«Керемет той» – сіздің салтанатыңыз бен қуанышыңыздың серігі!

Бүгінгі күні үйлену тойын қалай тойлайды? Қадірменді оқырман, бұл Сіз үшін қызықты болатынына сенімдіміз. Өйткені отбасын құру – әрбір адамның өмірінде кездесетін ең жауапты да қуанышты оқиғаның бірі.

Кез келген салтанатты оқиға жан-жақты дайындықты талап етеді, әсіресе үйлену тойы, қазір ұмытылуға жақын қалған ұлттық дәстүрімізді ұстана отырып, әрқашан басқалардікінен артығырақ болғанын қалаймыз.

Журналымыз ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында 2003 жылы Астана қаласында құрылған «Керемет той» продюсерлік орталығының жанынан ашылып отыр. ХХІ ғасырда көпшілік батысқа еліктеп, әр түрлі той-томалақты: үйлену тойы, туған күндер, мерейтойлар және т.б. батыстық үлгіде өткізуге тырысып бағады. Әрине, бұл үрдісті түбегейлі жаман деуге болмас, бірақ ата-бабадан мирас болып қалған, астарында терең пәлсапалық мағына жатқан ұлттық салт-дәстүр мен рәсімдерді ұстанғанға не жетсін. Үйлену тойы тәрізді мереке – тарихи түп-тамырымызға жақындаудың тағы да бір тамаша мүмкіндігі.

Өскелең ұрпақты ұлттық салт-дәстүр арқылы патриоттық рухта тәрбилеу – біздің орталықтың басты мақсаты. Тоғыз жыл бойына осымен айналысып келеміз.

«Керемет той» продюсерлік орталығында кәсіпқой жүргізушілер, асабалар, әртістер, музыканттар жұмыс істейді:олар өткізілетін іс-шараны дайындауға кәсіби тұрғыдан қарап, той өткізілетін орынды, жас жұбайларға автокөлікті, дизайнерлік безендіру эскиздерін, той жүргізетін асабаны таңдап, талантты әртістерді шақырады, той үстінде қонақтар мен ұйымдастырушылар назарына ұсынылатын бейнеролик дайындайды.

Осындай жауапты сәтте біз әрқайсысыңызға көмекке келуге дайынбыз.

Журналымыздың әр санында Қазақстанды мекендейтін әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың үйлену тойын өткізу дәстүрлері туралы ғибратты әңгіме айтылады. «Керемет той» журналы отбасын құруға дайындалып жатқан жастар үшін көмекші болып табылады. Сондықтан біздің басылым жас жұбайларға арналған керекті ақпараттарға толы. Сән үлгісі және стиль, сыйлықтар мен салтанат, бал айы және басқалар туралы мақалалар жарияланады. Журналдың басты мақсаты – күн сайын жаңа отбасымен, жаңа махаббат хикаясы, жаңа таныстықтар, сондай-ақ өмірлік серігін іздеп жүргендер  жайлы жариялау. Мүмкін, біздің басылымның көмегімен Сіз де өз тағдырыңызға жолығып, біздің кейіпкерге айналарсыз.

Журналдың алғашқы санында назарларыңызға продюсерлік орталықтың тарихы туралы сұхбатты, астаналық жастар Дамир мен Гауһар Алпысбаевтардың үйлену тойы туралы мақала мен фотосуреттер, Мүслім Магомаевтың тойы туралы қысқа әңгіме және оның «Свадьба» әнімен таныс боласыздар. Сондай-ақ әйгілі «Досмұқасан» ансамблі орындаған дәстүрлі «Жар-жар» мен «Той жырының» сөздері жарияланып отыр.

Біз салтанаттың куәсі болумен ғана шектелмей, ол туралы бұқара халыққа әңгімелеп беруге дайынбыз. Біздің көмегімізбен керемет оқиғаның кейіпкеріне айналуыңыз әбден мүмкін екенін естен шығармаңыз.

Ізгі ниетпен, бас редактор Әйгерім Түгел