:
…Ерейменнің бауырында елім деген ер жігіттер тізе қосып, еңселі бір ескерткіш орнатуға бел буады. Бұл – Кеңес Одағының кәрі кетіңкіремеген 1989 жыл еді. Өйткені, Құлагер – жылқының жалынан жаралдық деп жүрген жұртымыздың негізгі символы айналып кеткен сіңісті ұғым болатын. Құйғыта шапқан Құлагердің тарамыстай тартылған тас бейнесі тұғырға қонғанда, қуанбаған қазақ кемде-кем шығар. Сонадайдан менмұндалап зорайған зәулім мүсін кім-кімге де ыстық көрінуші еді. Үйлену тойының алдында жас жұбайлар келіп осы жерде үміттерін үкілейтін. Шәкірттер гүл шоқтарын қойып, сол арада ұстаздар дәрістерін оқитын. Жарыс алдында атбегілер жүйріктерін жетектеп, ұлы тұлпарға тәу етуді әдетке айналдырып еді.
Сөйтіп жеті жыл бойы жұрт жиылатын киелі жерге айналып үлгерген мекеннің бір-ақ түннің ішінде астаң-кестеңі шығады. «Батекеңнің» вандалист бауырлары қараңғы түнде Құлагерді құлатып, мыстан құйылған мүсінді «жіліктеп», әлдебір жаққа жөнелтіп жібереді. Содан хабар жоқ. Ұрылар да ұсталмай кеткен көрінеді. Ал, орғыған аттың орны опырайып бос қалады.
Қазақта «Тұлпарға қиянат қылғанның тұқымы құриды» деген қағида бар. Құлагердің басын жұтқан Батыраш пен Қотыраштардан өрген ұрпақтың өмірде көрген жақсылықтары аз болған деседі жұрт.
Одан бері де он екі жыл өтті. Көзден кеткен ескерткіш елдің есінен де шығып кетті. Жас балалар ол жерде Құлагердің мүсіні болғанын да білмеулері мүмкін.
Дәл осы шақта «арғымағымызға арнап бір белгі қоя алмасақ қазақтығымызға сын емес пе?!» деген азаматтар шыға бастады. Негізінен бұл идеяның авторы – белгілі атбегі, ұлтжанды азамат Сәдібек Түгел мырза. Ол кісінің игі бастамасын көпшілік қауым қолдап отыр. Қалталы кәсіпкерлерден бастап ауылдың қарапайым азаматтарына дейін. Өзі басқарып отырған «Қазанат» журналы да осы шараларға мұрындық болып, арнайы акцияны бастап кетті. Қалғанына уақыт төреші…
Міне, осындай Алаштың аймаңдай азаматтары аман тұрса, тас мүсін әлі-ақ өз тұғырына қайта қонар. Үзіліп қалған үрдістер қайта жалғасар. Тек балтасы күнге шағылысқан Батыраш бабамыздың бүгінгі ұрпақтарының бұл жолы да ойы бұзылып жүрмесе болғаны…

Амангелді АЛДОҢҒАРҰЛЫ
Нұр Астана 04.12.2008

Бөлісу:

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …