Өсе бер, өрлей бер, Астана!

Сәдібек ТҮГЕЛ

Мен Астанаға қалай келдім?

1997 жылдың желтоқсан айының бір күнінде Алматы қаласындағы қызмет бөл­мемнің тыныштығын телефон қоңырауы кенеттен бұзды. Ол кезде Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі мен Үкімет аппаратының жаңа астанамыз – Ақмола қаласына көшкеніне бір ай, ал Ақмола қаласының елорда болып жарияланғанына 10 күн де болған жоқ еді. Әлі күнге дейін есімде, сол жолғы телефон қоңырауы маған бұрынғысынан өзгеше, әлдебір жаңалықтың жаршысы ретінде ерекше естілді. Соған, әлі күнге дейін таңым бар? Ол не нәрсе?! Оның мәнісі, сәл сәттен кейін маған белгілі болды. Қоңырау салушыны бірден дауысынан таныдым. Ол өзіміздің Аяған Сандыбай ағамыз еді.

– Сәдібек, бауырым, қалайсың? – деп бастады әңгімесін Аяған ағамыз. – Хал-жағдайың қалай? Бала-шаға аман-есен бе? Бұрынғы жұмысыңда істеп жүрсің бе? Менде барлығы жақсы. Жаңа астанаға үйрене бастадық. Мен саған мынадай себеппен қоңырау шалып отырмын. Жаңа елордамыз Ақмола қаласының әкімдігіне бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орната алатын және қала әкімінің баспасөз хатшысы жұмысын жоғары кәсіби деңгейде жүргізе алатын тәжірибелі маман қажет. Байқау жарияланып қойды. Үміткерлер көп. Тамаша журналист екендігіңді біле отырып, мен осы қызметке сенің кандидатураңды сырттай ұсынып қойдым. Мүмкін бағыңды сынап көрерсің? Ойланып көр…

Шынын айтсам, мен аға досымның осындай тосын ұсынысынан абыржып, не жауап берерімді білмедім…

Мұның да өз себебі болды және ол бірнешеу еді. Сол уақытта мен журналист ретінде көптеген тың жұмысты енді қолға ала бастағанмын. Қазақ телевидениесіндегі авторлық бағдарламаларым көрермендердің ықыласына бөленіп, ел арасында енді ғана таныла бастаған болатын. Менің авторлық «Біз қайда барамыз?» атты жаңа жобам қазақ телевидениесінде рейтингі жоғары хабар болды. Ол кезде мен одан әрі үлкен зейінмен және қызығушылықпен жұмыс жасай бастағанмын. Телекөрермендер еліміздің атақты тұлғаларымен жүздесетін «НИЕТ» атты бағдарламамды да жақсы көретін.

Сонымен қатар, мен өзімнің отбасым үйренген және өте ұнататын қаланы – сұлу Алматыны қалай тастап кетемін? Танымайтын қалаға көшу қиындықтары, жаңа жерге қоныс тебу проблемалары… Бір сөзбен айтқанда, осындай жауапты қадам жасар алдында жақсылап ойлану қажет болды.

Сол уақытта мен астана адамның кәсіби өсуі үшін керемет мүмкіндік екенін, жаңа да тың бастамаларға кең жол ашатындығын нақты білетінмін. Бала кезімнен бастап қызу оқиғалар ортасында болуға үйреніп қалған мен, егер бұл ұсыныстан бас тартсам, онда аса маңызды тарихи оқиғалардан оқшауланып, өзіме ұсынылған барлық жағынан қызықты жұмыстан шет қалып, кейін өкінетінімді түсіндім. Сондай-ақ, астаналық қала әкімінің баспасөз хатшысы болып жұмыс істеудің оңай емес екендігін де білемін. Бірақ, өзімді жақсы біліп, өзімнің қабілетіме күмәнданбадым, егер осы жұмысқа қабылдансам, оны алып кете алатыныма да сендім. Біраз ойланғаннан кейін Аяған ағаға жауап бердім:

– Айеке, бала кезімнен бастап әртүрлі ат бәйгелеріне қатысып келемін. Сіздің ұсыныңыздан кейін менің бойымда нағыз шабандоздың қаны тулап тұр. Бағымды сынап көрейін. Мен байқауға қатысуға келісемін. Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймын!

Осылайша, 1998 жылдың қаңтар айында мен «Алматы – Ақмола» пойызымен, өзімнің алдағы болашағым болатын жаңа қалаға бет алдым. Жол бойы мен тағы да күдік сезімдеріне бой алдыра бастадым. Байқаудан өте аламын ба? Сеніп тапсырылған жұмысты алып кете аламын ба? Бірақ, әкемнің «Ұлым, егер айқасқа кіріссең, онда тек жеңіс туралы ойла. Қандай жағдайда да жақсыға ниеттен, бар күшіңді салып еңбек етсең, жеңістің өзі-ақ табады сені», деген бұрынғы, бірақ, әлі өз мағынасын жоғалтпаған өсиеті есіме оралды. Әкемнің сөздері маған әрқашан көмектесіп отырады. Мен барлық күдікті серпіп тастап, алға қойған барлық мақсаттарымның міндетті түрде орындалатынына сеніммен қарадым.

Келесі күн. Сағат тілі 17.00-ді көрсетті.

Сәкен Сейфуллин көшесінде орналасқан қала әкімдігі ғимаратының екінші қабатында орналасқан Ақмола қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің қабылдау бөлмесіне көтерілдім. Оның кабинетінде менің тағдырым үшін өте маңызды мәселе бойынша шешім қабылданбақ, қала басшылары жиналған. Аздап қобалжи бастадым…

«Сізді әкім шақырып жатыр», деді қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз айрықша сыпайылықпен. Әкімнің кең кабинетіне кірген бойда «Ассалаумағалейкүм» деп сәлемдестім. Әділбек Рыскелдіұлы менің сәлемдесуіме жауап беріп, жұмыс үстеліне қарсы тұрған орындықты нұсқап, отыруымды өтінді. Әкімнің жылы қабылдауы мен дауысындағы қарапайымдылық мені біраз жігерлендіріп тастады.

– Шынын айтсам, – деді ол біраз уақыттан кейін, – біз барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орната алатын, еліміздің жас астанасының мәртебесін көтеру жолындағы көп жоспарлы жұмыстарды, ел Президентінің нақты тапсырмаларын, алда болатын халықаралық тұсаукесерді жоғары деңгейде насихаттай алатын, ұйымдастыру қабілеті бар журналисті бірінші күннен іздеп келеміз. Бұл орынға отызға жуық адам үміттенді. Олардың түйіндемелерімен танысқаннан кейін, мен сізді таңдадым. Біз үшін және сіз үшін, ең бастысы, өзіңіздің әріптестеріңізбен ортақ тіл тауып, астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуінің мән-мағынасын елге кеңінен түсіндіру, жаңа елорданың алғашқы қадамдарын, тыныс-тіршілігін, өсіп-өркендеуін барлық БАҚ-тарда шебер насихаттау, астананың жақсы имиджін жасау, қалыптастыру болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, баспасөзбен үлкен көлемді жұмыстарды ұйымдастыру. Егер нақтырақ айтатын болсам, мен сізді баспасөз саласы бойынша орынбасарым ретінде есептеймін. Жаңа жұмысыңызбен құттықтаймын!

Әкімдіктегі күн сайынғы жоспарламалар, әртүрлі адамдармен кездесулер, жеке бақылауларым мен қорытындыларым көп көмегін берді. Өзім де болмыс пен ниет арқылы кішкенеден үлкенді, үлкеннен ғаламатты көруге үйренуді ұмытпадым, алға ұмтылдым, шаршамадым, жалықпадым. Бір сөзбен түйіндесем, тапсырылған жұмысқа құлшына кірістім.

 Жұмыс қалай басталды және қалай ұйымдастырылды?

Мен, ең алдымен, өзіме таңсық  қаланың тарихын, бас-аяғын, кем-кетігін, проблемалары мен алдағы атқарылатын міндеттерін ден қойып зерттеп, зерделеп алдым. Бірден «Жаңа астананың бітім-болмысын айқындап, беделін қалыптастыру үшін не істеу керек?» деген сауалға жауап іздедім.  Сөйтіп, ойымды жинақтап, бес ұсыныс дайындап, әкімге апардым. Оның біріншісі – кез келген қалалық мекеменің басшысы журналистің сұрағына жауап беріп, қажетті ақпаратты ұсынуы керек, яғни билік өкілі мен ақпарат құралының өкілі арасында ешқандай шекара болмау қажет. Екінші ұсынысым журналистердің басын қосатын, пікірлесіп, дидарласатын бір ақпараттық ұйым ашу болды. Үшіншісі – газет-журналдарда жарық көрген, электронды БАҚ-тарда айтылған сыни мәселелердің жауапсыз қалмай, ол жөнінде тиісті шаралар қолданылып, тілшілер сыны қатаң бақылауға алынуын талап еттім. Сол үшін арнайы дайджест дайындап, оны қала басшыларына ұсынып отыратынымды айттым. Ондағы мақсатым – журналистердің де еңбегін елеусіз қалдырмай, оған билік өкілдерінің назарын аударғым келді. Төртінші ұсыныс шетелдік жетекші БАҚ өкілдерін Астанаға шақыру болса, бесіншісі – жаңа астанаға лек-легімен қызметке келіп жатқан журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, мүмкіндігінше жатақхана, баспана алып беру және астаналық газет-журналдардың, телевидениесі мен радиосының мәртебесін көтеру.

Обалы не керек, Әділбек Жақсыбеков осы ұсыныстарымның ешқайсысын аяқсыз қалдырмады. Бәрі де нәтижелі болды. Бас қаланың ақпарат құралдары күн сайын толыға түсті. Өмірге кішігірім қалалық радио торабының орнына толыққанды қазіргі «Астана» телекомпаниясы келді. Бұрыннан келе жатқан «Ақмола ақиқаты» мен «Городские новости» газеттерінің мәртебелерін астаналық деңгейге көтеріп, бюджеттерін қайта қарадық. Олардың есеп-шоттарына қомақты қаржы құйдық. Жаңа кадрлар тағайындадық. Олар «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» деген аттарға ие болды. 1998 жылдың 10 сәуірі күні Оқушылар сарайында осы қалалық екі басылымның тұсаукесерін дүрілдетіп өткіздік. Мен мереке сценерийінің авторы әрі жүргізушісі болдым. Қала әкімі Әділбек Жақсыбеков екі газетке су жаңа «Волгалардың» кілтін табыс етті. Бұл шаралар естен кетпейді.

1998 жылдың 4 сәуірі күні Астана қаласының қазіргі халықаралық баспасөз орталығының негізі қаланды. Менің басшылығыммен және тікелей ұйымдасты­руыммен үш жыл ішінде бұл орталықта бір мыңнан астам баспасөз мәслихаттары мен брифингтер өтті. Бұл журналистер ұйымы алғашқы күннен бастап бүкіл журналистер қауымының басын біріктіріп, жақсы істердің жаршысы, ауқымды ақпараттық шаралардың ұйытқысы бола білді. Әлемнің талай алпауыт басылымдары мен электронды ақпарат құралдарының тілшілері осы баспасөз орталығында бас қосып, тәуелсіз Қазақстан туралы, оның жас астанасы жөнінде мәліметтер алып, дүние жүзінің түпкір-түпкіріне ақпараттар таратты.

Баршаға мәлім, алғаш астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіргенде, көп адамның көкейінде «Ақмола астана болуға лайық па?» деген күдікті сауал тұрды. Мәскеулік және отандық ақпарат құралдарында жаңа қала туралы небір сыни материалдар жарық көріп, гуілдесіп жатқан кез. Біздің мақсатымыз қоғамды ас­танаға қатысты күмәнді ойлардан тазартып, елорда туралы жаңа, жақсы пікір қа­лыптастыру, жағымды имиджін жасау еді.

Осы мүдделі мақсатты жүзеге асыру үшін 1998 жылдың ақпан айында қала әкіміне әлемдік жетекші БАҚ өкілдерін бас қалаға шақырып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетейік деген тың ұсыныс айттым. Әділбек Рыскелдіұлы бірден келісе кетті. Өйткені, Мәскеуден шығатын газеттер мен ақпарат агенттіктеріндегі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай қайталай беретін, Қазақстанның жаңа астанасына деген қыжылдары мен күдіктері бізді де мезі ете бастады. Бұл орайда, менің алдымда үлкен міндет пен жауапкершілік қатар тұрды. Мен нартәуекелге бел буып, алыс-жақын шетелдерден және еліміздің 100-ге тарта жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының алпауыттарын, ұзын саны 255 журналисті жаңа елордаға келуге, қаламен танысуға, қала әкімімен 1998 жылдың 3 сәуірі күні өтетін баспасөз мәслихатына қатысуға шақырдым. Рас, Астана қалыптаспай жатып, мұнысы несі деп бізді сөккендер және министрлік тарапынан, қаланың кейбір лауазымды тұлғаларының тарапынан үзілді-кесілді қарсы болғандар болды. Ол жөнінде менің пьесам бойынша қойылған «Тұңғыш» атты  спектакльде көрсетілген, айтылған. Бірақ, біз қарсыластарымыздың ашық қарсы болғанына төтеп беріп, алған беттен қайтпай, нартәуекелге бастық. Нәтижесінде, айтулы жеңіске қол жеткіздік.Жоспарымыз, жобамыз өте сәтті болды. Елордаға арнайы шақырылған әлемнің «Би-би-си», «Си-эн-эн», «Рейтер», «Синь-хуа», «Ассошейтед-пресс», «Франс-пресс», «Итар-ТАСС», «Известия», «Комсомольская правда», «Риа- Новости», РТР, ОРТ сынды небір алпауыт ақпарат құралдары таратқан жаңа астанамыз жайлы жағымды ақпараттар легі әлемді аралап кетті. Тек «Рейтер» агенттігінің өзі Астана – болашағы жарқын қала екендігін жар салып, Жер шарының 80 еліне хабар таратты. Бас ордамызға деген көзқарас өзгерді. Оның келешегіне сеніммен қарайтындар көбейді. Күдіктер сейіліп, жаңа елордамызға деген ақпараттық көзқарас түбегейлі оң сипат алды. Иә, бұл біздің жеңісіміз еді.

Елбасы мен елорда – егіз ұғым

Бұлай деп айтуымның сыры қалың қазаққа жақсы мәлім. Бүгінгі күндей жайнап, жарқыраған Астананы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Өзі таңдап, Өзі негізін қалап, Өзі іргетасын салып, туған ұлтына, ұрпақтарына мәңгілікке мұра ретінде қалдырып отыр. Ол –ақиқат. Қайнаған қазанның ішінде, тарихи оқиғалардың эпицентрінде жұмыс істегендіктен болар, жаңа елордамыз – Астана қаласының тәй-тәй басқан әрбір қадамы оның негізін қалаушы бас архитекторы Н.Ә.Назарбаевтың жанқиярлық еңбектері менің жүрегімде сақталған, күні кешегідей көз алдымда. Есімдегі кейбір дүниелерді баяндап берейін.

…1999 жылдың 19 мамырында қаланың оңтүстік-шығыс аймағында жаңа саябаққа ағаштар отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Дәл сол күні Нұрлан Балғымбаев басқарған Үкімет отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа Үкімет құрамы сайланды. Жаңа бақты салуға Елбасы өзімен бірге жаңа тағайындалған Үкімет мүшелерін – министрлерді, Парламенттің қос палата­сының депутаттарын, қала басшыларын ертіп келді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен жас тал отырғызып, оған су құйды. Сәлден кейін Президентті журналистер қауымы қоршап алып, сұрақтарын бұрқыратып қоя бастады.

Елбасы жаңа саябақтың болашағын қалай көретінін жақсылап айтып берді. Бұл бақтың жас астанамыз секілді жасыл желекке бөленіп, адамдар демалатын, балалар асыр салып ойнайтын құтты мекенге айналатынын тілге тиек етті. Кенеттен журналистердің бірі тосын сұрақ қойды: «Саябақ қалай аталатын болады? Оның аты бола ма?».

«Әрине, болады. Сендер ұсыныс жасаңдар, мен қолдаймын», – деп Мемлекет басшысы әлгі сұрақ қойған журналиске байыппен тіке қарады. Сауал қойғанмен, ондайды күтпеген әріптесіміздің ләм-мим деп жауап қатуға мұршасы болмай, абдырап қалды. Пауза болдырмау үшін әңгімеге мен араластым. Сол мезетте менің аузыма мынадай сөз түсті: «Нұр аға! Менде ұсыныс бар. Сіз бірінші талын отырғызған саябаққа «Жерұйық» деген ат лайық емес пе? Солай атасақ қалай болады?».

Елбасыға ұсынысым бірден ұнады. «Дұрыс ұсыныс… Мен қолдаймын. Мен қолдаймын», деп Президент екі мәрте қайталады. «Еуразия» сауда орталығының жанындағы саябақ сол сәттен бастап «Жерұйық» деп аталды. Бұл мысал біздің Президентіміздің өзіндік сипатын, оның демократияшылдығын, кез келген игі бас­таманы, идеяны қолдайтынын дәлелдейді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты Астананы ойлап тапқаны және салғаны үшін әрқашан шын жүректен қадір тұтамын. Енді, осы айтқанымды түсіндіруге тырысайын. Күшті және мызғымас мемлекет болып саналған КСРО тарап, жеке-дара үстемдік еткен КОКП ыдырағаннан кейін Тәуелсіз Мемлекеттердің Достастығы (ТМД) пайда болды. Оның қатарында біздің Қазақстанымыз да бар.

Бұрынғы кеңес республикаларының көбісі тұйыққа тірелді, олардың басшылығы абыржып қалды, бөлінбесті бөлуге ұмтылды, әскери қақтығыстар, ұлтаралық дау-жанжал өрши түсті. Бұл – баршаға белгілі. Ал, біздің мемлекетіміз сабырлылық, парасаттылық танытып, өтпелі кезең қиыншылықтарын жеңе білді. Дәл осы күрделі, қайшылықтары мен қақтығыстары көп аласапыран заманда қазақ азаматы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұлдызы биікте жарқырады. Достастық пен өзара түсіністіктің ғасырлық игі дәстүрімен, қағидаларымен қалыптасқан біздің көпұлтты халық оған өзінің тағдырын сеніп тапсырды. Ол ел сенімін толық ақтады және ақтап келеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігі, батылдығы және қай істе де терең ойлайтындығы туралы айтқанда, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» атты романындағы бір эпизод еріксіз еске түседі.

«Абылай хан жетпіс жасқа дейін жетіп, ауырып қалады, өзіне сенімді Бұқар жырауды шақыртады.

– Орындалмаған армандарыңыз бен ниеттеріңіз бар ма? – деп сұрады қарт данышпан. Абылай өкіне отырып, былай деді:

– Көп қан төгілді, егер мен оны төкпегенде, онда оны менің жауларым төгер еді;

менің халқым Жер-анаға бетімен бұрылып үлгермеді, мен қала тұрғызып үлгермедім;

халықты біріктіріп үлгермедім, онда жікшілдер көп болып шықты…».

Осы диалог болған уақыт пен қазіргі уақыт арасына параллельдер жүргізуге болар ма еді? Парасатты сана мұндайдың әбден мүмкін екендігін айтады. Мүмкін, Абылайдың ежелгі армандарының Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты істерінде көрінуінің себебі осы шығар. Біздің қоғам бүгін бейбітшілік пен түсініктікте өмір сүреді және әрқашан достық көршілік қатынасқа, аспанымыздың ашық болуына, таяу және алыс шетелдермен ынтымақтастыққа, саяси-экономикалық және әлеуметтік проблемалардың дұрыс шешілуіне күш салып келеді.

Мына жағдайды ерекше атап айтқым келіп отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Жаратушы Иеміз – Алла тағала сыйлаған ақыл-ойымен, өзінің ерен де ерекше қабілетімен, көрегендігімен, күш-жігерімен, парасаттылығымен және үлкен стратег басшы ретінде санғасырлық тарихы бар өз халқын тұңғыш рет біртұтас ел ретінде біріктіре алды және Есіл өзенінің жанынан су жаңа елорда – Астана қаласын тұрғызды. Абылай ханның арманын жүзеге толығымен асырды.

Өз тарихында бүгін біз тұратын қаланың атауы бірнеше рет өзгерді: 1830-1832 жылдары – Ақмола; 1832-1961 жылдары – Акмолинск; 1961-1992 жылдары – Целиноград; 1992-1998 жылдары – Ақмола, ал 1998 жылдан бастап – Астана.

Менің ойымша, Ақмола облысының (Ақмола облыс орталығы болған) бұрынғы әкімі Андрей Браунның «Менің өмірім» кітабынан алынған еске алулары өте қызықты: «Нұрсұлтан Әбішұлы бізде жиі болатын. Осы жолы да тікұшаққа отырып, қаланы және оның аймағын бірнеше рет айналып шықты, қаланы тұщы сумен қамтамасыз ететін Вячеслав су қоймасын көрді. Ерейментау тауларына қонды. Табиғат сұлулығына тамсана отырып, тау бөктерлерінде ұзақ жүрді, таудың керемет таза ауасымен тыныс алды. Сәлден кейін Нұрсұлтан Әбішұлы осы келуінің құпиясын ашты.

– Астананы ауыстырмақ ойым бар, міне, сол үшін әр жерге бір барып қарап жүрмін. Сенің қалаң барлығынан да қолайлы: Қазақстанның орталығы, ірі темір жол торабы, мұнда барлық жақтың жолдары тоғысады, оңтүстіктен де, батыстан да, барлық облыстармен әуе байланысы да бар. Барлық баптар бойынша, ең дұрысы осы жер. Министрліктер мен ведомстволарды жайғастыру да басқа жерге қарағанда, осы жерде жеңіл болады деп ойлаймын, өйткені, бұл жерде өз уақытында өлке басшылары орналасқан болатын, – деді Президент. Ол әңгіменің соңында бұл туралы әзір тіс жармауымды ескертті. – Мәселе әлі шешілген жоқ, барлығын жақсылап саралау қажет. Парламент келісімі мен қаражат қажет.

Астананы ауыстыру идеясы мені қуантты: өйткені, жаңа жұмыс орындары пайда болады, қаланы жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесінің шешімі жетілдіріледі және тұрғындар астанада тұрады.

Кейін ресми шешім шықты, Парламент астананы ауыстыруға келісімін берді және министрліктер мен ведомстволарды жайғастыру бойынша жұмыстар басталып та кетті. Бұл кезең мен үшін, әрқашан тіл табысып отыратын қала әкімі Аманжол Бөлекбаев үшін және біздің көмекшілеріміз үшін жауапты әрі қиын кезең болды. Барлық министрлер, басқа да республикалық басшылар жақсырақ, үлкенірек, қала ортасынан және Президент Резиденциясына жақынырақ ғимараттар сұрай бастады, сұраныстарын қанағаттандырмасаң, өкпелейді. Кейінірек астананы көшіру жұмыстары бойынша Фарид Ғалымов министр болып тағайындалды. Біздің жүгіміз айтарлықтай жеңілдеді, ол барлық мәселелерді оңтайлы шешті. Ал, жалпы, астананы көшіру стратегиясын Президенттің жеке өзі белгілеп отырды.

Астананың аты туралы бір-екі ауыз тұжырым. Мемлекет басшысының Жарлығымен 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола қаласының аты Астанаға ауыстырылды. Астана – астана. Жаңа атау бірнеше себептер бойынша қолайлы. Біріншіден, оның бір мағыналы түсінігі және нақты белгіленген мәні бар. Екіншіден, ол қандайда бір келеңсіз саяси және тарихи талдауға ұшыраған жоқ. Үшіншіден, ол қаланың сипатын жақсы бейнелейді. Төртіншіден, қаланың жаңа атауы жақсы естіледі және мемлекеттік тілде де, негізгі халықаралық тілдерде де мағынасын еш өзгертпейді. Ол 1998 жылдың 10 мамырындағы астананың тұсаукесері барысында қала символы болды және астаналардың дүниежүзілік тізіміне енгізілді.

1998 жылдың 9 маусымында түркі тілдес елдер басшыларының бесінші саммиті Астанада жоғары деңгейде өтті. Оған Әзербайжан Президенті Г.Әлиев, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Қырғызстан Президенті А.Ақаев, Түркиядан – С.Демирель, Өзбекстаннан – И.Каримов және басқалары қатысты. Ал 1998 жылдың 10 маусымы күні тәуелсіз Қазақстан Республикасының елордасы ретінде Астана қаласының халықаралық тұсаукесері дүркіреп өтті. Мен соның жуан ортасында болған куәгерлерінің бірімін.

Думан-той бағдарламасына сәйкес Орталық стадионда театрландырылған көріністер, қаланың негізгі алаңында қазақстандық және шетелдік эстрада шеберлерінің концерті, халықтың мерекелік шеруі болды. Астананың тұсаукесеріне келген президенттер Мемлекет басшылары аллеясының бірінші талдарын отырғызды. Президентіміз болашақ Отан қорғаушылар монументінің тасын қалады. Ал түнде, тұсаукесер тойының шарықтау тұсында Нұрсұлтан Назарбаев ғарышкер Талғат Мұсабаевпен сөйлесіп, ғарышта ұшып жүрген оған былай деді: «Сен Жаратушыға бір табан жақын жүрсің ғой. Алла тағаладан біздің жас елордамыз – Астана қаласы мен туған халқымызға сәттілік тіле. Жаратушы иеміз бізге оң батасын берсін», деп тілек айтты. Сол сәтте бүкіл әлем, барлық қазақстандықтар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ғарышкер Талғат Мұсабаевтың дуэтпен айтқан өлеңін естіді. Ол бір мезгілде бүкіл Жер шарында және ғарыш кеңістігінде айтылған жеңіс өлеңі болды. Айта кетейін, дәл осындай керемет оқиға бұрын-соңды еш жерде, еш елде ешқашан болған емес. Иә, сол күні баршамыз ұмытылмайтын, естен кетпейтін тарихи оқиғаға куә болып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтармен бірге қуаныш сезіміне бөлендік, нағыз адами бақытқа кенелдік.

Дәл бүгін біздің Астана қаласының даңғылдары, көшелері, әсем ғимараттары, кешендері, тұрғын үйлері, демалыс орындары, архитектурасы – бәрі-бәрі таңғажайып. Қарай бергің келеді. Иә, қазақтың кең даласы – Сарыарқаның төріндегі әсем қала – Астанамыз гүлденіп, құлпырып тұр. Астананы көрген сайын көңілімді қуаныш, жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Мен қазақтың қарапайым азаматы Астанамен бүкіл әлемге мақтанамын. Мен жаңа елордамыз – Астана қаласына қызмет істеуден әсте шаршамаймын, жалықпаймын. Қолымнан келген іс-шараларды жүзеге асыра беремін. Шығармашылығыммен қатар, өзім ұйымдастырып салған, аты аңызға айналған тұлпар «Құлагер» ескерткішінің қасынан ұлт мәдениетінің шынайы жанашыры, үздік меценат Марат Нәбиев досымыз екеуміз «Ұлы Дала Даңқы» (Музей Славы Великой Степи) мұражайын салуды қолға алдық. Бұл маңызы зор жобаны біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, Астана қаласының 20 жылдығына және «Астана-ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнаймыз. Астана күні құтты болсын! Өсе бер, өрлей бер, Астана!

Сәдібек ТҮГЕЛ,
Астана қаласы әкімінің 1998-2002 жылдардағы
баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.

6 шілде 2013, «Егемен Қазақстан»

Сондай-ақ, оқыңыз

Құрбан айт қабыл болсын!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймыз! Құрбан …