Ел сенімін ақтаған бірегей тұлға – ҚЫДЫРБАЙ НҰРПЕЙІСОВ

 

«Нұр Отан» партиясының байырғы мүшесі, патриот азамат, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қарамағында зейнеткерлікке шыққанға дейін адал, таза,   жемісті қызмет атқарған, ҚР Президенті әкімшілігінің бөлім меңгерушісі, ҚР Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары болып лауазымды жұмыстарды абыроймен атқарған ағамыз, есімі елімізге танымал қаржыгер Қыдырбай Нұрпейісов 2017 жылдың 25 қарашасында тура 70 жасқа толады. Өз өмірінде Қыдырбай Нұрпейісов Елбасының сенімді серіктерінің бірі ретінде өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарып, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, ҚР  Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Ол жаңа Елордамыз-Астана қаласына алғашқы болып келушілердің бірі. Ағамыз үлкенге -іні, кішіге-аға болып, азаматтық келбетімен, адалдығымен елге үлгі көрсетіп келеді. Ол жастардың білікті тәлімгері, бірлігі жарасқан жанұяның отағасы. Жан-жары Күләш тәте екеуі үш ұлды өсіріп, келін түсіріп, немерлер сүйіп отырған бақытты ата-аналар. Шын жүректен қадірлі ағамызды 70 жасқа толуымен құттықтаймыз!

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА!!

СӘДІБЕК ТҮГЕЛ.

ӘҢГІМЕ

Ауылнайдың айтқаны

 

Елорданың Алатаудың баурайынан Сарыарқаға көшірілуі – ұлт өміріндегі тарихи оқиға. Бұл күнде Ұлы көш ел азаматтарының басын біріктіріп, та­быстырып, достастырып отыр. Ол – ақиқат.

Қаншама кісі ағайын-туыс, бауыр, іні мен ағаны кездестірді. Балаларының арқасында мың жылдық құда-құдағи атанды. Ұлы көш адамдарды алға, биікке жетелеп, азаматтарды ізгілікке, парасаттылыққа тәрбиелейтін үлкен процеске айналды.

Көш басында келгендер қаланың шығыс бетіндегі мөлтекауданнан пәтерлер алды. Үйлер тек қызыл кірпіштен салынғандықтан, халық оны «Қызыл ауыл» деп атап кетті. «Қызыл ауылдың» кеші әрдайым көңілді өтеді. Күнде жұмыстан келген ер-азаматтар бір үйге жиналып бас қосады. Шай ішіп, небір әңгіме-дүкен, анекдоттар айтылады. Жиналатын жеріміз – ҚР Пре­зидент әкімшілігінің қаржы бөлімінің меңгерушісі, бас бухгалтер Қыдырбай аға Нұрпейісовтің шаңырағы. Үй иесі ақжарқын, әрқашан күліп тұратын, ешкімді жат са­намайтын, қайта бауырына басатын, марқасқа азамат. Нағыз маңмаңгер.

Сондықтан болар, жігіттер Қыдекеңе бірауыздан «Ауылнай» деген ат қойды. Шынында ағамыз – ауыл­най десе, ауылнай.

Бір апта бойы атқарылатын игі мәдени-шараларды алдын ала жоспарлап, жіпке тізгендей кестеге түсіріп, жазып қояды. Оны бұлжытпай орындауың қажет. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндердің бірінде, міндетті түрде, ауылнайдың басшылығымен моншаға барамыз, шаш алдырамыз, шаңғы тебеміз. Келе-келе бұл нағыз дағдыға айналды. Бүгін ауылнай не айтады екен деп тосатын болдық. Сонымен, көзді ашып-жұмғанша, 1998 жылдың қысы таусылып, көктемі келді, жазы бітіп, мек­тепке баратын қыркүйек айы жақындағанда, артынып-тартынып, бала-шағаны ертіп әйелдеріміз де келді.

Ауылнай тағы бір жаңа графикпен таныстыр­ды. Онда қоныс тойлары мен ерулікке шақырулар бекітілген. Ауылнай айтты, бітті, бәрі қалпында, бәрі рет-ретімен өткізіледі. Келе-келе, Қыдекеңді ер-азаматтар ғана емес, келіндері де құрметтеп, ақыл айтатын аға ретінде тани бастады. Мен ол кез­де жаңа Елорданың баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі болып жұмыс істеймін. Шаруа шаш-етектен. Күнде қарбалас. Кешкі сағат онға дейін жұмыста тапжылмай отырасың. Ұлттық Ат Спорты федерациясының жұмыстарын тек оннан кейін істеуге қол тиеді. Оның үстіне, достармен кездесіп, бильярд ойнау бар. Сонымен, қойшы, бірнеше күн қатарынан үйге кешігіп, таң ата келіп жүрмін.

«Алдағы демалыс күні ертесімен дүкендер ара­лап, үйге жиһаз қарайық. Бүгін кешікпе», – деді бір күні жұбайым Қайкен нығарлап айтып. Мен уәде бердім. Бірақ, бұл күні де достарыммен көп жүріп, уәдемді орындай алмадым, үйге тағы да таңға жуық шаршап келдім. Дүкенге бару қайда, мұршам келмей, ұйықтап қалдым.

– Сәдібек, түс болды ғой, тамақ дайын, – деген әсем даусымен Қайкен ұйқымнан оятты. Өңім бе, түсім бе? «Келісім, уәде қайда қалды, сен қайда болдың?» деген сұрақ жоқ. Мынау бір жақсылық қой. Орнымнан тұрып, беті-қолымды жуып, дастарханға жайғастым. Байқаймын, Қайкеннің көңілі көтеріңкі, жүзі жайдары.

– Қайкен, бүгін бір жақсы күн болады екен. Көңілдісің ғой!

– Көңілдімін. Көңілденгенде қандай!

– Ау, айтсаңшы созбай!

– Алдын-ала екеуміз келістік қой, ертесімен жиһаз қарауға барамыз деп. Келістік. Сен тағы да кешігіп келіп, бара алмадық. Мен қатты ренжідім. Ренжігенім сондай, Әйгерімді ертіп ауылнай ағаның үйіне бардым, шер тарқатып және болған жағдайды айту мақсатында. Қыдырбай аға мен Күләш тәте үйде екен, бізді жылы қарсы алды. Лезде шай қайнап, дастархан жайылды. Үстел басына жайғастық. Каспийдің толқындарындай қою бұйра шашын тарап, ауылнай ағамыз өз орнына келіп отырды. Амандық-саулық сұрастық. Сосын аға «Сәдібек қалай?» деп сұрады. Менің тосқаным да осы ғой, асыға айта жөнелдім. «Ауылнай аға, сол Сәдібектің тәртібі бойынша келдім. Алматыда жүргенде, пре­феранс ойнағанның өзінде сағат кешкі 11-12-ден қалмай үйге келетін. Ал қазір күнде таң ата келетін болды. Бірдеңеге ұшырап қала ма деп қорқамын. Міне, бүгін де таңғы 5-те келді. Осы жағдайды Сізге айтайын деп келдім. Дұрыс келдім бе, бұрыс келдім бе, білмей тұрмын. «Дұрыс келдің, Қайкен. Маған, ағасына айтпағанда, кімге айтасың? Бірдеңеге ұшырап қала ма дейсің. Әбден дұрыс айтасың. Енді менің жауабымды тыңда. Иә, сөйтіп жүре берсе, бірдемеге соқтығысып, ұшырап қалуы әбден мүмкін. Жол тори­тын ұры-қараниеттілер кездессе қайтеді? Оның үстіне қаланың ұңғыл-шұңқырлары көп. Соған түсіп кету қаупі бар. Одан шығатын жол біреу ғана. Сәдібек бауырым барған жерінде қонып қалсын. Ұйқысын қандырып, күн ашылғанда, жарықта бірақ келсін. Сонда аман-есен жүреді, шырағым. Осы сөзімді жеткіз Сәдібекке»,– деді. Сәке, күліп отырғаным сол. Дегенмен, ауылнай аға таза көңілден жақсы ақыл айтты деп ойлаймын. «Қырықтың бірі – Қыдыр» дейді ғой, ағамыздың аты Қыдырбай ғой, айтқанын орындаймын. Қайда жүрсең де, қалай жүрсең де, аман жүр, үйге аман келсең болғаны, – деп Қайкен бетімнен сүйді.

Содан бері ауылнайды кездестіргенде: «Аға, сіздің айтқандарыңызды бұлжытпай орындап жүрміз», – деп қалжыңдаймыз. Оған Қыдекеңнің жауабы біреу ғана: «Мен сендердің – бауырларымның аман-сау жүргендеріңді қалаймын», – дейді.

***

Сәдібек  Түгел. 

Әңгіме.

Қыдырбай көшесі

 

Бильярд – адамды

өзіне лезде тартып, баурап алатын ойын. Ал серігің өзіңдей ойынқұмар болса, онда уақытты ұмыт. Әдеттегідей, ойынның қызығына еніп алған Акбар  байке   Рысқұлов екеуіміздің кездесуіміз бүгін де ұзаққа созылды. Өйткені, қайсымыз да жеңілуді қаламаймыз. Қайтсек те, жалпы есепте жеңіске ие болу, жоқ болғанда, тең болу шарт. О
йнайтын жеріміз – қазіргі «Зодиак».

– Мырзалар, клубымыз жабылды, сағат таңғы бес болды, – деп қасымызға маркер бала келді.

Сыртқа шықтық. Дала қараңғы. Қала әлі қалың ұйқыда.

 

Клиент тосып, қалғып-шұлғып отырған таксистің қасына келіп отырдым.

– Куда поедем, шеф?

– В сторону Караганды.

– Точнее скажите, я здесь новичок, приехал из Пав­лодара.

– По проспекту Абылай хана.

– А угол какой улицы?

Қызыл ауылға бұрылатын көшенің аты бар-жоғын білмеймін. Білмеймін деу ыңғайсыз. Әйтеуір, ол көшенің Қыдырбай ағаның үйінің бұрышынан бұрылатынын білемін.

– Угол улицы Кыдырбая Нурпеисова, – деп нық жау­ап қаттым.

Машина Абылай хан даңғылынан келеді. Байқаймын, жүргізуші қобалжып отыр. Мен айтқан адамның көшесін бірінші рет естіп отырғанын, онда болмағаны жүзінен білініп тұр. Біраз жүрістен кейін, ра­циямен біреумен сөйлесті.

– Везу клиента по проспекту Абылай хана, улица Кыдырбая Нурпеисова где, я не знаю.

Рацияның ар жағынан адам:

– Что-то не припоминаю такую улицу. Подожди, по­дожди, есть схожая улица в районе железнодорожного вокзала. Но точно сказать не могу.

Осы жерде әңгімеге мен де араластым.

– Дорогой, не переживай, я знаю, когда приблизим­ся скажу.

– Новая столица есть новая столица. Каждый день что-то меняется. Все не запомнишь, – деп таксист тіл қатты. Әңгіме үстінде көлігіміз сол көшеге жақындады.

– Вот, улица Кыдырбая Нурпеисова. А он сам живет в этом доме, на 2-ом этаже, где свет горит.

Такси үйдің алдына келіп тоқтады. Жол ақысын төледім. Жүргізушіге рахметімді айтып, көліктен түсуге ыңғайландым. Шофер маған қарап:

– Раз улицу назвали именем живого человека, тогда он – хороший парень.

– Да, Кыдырбай Нурпеисов – хороший человек, – деп машинадан түсіп, үйге кіруге бет алдым. Содан бері бұл көше халық арасында Қыдырбай көшесі деп аталады.

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Мені халық қолдады.

Әріптесіміз журналист, танымал қоғам қайраткері Сәдібек Түгел «Халықтың сүйіктісі» атанды. 2018  жылдың 3-ші ақпаны күні …