Елдің атын Ер шығарады, Ердің атын Ел шығарады!

Елдің атын Ер шығарады, Ердің атын Ел шығарады!Осылай  ат қойып, айдар тағып мақала жазуымыздың  бірден-бір себебі: – 2013 жылдың 21 тамызы күні Шығыс Қазақстан облысының  орталығы Өскемен қаласының Жамбыл Жабаев атындағы драма театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Бас редакторлар клубының»  толық мүшесі, «ТҮГЕЛ МЕДИА» бірлестігінің басшысы, 7- республикалық журналдардың бас редакторы, Астана қаласының  тұңғыш  баспасөз хатшысы, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық  қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының  тең төрағасы,  Ұлттық Ат Спорты Федерациясының президенті,  танымал ұлт азаматы, Ұлы Даланың   тұлпары Құлагерге ескерткіш  салу идеясының авторы әрі негізгі ұйымдастырушысы, жазушы-журналист  Сәдібек Түгелдің  «Өсе бер, Өрлей бер, Шығысым!»  атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде, дүрілдеп  өтті. 
Театрда ине шаншар орын болмады, халық көп жиналды. Сәдібек Түгелді жазушы және  ұлт азаматы  ретінде құрмет тұтатын жерлестері мен  оқырмандары  облыстың түкпір-түкпірінен ағылып келді. Олардың ішінде  әсіресе, қарапайым ауыл адамдары көп болды.  Олар өздерінің  Сәдібек Түгелдің кітаптарын  іздеп жүріп оқып, одан  керемет  рухани  күш алатындарын  ашық білдірді.   Сөзсіз, өршіл ағамыздың шығармашылық кеші болашақ жастарға үлгі болды, кеш барысында театр әртістері керемет өнер көрсете білді. Олар шығысқазақстандықтарға   танымал  жазушының «Асыл жиреннің киесі», «Әке өсиеті», «Қайдасың, қазағымның қазанаты?», «Астана хикаялары»  т.б. жарыққа шыққан кітаптарынан қойылымдар қойды. Көрермендер қошемет көрсетіп,өз ілтипатын білдірумен қатар өнерпаздардың құшақтарын гүлге толтырды. Бұл жерде айта кетеріміз Жамбыл Жабаев атындағы Шығыс Қазақстан облысы драма театрының бас директоры Қайырсынов Руслан Қайырбекұлы, жас режиссерлер Хасенов Ертай мен Салбанов Айдын кәсіби біліктілік танытып, жиналған қауымды өз өнерлерімен тәнті етті.

Сәкеңнің шығармашылық кешінің  басты жаңалықтарының бірі  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев мерекеге  бастан аяғына дейін қатысып, Сәдібек Түгелге арналған Үкімет басшысы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов пен облыс әкімдігінің құттықтауларын тапсырып, Сәкеңнің иығына қымбат  шапан жапты. Ол өз сөзінде былай деді: «Әрбір азамат өзінің кіндік қаны тамған өлкеге Сәдібектей үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі кештің аты да тамаша! Осындай шығармашылық кештер көп болса деген тілегім бар. Ол кісінің әрбір еңбектерінде, мақалаларында Шығыс Қазақстанның тыныс-тіршілігі көрініс табады. Ол Шығысты газет-журналдар бетінде насихаттауда бәрімізге үлгі көрсетуде. Сондықтан бүкіл Шығыс жұртшылығы атынан қажырлы шығармашылық жұмыстары үшін Сәдібек Түгелге айтар алғысым шексіз!».

Осы жерде атап  айта кетеріміз,   Өскеменнің зиялы қауымы «Бас редакторлар клубының»  президенті,   еліміздің ардақты азаматы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жолдыбай Кенжеболат Махмұтұлының  жүрекжарды құттықтауын  жылы қабылдыды. Бұл құттықтауды  кештің жүргізушісі әрі  бас режиссері Айдын Салманов мырза  мәнерлеп тұрып оқып берді.бұл мәні де маңызы ерекше құттықтаудың  толық мәтінін осы мақалада жазып кетуді дұрыс есептейміз. Өйткені,  «Бас редакторлар клубы» ҚБ президені Кенжеболат Жолдыбай ағамыз, құттықтауды тамаша жазған.

«Аса қадірлі де қымбатты Сәдібек мырза!

Республикалық Бас редакторлар клубы атынан Сіздің шығармашылық кешіңізге орай өзіңізге деген ықыласымды білдіруді жөн санап отырмын.

Сіздің балғын балалық шағыңыз бен есею жылдарыңыз нұрлы да әсем кенді Алтай өңірінде өтті. Ері жеріне тартып туады десек, біз бүгін Сіздің өн бойыңыздан осы бір жер – жәннатының ғажайып қайыңы мен қарағайындай – шоқтығыңыздың биіктігін, мөлдір көліндей – жүрегіңіздің тазалығын ерекше аңғарамыз. Өзіңіздің мінезге бай,  көркіңіз көз сүйсінтер сырбаз азаматтың өмір жолы да әркімге үлгі боларлықтай.

Сіз Елордамыздың  ең алғашқы баспасөз хатшысы ретінде балғын астанамыздың  аяғына тік тұруына қазақи кейіпке айналуына, оны әлемге танытуға көп еңбек етіп, мол тер төктіңіз. Өмір деген айдынның тұңғиық та терең тұсын иемдене бастаған өзге күндеріңіздегі қою тіршіліктеріңіз, атап айтқанда, жеке қаражатыңызбен қазақтың Құлагеріне мәңгілік ескерткішті орнатқаныңыз дүйім елді сыртыңыздан тамсандарып, өзіңізді тәнті етіп жатқаны өз алдына бір әңгіме.

Сізге мол деңсаулық, ұзақ ғұмыр, таусылмас шығарамшылық табыстар, жанұяңызға тыныштық пен  береке тілеймін».

Сонымен қатар бұл кеште БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілеттігінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиұлы, белгілі кәсіпкер,  ең үздік меценат «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қозғалысының теңтөрағасы Марат Нәбиев, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының бірінші төрағасының орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты «Жұлдыз» журналының бас редакторы,  еліміздің танымал әрі талантты ақыны Ұлықбек Есдәулет, ҚР Олимпиадалық  комитет төрағасының орынбасары, танымал спорт қайраткері Құлназаров Анатолий Қожыкенұлы, танымал кинорежиссер Нұрбек Жәнібек сынды республикаға есімдері танымал тұлғалар қатысып, өздерінің жүрек жарды тілектерін айтты.  «Ұлы Дала Қырандары»   республикалық қозғалысының  тең төрағасы Марат аға Нәбиев  Сәдібек досына  жаңа темір тұлпардың  кілтін табыс етті.

Меккедегі қасиетті Қағбаның ішіне кіру бақытына ие болған ағамыз Мұрат Телебаев, белгілі кәсіпкерлер, өнер жанашырлары Марат Мұзапаров, Қайрат Мусин сахана төріне көтеріліп, құттықтауларын айтып  жерлестердің атынан  Сәдібек Түгелге  екінші  автокөліктің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бастығы,  ұлт мәдениетінің және әдебиетінің  жанашыры  Бәделхан Қамалбекұлы  Сәдібек Түгелдің иығына шапан жауып, астына  таза қанды   тұлпар  мінгізді..

Сонымен бір кеште Сәдібек Түгелге су жаңа  2 автокөлік сыйға тартылды.  Бірінші машинаны сыйға тартқан   Марат Нәбиев ағамыз былай деді:  «Құрметті ағайындар! Астындағы мініп жүрген көлігін және басқа да дүниелерін ломбардқа өткізіп, Құлагерге кереметтей ескерткіш салған әлемдегі жалғыз қазақ – Сәдібек Түгел! Сонымен қатар сіздерге айта кетейін: сол Құлагер ескерткіші жанынан Ұлы Даланың тарихынан сыр шертетін, Ұлы Даланы әспеттейтін, «Ұлы Дала Даңқы мұражайы» салынады. Сол идеяның авторы – Сәдібек Түгел. Осылардың барлығы ерлік емес пе?!  Осыны ескеріп, мен Сәкеңе темір тұлпар мінгіземін.»-деп, темір тұлпардың кілтін табыс етті. Ал келесі автокөлікті Сәдібек Түгелдің жерлестері әрі бауырлары мінгізді.

Жазушыға деген жылы лебіздер мен құттықтаулар  және сыйлықтар өте көп болды.  Бұл нені көрсетеді? Бұл халықтың  әдебиетке  және қаламгерге деген құрметін баяндайтын шара. Сәдібек Түгел ағамыз ардақтауға лайық азамат екені бесенеден белгілі болды.  Өйткені ол  ұлтқа адал қызмет істеуде  баршамызға үлгі көрсетіп жүрген  бірден-бір  мықты Азамат. Осындайда қазақ айтады: «Жігітте де жігіт  бар , Азаматы бір бөлек!, Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек!»

Кеш барысында Алматыдан арнайы келген танымал әнші, эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы және Мәскеуден келген талантты  музыкант, атақты Владимир Спиваковтың дарынды шәкірті Руслан Турунтаев пене елімізге танымал музыкант Мусахан Турунтаевтар  өз өнерлерін көрсетті. Халық олардың орындауындағы классикалық музыканы ден қойып тыңдады. Сонымен қатар Шығыстың маңдайалды әншілері мен Ұлан ауданының «Бескөл» ұлттық этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Сәдібек Түгелдің еңбектеріне арналған арнайы кітап көрмесі  ұйымдастырылды. Сәдібек Түгелдің  кітаптарын оқырмандар талап алды. Автор оларға  өзінің қолтаңбасын  жазды.

Белгілі жазушы-журналист Сәдібек Түгелдің   шығармашылық кеші  Шығыс қазақстан облысының өміріндегі айтулы оқиға болды.  Кеш соңында  кешке қатысқан  оқырмандар жазушыға деген  құрметтерін айтып,  жылы лебіздерін білдіріп, көпке дейін тарамай тұрып алды.  Өз тарапынан Сәдібек Түгел  жерлестерімен бірге  естелік суреттерге түсіп, қолтаңбасын таратты.

Қорытындысында  бір сөзбен түйіндесек, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,  ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Академигі, жаңа Елордамыз – Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы, Ұлан ауданының құрметті азаматы, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қозғалысының теңтөрағасы, «Түгел Медиа» бірлестігінің басшысы, 7 республикалық журналдың бас редакторы, 12 кітаптың авторы, 7 деректі фильм мен 1000-нан астам тамаша очерк пен публицистикалық мақалалардың авторы Сәдібек Түгелдің кеші  туған  топырағында  дүрілдеп өтті!

«Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» демекші, С. Түгел өз шығармашылығында Шығысты жырласа, өз кезегінде жерлестері оны төбелеріне көтерді. Бұл дегеніміз, әдебиет пен мәдениеттің мәңгілік екенін білдіреді. Сөз соңында айтарымыз, ағамыздың шығармашылығы өсіп-өркендей берсін!!!  Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!  Өсе бер, Өрлей  бер, Сәдібек Түгел!

Журналистер : Қымбат Қалиева, Күнайым Сәкен.

Байланыс: [email protected]; [email protected]

28-26-05;
8-701-305-14-23.(Кымбат)

Сондай-ақ, оқыңыз

Жолдауға қолдау

Астана қаласында  күн сайын әр мекемеде  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы …