«Күш атасы Қажымұқанның 140 жылдығы тойланды»

7 мамыр күні Ақмола облысы Целиноград ауданы Қажымұқан ауылында Қажымұқан Мұнайтпасовтың 140 жылдығына арналған ерекше маңызды мәдени –спорттық іс-шара болып өтті. Өткізіліп отырған шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды, Ұлы Дала мәдениетін ұлықтау, ұлттық спортты және денешынықтыруды кеңінен насихаттау, XX ғасырдың Ұлы перзенті әрі атақты балуаны Қажымұкан Мұңайтпасұлының ерлігі арқылы өскелең ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу. Сонымен қатар, бұл шара тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына да арналып өткізілді.
Қажымұқан атамыз -орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, атақты балуан 19-ғасырдың аяғы, 20-ғасырдың басында әлемнің 54 елінде күресіп, 48 жүлдені қоржынға салған. Бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген де Қажымұқан атамыз.
Қажымұқан атамыздың 140 жылдығын тойлауға облыстың түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Мереке шеңберінде арнайы қазақ күресінен турнирлер ұйымдастырылды. 14 салмақ дәрежесінде 100-ге жуық білекті балуандар боз кілемде белдесіп, бақтарын сынады. Жүлделердің барлығы осы өңірдің балуандарына бұйырды.
Мерейтойға жиналған ауыл тұрғындарының алдында бишілер мен әншілер, «Қазанат» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнерлерін паш етті. Қазақы салт-дәстүр бойынша киіз үй тігіліп, алтыбақан тартылды. Алыстан келген қонақтарға дастархан жайылып, ас берілді.
Мерейтойды ашқан Әзімхан Ерсайынұлы «Қажымұқан атамыз қазақтың ішінен шыққан дүние жүзінің ең күшті адамдарының біреуі болды. Жауырыны жерге тимеген Қажымұқан атамыз әлемнің 30 шақты мемлекеттерде өнер көрсетті. Олардың ішінде Варшава, Прага, Берлин, Рим, Токио, Пекин, Киев, Москва т.б. қалалар бар», – дейді. Ал ұйымдастырушылардың бірі, жазушы Сәдібек Түгел осындай мәдени маңызды шара арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, атамекені мен туған елін қорғауға баулу болып табылатынын сөз етті.
Қажымұқан атамыз бізге жастарға өшпес өнеге, үлгі көрсетіп кетті. Оның өмірі ерлікке, батырлыққа, батылдыққа толы болды. Ол өзінің туған халқын сүйіп өтті. Ол қазақ спорты тарихында өшпес із қалдырған нағыз қазақ батыры!

Аягүл Садуақас

Фоторепортаж

Сондай-ақ, оқыңыз

Еркін күрес

2016 жылдың 17-18 қыркүйегі аралығында «Жезқазған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ жəне» …