Елордамыздағы тәртіпті сақтайық!

Демеуов Марат ҒанұлыАстана қаласы Ішкі істер Департаментінің жұмыс бабымен танысу үшін біз оның басшысы, полиция полковнигі Демеуов Марат Ғанұлынан сұхбат алып едік. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Алдымен ұлттық құндылықтарға деген жеке азаматтық көзқарастарыңыз туралы аз-кем әңгімелеп өтсеңіз?

Ішкі істер органдарында қызмет атқарғаныма 25 жылдың жүзі болыпты. Қызметтік жолымды «ұлттық құндылық» деген ұғымды әбден қажап, жұтып жібере жаздаған Кеңес билігі тұсында бастадым. Бірақ, буын қатайып, бесіктен босағаннан бастап, ата-анамыздың құлаққа құйған қазақы тәрбиесінен арылған емеспін. Мен адамдарды ешқашан алаламаймын. Өз тілімде, өзге тілде сөйлейтіндерді бірдей құрметтедім, құрметтеймін де. Бірақ өз ұлтымның жанашыры, ұлтжандысы болуға қолдан келгенше тырыстым. Елбасымыздың қазақ халқының тілі, ділі, салт-дәстүріне қатысты айтқан пікірлерімен және жүргізіп отырған саясатымен толық келісемін. Осы күнге дейін 130-дан астам ұлттың бірлігін сақтап, айрандай ұйытып отыру – әр көшбасшының қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан Президентіміздің бұл салада атқарған қыруар еңбегін жоғары бағалауымыз қажет. Олжас Сүлейменовтің: «Тауларды төмендетпей, жазықты жоғарылатайық» деген керемет бір сөзі бар. Өзге елдің мәдениетін сыйлай отырып, өзіміздің талай мәрте шабуылға ұшыраған тілімізді, дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды көтермелеп отыру – қазақ боп туған әрбір азаматтың парызы деп ойлаймын.

Сіз басқаратын Департаментте ұлттық құндылықтарды ұлықтау, насихаттау жұмыстарының жүргізілуі жайлы не айтасыз?

Ішкі істер департаментінің ең басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау, қылмыспен күресу, халықтың тыныш ұйқысын, алаңсыз өмірін қамтамасыз ету. Ал енді осы бір «аядай ұжымда ұлттық құндылықтар қалай ұлықталып жатыр?» деген мәселеге келетін болсақ, қыруар шаралардың жүріп жатқанын айтқым келеді. Біздің ұжымда мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі жұмыс атқарады. Бұл бөлім ішкі істер қызметкерлері арасында қазақ тілін насихаттап, іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жүруін қадағалайды. Оларды тіл білуге күштеп, зорлап мәжбүрлемейді. Қолдан келгенше мемлекеттік тілге деген құштарлығын оятып, ана тілін білудің қазіргі заманда маңызды екенін жеткізуге тырысады. Қазір әр апта сайын өтетін жедел жиындарымыз, күн сайын өтетін селекторлық кеңестердің басым бөлігі қазақ тілінде жүргізіледі. Қандай істің болмасын, басталуы мен оңды нәтижеге жетуі, ең алдымен, басшының көзқарасына байланысты. Тәуба, қазір Президентімізден бастап, мемлекеттік шенеуніктерге дейін мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғарылатып, осы бағытта жасалып жатқан шараларды қолдап жатқанын көріп отырмыз. Бұдан бөлек, біздің ұжымда қатардағы қызметкерлерден құралған «Жігер» фольклорлық ансамблі бар. Наурыз мерекесі, Тәуелсіздік күн, тағы да басқа атаулы мерекелерде бұл шығармашылық ұжым тиянақты дайындықпен сахна төрінде өз өнерлерін көрсетеді. Олардың репертуарында ұлттық бағыттағы ән-жырлар басым. Бұл да біздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бей-жай қарамайтынымызды аңғартса керек. Сонымен қатар, біздің департаментте мұражай жұмыс істейді. Мектеп оқушылары, жоғарғы оқу орындарының студенттері ауық-ауық келіп, осы мұражайға қойылған тарихи жәдігерлерді тамашалайды. Олардың арасында Ұлы Отан соғысында қолданылған қарулардан бөлек, отандық тарихымызды, соғыс тағдырын дәлелдейтін тарихи құжаттар, фотолар, патриоттыққа баулитын қазіргі заманғы дүниелер де баршылық. Бұлардың барлығы жас буынға отансүйгіштік қасиетін дарытып, өз еліне, жеріне, ұлтына, мәдениеті мен тарихына деген махаббатын оятады. Міне, ұлттық құндылықтарды ұлықтау деп осыны айтса болатын шығар.

Алдағы 2010 жыл ұлт тарихындағы ерекше жыл болайын деп тұр. Біріншіден, Елбасымыз Н.Назарбаевтың 70 жасқа толуы әлемдік деңгейде аталып өтеді. Екіншіден, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді. Сіздер осы айтулы тарихи оқиғаларды қандай табыстармен және көрсеткіштермен қарсы аласыздар?

Ең алдымен, жоғарыда аталып өткен халықаралық маңызы бар атаулы оқиғаларға Астана қалалық ішкі істер департаменті аса бір ыждаһаттылықпен, тиянақтылықпен дайындалуды осыдан бірталай жыл бұрын бастап кеткенін айтқым келеді. Неге дейсіз ғой. Себебі, Елордамыздың арқа төсі Астанаға ауысуының өзі, жас қаланың әлемдік қоғамдастыққа жарқ етіп танылуының өзі біздің алдымызға көптеген міндеттер қойды. Елбасымыздың салиқалы саясаты талай азаматтың шабытын қамшылап, көздеген межеге, ортақ мақсатқа жету үшін жұдырықтай жұмыла қимылдау қажеттігін түсіндірді. Астана қаласы Республикамыздың барлық аймақтарына үлгі. Астана тыныш болса, қауіпсіз қалаға айналса, өзге аймақтар да алаңсыз болатындай дәстүр қалыптасып келеді. Міне, сондықтан біздің мойнымызда аса ауыр міндет тұр. Ең алдымен, ұйымдасқан қылмыстық топтардың көзін жойдық. Тәуелсіздік алған тұстарда саңырауқұлақтай қаптап кеткен, халықтың мазасын қашырған «рэкет», қарақшылар бүгінгі күні мүлдем жоқ деп сеніммен айта аламыз. Жыл басынан бері тіркелген ауыр қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмендеді. Қазіргі күні қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күніне көшеге 1000 қызметкер және 230 ішкі әскер сарбаздары шығады. Қылмыспен күресуде қоғамдық көмекшілердің рөлі де ерекше. Жыл басынан бері қоғамдық құрылымдардың көмегімен 5 мыңға жуық құқық бұзушы қолға түсті. 252 қылмыс ашылды. Қазір жұмыссыздардың қатарынан 120 адамды өз сапымызға тартып, оларға әкімшілік ай сайын 20 мың теңге төлеп отыр. Бұл азаматтар учаскелік инспекторлардың, жол полициясының жұмысына көмектеседі.

Қазір кең байтақ Қазақстанда аты аңызға айналған «Даңқты тұлпар Құлагерге ескерткіш орнату» атты патриоттық Республикалық акция өтіп жатыр. Бұл бастаманы республика халқы да қолдап отырғанын білесіз. ҚР тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтан бастап белгілі мемлекет қайраткерлері, ұлт патриоттары, халық жазушылары, кәсіпкерлер және атбегілер атсалысып, өз үлестерін аямай қосып, атымтай жомарттықтарын танытып жатыр. Ал Сіз және сіз басқаратын Департаменттің азаматтары Елбасының 70 жылдығына арналған Құлагер ескерткішін Астана қаласының жанында орнатуға көмектесе ала ма?

Қазақта жылқы малы қашанда қасиетті саналған. Біздің халықты жылқы мінезді деп айтатыны да бекер емес. Оған қоса, жылқы жеті қазынамыздың бірі болып есептеледі. Сондықтан ата-бабамыздың, батырлардың жортқанда жанында серігі, мінерге көлігі болған тұлпарға, сол тұлпарлардың жиынтық образы болып есептелетін Құлагерге ескерткіш орнатылуын қуана қоштаймын әрі шамам жеткенше қолдаймын. Бізден қажет кез келген көмекті беруге дайынмын. Біздің ұжым мен айтып отырған пікірмен толық келіседі деп ойлаймын.

2007 жылдың басынан бері жарыққа шығып, өз оқырмандарын тауып отырған, ұлттық құндылықтарымызға арналған республикалық ғылыми-танымдық «Қазанат» журналына айтар ой-пікір, ақыл-кеңесіңіз…

Журналдың «Қазанат» деген атауының өзі ерекше. Қазақта: «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген сөз бар. Журналдарыңыздың қай санында болмасын, алдымен көшбасшымыз – ел Президенті жайлы, оның күнделікті өмірі туралы, одан кейін халқымыздың біртуар, елге сыйлы азаматтары, олардың елге жасап жатқан жақсылықтары жайлы мағлұматтарды көп оқимыз. Бұл ең алдымен әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігін оятса керек. Сондықтан ұрпақ аманатын арқалап жүрген сіздер аман болыңыздар. Әр шаңыраққа амандық тілеймін.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Аягүл САДУАҚАС.

Бөлісу:

Сондай-ақ, оқыңыз

Батырдың жары – Күлпан

Ер үйдің иесі болса, шаңырақтың киесі саналатын жақсы әйел – тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы дегендей, …