Кітапбаев Бошай

Ер БошайКітапбаев Бошай 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында туған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып 1944 жылы Украинаның Витьевск қаласы үшін болған соғыста жараланып, бір аяғынан айырылып әскерге жарамсыздығынан елге оралады. Сауыққан соң 1945 жылдың сәуір айында Катонқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы қызыметіне орналасады. 1950 жылы Зайсан ауданының атқару комитетінің төрағасы қызыметіне ауысады. 1955 жылы Үлкеннарын ауданының Ленин атындағы ұжымшарының төрағасы болып сайланады. Осы ұжымшарда Бошай ағаның іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті кеңінен танылып, ұжымшар жұмысы күрт өрге көтеріле бастайды. Еңбек ете жүріп, ғылыми жұмыспен де қатар айналысады. 1970 жылы экономика тақырыбына кандидаттық диссертация қорғап ғылым кандидаты атанады. Бошай ағаның отанына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Октябрь революциясы», В.И.Ленин ордендарымен марапатталып, 1977 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы, кейін Катонқарағай ауданының құрметті азаматы атағы беріледі. Б.Кітапбаев ұжымшар жұмысын атқара жүріп, шығармашылық жұмысқа, ұлттық спортқа да ерекше мән берген адам. Батыр ағаның «Бұланқара», «Құланқара» атты сәйгүліктері елімізде ұзақ жылдар аламан бәйге жарысының, ал «Желмаясы», жорға жарысында бәйгенің алдын бермеген. Ол кісі жылқыны ерекше құрметтеген, жылқы өсіру мен бәйге аттарды баптаудың қыр-сырын терең меңгерген республикадағы танымал дана атбегі.
Осы жылдың маусым айының 6-шы жұлдызында, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын ардақты Бошай аға Құлагерге ескерткіш ашылады дегенде 90-ға тақаған жасына қарамай, таяғына сүйеніп Өскеменнен Астанаға келіп ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Сөз сойлеп: «Құлагер – Ұлы даланың символы. Жылқы киелі, қасиетті мал. Қазақ елінің тарихын жасауда, оның орны бөлек. Ұланғайыр жерімізді аталарымыз аттың үстінде жүріп қорғаған. Ал Құлагерге ескерткіш қойып, елді елең еткізген Сәдібек ұлымызға ризамын!» деген еді. Соның артынан атағы жер жарған біртуар Бошай ағаның Өскемендегі үйіне соғып әңгімелесудің сәті түскен еді. Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғын беріп, жалғыз аяқпен жүріп, Еңбек Ері, шаруашылыққа тиімді көп жаңалық енгізіп, Гылым кандидаты атанған, ұлтымыздың ат спортын дамытуда да аты аңызға айналған ағаны кезінде Габит Мүсірепов, Кәкімбек Салықов сында белгілі ақын-жазушыларымыз талай шығармалар арнаған.
Шежіре қария Құлагерді еске ала отырып Шығыс елінде болған мына бір әңгімені айтып еді.
«Қай елде де іші тар, көрсеқызар Батыраш, Қотыраштар болған ғой. Күршім ауданында «Чердояк» (Шірікаяқ) атанған іргелі ауыл бар және «Қоңыраттың шапқан жолы» атанған жол бар. Осы ауылдың Шірікаяқ атану себебі былай болған екен. Ертеректе Сарыжомарт Тоқпан деген бай қызын Керейлерге ұзатып, қызына шашағына шаң жұқпас, жүйрік қоңыр атын мінгізіп жіберген екен. Сол елдің екі жігіті Құрымбай мен Жұрынбай, Қоңыраттың елден кеткеніне, «ендігі бәйге Қоңыраттан оза алмай жүрген біздің Көкжүйріктікі» деп қуанады.
Көктемде Қоңырат барған жерінен қашып келіп өзінің үйренген үйіріне қосылады. Жылқышылар Қоңыратты жаратып, дайындап жүріп, елдегі үлен тойда бәйгеге қосады. Аттарды Құйған деген жерден жібереді. Бәйгеге қосылған 75 аттың ішінде Қоңырат жеке дара алда келе жатады. Қоңыраттың бәйгеге қосылғанын білген ағайынды екі жігіт Құрымбай мен Жұрынбай орта жолда бәйгені тосып, ұстап алып, басқа аттар ұзап кеткенше жібермей тұрады. Қоңырат шапшып, бұлқынып құрсаудан құтылмақшы болып арпалысады. Тұлпардың жанталасын көріп тұрған інісі: «Тұлпарға қастық қылғанның тұқымы құриды деген» Қоңыратты жіберейік ,-дейді ағасына. Қоңырат жібермесіне көзі жеткен соң ұстап тұрған адамның тізесіне ауызды салып езіп жібереді. Сөйтіп құрсаудан босап шығып, ұзап кеткен аттардың артына қарап тұрып, енді қуып жете алмасына көзі жеткен соң Ертіс өзенінің жиегіндегі жарды жағалап жолсызбен төтесінен тартып, мәреге алдымен келеді. Содан бері ел Қоыңыраттың шауып өткен жолын «Қоңырат шапқан жол» деп, ал аяғы шіріп дүниеден жанын қинап өткен жігіттен жиіркеген ел, оның ауылын Шірікаяқтың ауылы деп атап кетіпті. Кеиін жайлы мекенге переселен орыстар келіп қоныстанып Шірікаяқ дегенге тілдері келмей «Чердояк» деп атапты. Ал, «Шірікаяқтан», Батыраш пен Қотыраш секілді тұқым қалмаған екен»-деген еді. Иә, біздің аталарымыз жылқыны тегін, киелі, қасиетті мал деп есептемеген. Жылқыға зәбір көрсеткен адамның өмірде жолы болмайды. Жылқы ақылды мал, ол сенің ойыңды, пейіліңді, ниетіңді біліп тұрады. Ол иесін жолда қалтырмайтын сенімді жануар. Сондықтан да оны басқа ұрмайды, аяқпен теппейді.

Сондай-ақ, оқыңыз

Ұлттық спорттың төрешілері, олар кімдер?

Сәдібек  Түгел.  Ел Егемендігіне және Тәуелсіздігіне сәйкес республикамызда ұлттық спорт түрлері қанатын кеңге жайып, өсіп-өркендеп …