ҚОС ТАҒДЫР

Целиноград ауданы,

Ақмол ауылы,

 Серік АЛЛАЖАРҰЛЫ.

 (Деректі әңгіме)

Өз үйінде бақытты адам ғана – шын бақытты.

Кез келген адам өмірге бақытты болу үшін келеді. Сол бақытқа жету үшін қиындықтармен күресіп, тырбанып тіршілік жасайды. Адам арман жетегінде жүріп ержетеді. Ер адам өмірден өз орнын табу үшін, өзін тұлға ретінде танытуға серік болуы үшін ақылды жар іздейді. Жүз қызға қызығасың, сөз айтуың мүмкін. Бірақ тек ішінен біреуін ғана таңдайсың…

Үйлену үлкен өмірдің баспалдағы…  Нұржан көпбалалы, берекелі шаңырақта өсті. Ата-бабаларының туған жері Омбы жерінен. 1954 жылдары әке-шешесі Ақмола өңіріне қоныс аударған екен. Өзінен үлкен апасынан кейін туған Нұржан еркін де өжет болып өсті. Әкесі механизатор, шешесі үй шаруасында. Тың және тыңайған жерлерді игеруге өз үлесін қосып, 41 жыл тапжылмай еңбек еткен әке еңбекқорлығы арқасында өзінен туған бес ұл, бес қызды ештеңеден тарықтырмай өсіріп жеткізді. Ауылында онжылдық мектепті қазақша аяқтаған Нұржан сол жылы күзде әскери міндетін өтеуге аттанды. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келген азамат еліне оралды. Еңбекқор әкеден үйренгені көп Нұржан бос селтеңдеп жүріп алмай туған ауылында алғашқыда электрмен дәнекерлеушінің көмекшісі кейін өзі жеке дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүрді. Жұмысына тыңғылықты алғыр жігіт қызыға қарайтын бойжеткендер де аз емес еді. Албырт жастық кімді қауіп-қатерге ұшыратпаған. Көрші ауылдағы үйлену тойына шақырылған Нұржан бұның соңы немен тынарын қайдан білсін?! Тойға келген бөгде азаматтың еркін жүріс-тұрысы ұнамаған ауылдың 5-6 жігіті оны сабасына түсіргісі келіп сыртқа шақырды. Бұның соңы үлкен төбелеске айналды. Көз көгерді, мұрын да қанады. Бірақ  топ жігіт қоя ма, жаны қасылған Нұржан тіпті болмай бара жатқан соң, бәрін бастаушы жанжалды ұйымдастырған басшысының санына қалтасында жүрген кішкентай бәкіні сұғып алды. Айқай-шуды естіген көпшілік төбелесушілерді айырып алды. Амал не бәрі де кеш еді. Іске полиция араласып Нұржанды уақытша тергеу изоляторына қамады. Іс насырға шауып, пышақталған жігіттің полицияда қызмет ететін ағасы Нұржанды екі жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығартты. Сөйтіп небары жиырма жасында жас жігіт сотталып кете барды. Бірақ намысқой жігіт ол жақтан да аман-есен оралды. Нұржанның отбасын, өзінің де еңбекқорлығын білетін кеңшар басшылығы оны өз орнына қайтадан жұмысқа алды. Басына түскен қиындыққа мойымаған жас жігіт өзіне жүктелген жұмысты адал атқарды. Табиғат заңы, өзіне лайық жар іздеген Нұржан ақыры өзі армандағандай қызды да кездестіреді. Тағдыр ғой, сол өзі бейнетке ұшыраған көрші ауылдың қызы. Әкесі мектеп басшысы, шешесі де сонда қызмет атқарады, әлді де ауқатты отбасы. Бес баланың қыздан үлкені Айжан мұғалімдер институтында сырттай оқиды, әрі сол мектепте ұстаз. Ұзын бойла, салмақты, сымбатты жігітті қыз да қатты ұнатты. Нұржанның басынан өткен жағдайды жақсы білетін қыз, ештеңеге қарамады. Жас болса да өмір көріп келген Нұржан, өзінің өткен өмірін білетін, болашағына сенетін, ал қазіргі уақытта өзін осы қалпында қабылдаған Айжанның нағыз жан серігі болатынына әбден сенген еді. Көп уақыт өтпей өмірлерін бірге өткізуге серттесіп, үйленуге бел байлады. Қазақтың салт-дәстүрлері бойынша жігіт жағынан қыз ауылына құдалар да атанды. Ауылдың атқамінерлерінің бірі, өздерін интеллигентпіз деп санайтын қыздың әке-шешесі бұл құдалыққа бірден қарсы болды. Қарапайым тракторшының баласы, жоғары білімі жоқ, әрі сотталып келген бала біздің қызымызға тең емес деп кергіді. Араға үлкендер түсіп, екі жақты қанша келістірейін десе де өркөкірек әке келісімін бермей қойды. Салы суға кеткен жігіттің туыстары ауылдарына қайтты. Бұны естіген Нұржан, қыздың өзіне сенімді екенін білген соң Айжанды ретін тауып алып қашты. Іле-шала қуып келген қыз туыстары Айжанның өз еркімен келдім деген сөзінен кейін маңдайлары тасқа тигендей болды. Сонымен бірін-бірі сүйген жігіт пен қыздың той өте жақсы деңгейде өтіп, әке – шеше де мұратына жеткендей еді. Амал не, тойға қалыңдықтың құрбы достарынан басқа, туған туыстарынан ешкім де қатыспады. Той өтіп, абыр-сабыр басылған соң көп ойлаған Нұржан әке-шешесіне өз байламын айтты. Құдаларының жайын көріп отырсыңдар, көздеріне күйік болмай Айжан екеуіміз күйік болмай облыс орталығына кетейік, өз күнімізді өзіміз көрейік. Сіздерге енді ұят келтірмеуге тырысамын, бізге рұқсаттарыңызды беріңдер деді. Көпті көрген ата-ана бұған қарсы болмай екі жасқа баталарын берді. Облыс орталығына келген соң Нұржан зауытқа дәнекерлеуші, ал Айжан жоғары оқу орнына қызметке тұрды. Алғашқы кезде пәтер жалдап тұрған жастарға зауыт басшылығы жатақханадан екі бөлме де берді. Бұған Нұржанның еңбекқорлығы, елгезектігі де себеп болса керек. Арада зымырап он жыл өтті. Одақ тарап кәсіпорындар, жатақханалар бәрі жеке меншікке көшті. Өз ортасында абыройлы азамат еш қиындықсыз жатақханадағы екі бөлмесін жекешелендіріп алды. Құжаты қолына тиісімен оны тез арада сатып, еліне қоныс аударған, өзімен бірге жұмыс істеген орыс азаматының қала шетіндегі бес бөлмелі үйін, бау-бақша, қора-қопсысымен сатып алды. Сөйтіп өмірде Нұржан мен Айжан біраз нәтижеге қол жеткізсе де, іштерінде рухани үлкен күйзеліс бар еді. Ол он жыл отбасылық құрса да араларында дәнекер бір сәби жоқтығы. Сүйіп қосылған ерлі-зайыптылар бір-бірінің көңіліне қарап, бұл қиналыстарын білдірмеуге тырысатын. Бірақ көрініп тұрған нәрсені бәрібір жасыра алмайсың, дағарадай кең үйден сәби үні естілмеуі екеуін де қатты күйзелтті. Оның үстіне үйлеріне қонаққа келген туыстарының, достарының кішкентай балаларына да қатты қызығады. Кей күндері жарына білдірмей Айжанның түні бойы көз ілмей, жылайтын кездері де көп. Ерлі-зайыптылар дәрігерлерге де қаралды, үміт бар, күтіңдер дейді олар. Ақыры он бірінші жылға аяқ басқанда Нұржан мен Айжан балалар үйінен жаңа туған бір аппақ қызды асырап алды. Енді екеуінің бүкіл махаббаты осы сәбиге ауды. Көп жыл сағынтып күттірген сәби төрт жасқа да келді. Тәңірдің шеберлігі, қыз бала Нұржанның аузынан түскендей ұқсас еді. Аналық бақытқа бөленген Айжан бірде өз бойынан күтпеген өзгерісті байқайды. Алғашында сенбей жүрген жас келіншек күдігі сейілген соң, қуаныш жасыра алмай сүйген жарына жария етті. Берем десе жаратқанның берері таусылған ба, екеуі тағы да қызды болды. «Ырыс алды қыз» деген, бақытты әке-шеше екі қызды әлпештеп өсірді. Тіпті екі балаға қарап отырсаң түрлері бір-біріне өте ұқсас екенін байқайсың. Қыздың үлкені бой жетіп тұрмысқа шыққан кездегі Нұржанның қиналысын жан баласына бермесін. Жүрегінің бір бөлігін жұлып бергендей сезімде болды. Күйеу балалары әке-шешесі ерте қайтқан, туыстарының қолында өскен жігіт екен. Той өтіп, қарбалас басылған соң Нұржан күйеу баласына өздерінің қолдарында тұра беруін өтінді. Ата-ана мейіріміне сусап өскен жігіт сүйген жарының әке-шешесін өз туған ата-анасы ретінде қабылдады. Тіпті қайын ата мен күйеу баланың арасындағы қарым-қатынас әке мен баланың арасындағы сезімдей. Нұржанмен Айжан олардан екі немере – ұл мен қыз сүйіп отыр. Қызмет бабында жақсы өскен, беделді күйеу жігіт көп ұзамай өзі жеке үй де алды. Нұржан мен Айжанның екінші қыздары да бой жетіп, жоғары оқу орнында оқиды. Міне, осылайша баланың зарын тартып, көп қиналған бұл отбасы осы кезде іргелі, бақытты шаңыраққа айналып отыр. Осындайда «өмірдегі әрбір сәтсіздігің – жақсылықтың бастауы екенін, осыны әрдайым есіңде сақтап төзе білсең ғана мақсатыңа жетесің» деген аталарымыздың нақыл сөзі заңды екеніне тағы да бір көз жеткізесің.

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қарымды қаламгермен Ақмолдағы сәтті кездесу

Қаламгермен кездесу – бұл жазушының кітабымен жүздесу, бұл автордың шығармашылық шеберлігіне назар аудару, автордың жоспарлары …