Біз қайда барамыз?!

DSC01483Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы  театрында 2011 жылдың 12 қазан күні сәрсенбінің сәтті күні  жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел мен «Он–Олжа» ЖШС  директоры, кәсіпкер Нәбиев Марат Әскенұлының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала Қырандары» атты республикалық қоғамдық-саяси қозғалыс дүниеге келді.  Қозғалыстың 1 Құрылтай съезіне барлық облыстардан делегаттар  және Қазақстан ХКП, «Ақ Жол» партиясынан, «Нұр Отан» ХДП  өкілдері қатысты. Съезд жұмысын құттықтау сөзбен қоғам қайраткері, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Жекен Қалиұлы ашты, одан кейін  екі баяндама жасалды. Бірінші баяндамашы жазушы Сәдібек Түгел жаңа құрылымның «Ұлы Дала Қырандары» аталу себебін:  «Жаңадан құрылып отырған қоғамдық-саяси қозғалыс құрдан құр «Ұлы дала қырандары» деп аталып отырған жоқ. Ұлы дала төсін мекен еткен қырандардың қасиеті әмбеге аян, елге мәлім. Жерге қонып, көкте самғаған, көкке ұшып жерді шарлаған қырандардай қырағы һәм қиядан қарап, қисынын  табатын, қандай жағдайда да талмайтын қанаты мен қажымайтын қайратын көрсету! Әрі ұлт сөзін сөйлеп, халыққа қызмет қылғанда басқа қандай күн тусада  қанатымыз талмасын, қайратымыз қажымасын деген жалғыз тілектен туған дүние»-деп түсіндірді. Ал осы қозғалыстың құрылуына  себеп болған: «Туған жұртының тәуелсіз ел болуын көксеп көре алмай кеткен, өз елім деп өксіп өмірден өткен ата-бабаларымыздың асыл арманына қол жеткізгенімізге де жиырма жыл. Бодандықтың бұғауын бұзып, бейбіт ел болған 20 жылда қазақ қайта тұлпардай түлеп, қырандай қияға қанат қағып тұғырына қайта қонды. Азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап іргедегі елдермен ғана емес, ірі мемлекеттермен қарым-қатынас орнатылды. Алыс-беріс артып, барыс-келісте көбейді. Бүгінде Батыс пен Шығыстағы азуын айға білеген, дамудың даңғыл жолына түскен елдері санасатын елдің біріміз. Жиырма жылда егеменді еліміздің асқан асуы аз емес, әлі жасалмай жатқан кемшіліктерде жоқ емес. Осы уақытқа дейін Отанымызда ел игілігі үшін  жасалған дүниелерді елге айтып, көлеңкеде қалып, көптен күрмеуін таппай келе жатқан қоғамдағы келеңсіз мәселелерді биік мінберлерде билік алдында көтеріп, шешу жолдарын көрсетіп, бағыт беретін, қаперден шығып қараусыз қалған құнды дүниелерді қайта жаңғыртып ұрпақ игілігіне жаратуға мұрындық болатын жас әрі жаңа «Ұлы дала қырандары» атты бүкіл қазақстандық қоғамдық-саяси қозғалыс құрып отырмыз. Басқанын бодауында болса да бас бермеген, айтқанына көніп айдауына жүрмеген, қара бастың қамы, отбасының жанын ойламай, Ұлы даладағы ұлтының ақ ордасын ойлаған, жау қолына түссе де елін сатып жалтақтап жағымсынбаған, қылша мойынға қанша қыл арқан салса да сағы сынбаған, татар дәм-тұзы таусылғанша тура жолдан таймай «АЛАШ» деп алдаспандай жарқылдап өткен текті бабалардан қалған қазылы қазынаға, мол мұраға, байтақ даладағы байлыққа ие боп, игілікке жарату үшін әр қазақ азаматы үн қосып, ат салысу қажет. Осыны күнделікті күйбең тірлікпен жүріп ұмытпай, ұлтқа ұлықтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету Сіз бен Бізге ортақ мақсат деп білеміз»- деп түсіндіріп өтті.

DSC01476Екінші баяндамашы Марат Набиев өзінің таяуда 55 жасқа келіп, сонда терең ойланып «Осы жасқа келгенше отаныма, халқыма, артымыздағы өсіп келе жатқан  ұрпағымыз  үшін қандай жұмыс тындырдым, олар қандай елде, қандай заманда өмір сүреді,  деп  өзіме өзім есеп бердім. Біз әлемде теңдесі жоқ байлығы бар елде тұрып жатырмыз, Менделеев таблицасындағы заттардың барлығы дерлік біздің еліміздің қойнауынан шығып жатыр. Еліміздің 5 мың жылдық тарихыын біз оны өткен заманда жоғалттық. Біз ежелден гені мықты рухы жоғары  халықпыз, біздің халқымыздың арасынан, әлемге әйгілі ғалымдар, музыканттар, қайраткерлер, спортшылар шығып жатыр, өкініштісі өз елінде оларға сұраныс болмағандықтан күн көріс  үшін шет елдерге кетіп қалып жатыр. Біздің таяудағы мақсатымыз – шет елдердегі бауырларды елге қайтаруымыз,   халқымыздың жеделдетіп көбейуіне, әйелдеріміздің бала тууына барлық  жағдайды жасап, санымызды   40 миллионға жеткізуіміз керек. Шет елден біреу келсе төрге шығарып, жерімізді басқа да сұрағандарын беріп  өзіміз босағада қалып қоямыз. «Түркімен төрін бермес»  деген сөз бар, бізде басқа елдер секілді  төрімізде өзіміз отыруымыз керек. Бізде байлық бар да бірлік жоқ. Қазақстанның байлығы онда тұратын барлық халықтың игілігіне жұмсалуы керек. Бізде тұрақтылық та, халықтар арасында татулық та бар, ең бастысы басқа елдердегідей соғыс жоқ. Біздің қозғалысымыздың басты мақсаты барымызды жоғалтпай, халқымыздың рухын көтеріп, қолда бар игілікті одан ары дамытып елді байлыққа, бақытқа жеткізу. Қазақстан халқын қазақстан байлығының шын иесі ету. Болаш ұрпағымыз, жасаған игі істерімізді ризашылық сезіммен еске алатындай, құрмет тұтатындай жұмыстар жасау» -деп қортындылады баяндамасын.

DSC01457Баяндамашылардың «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының алдына қойған мақсаттары:

Бірінші: Қозғалыс ең алдымен ел өміріне толық қанды демократиялық құндылықты енгізуді ұсынады. Дамыған елдердегідей бізде демократиялық талаптарға – даңғыл ашу.

Екінші: Жоғарыдан төменге дейін жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою. Бұл кеселдің бүгін алдын алмасақ -кеселі келешекке тиеді. Қоғамымызды дендеген жемқорлық қазақ елінің тәуелсіздігіне де өте қауіпті. Сондықтан осы дертті дер кезінде тоқтатып, түп – тамырымен құрту. Халық қазынасына қол сұғып, ел игілігіне жаратар қаржыны қалтасына басып, мемлекетімізге зиян келтірген лауазымды тұлғалар қатаң жазалануы тиіс. Сол үшін  жуық арада Парламент өлім жазасын қайта қараулары керек.

Үшінші: Кейінгі жылдары қоғамда қылмыс көбейіп барады. Бұл да заңымыздың солқылдағынан екені даусыз. Адам өлтіргендерді, жас балаларды қорлағандарды, нәзік жандарды зорлағандарды,  өлім жазасына кесу. Сондықтан ҚР заңдарына толықтырулар мен өзгертулер енгізу керек. Барлық сот ашық әрі жариялы түрде өтуі тиіс. Ата – бабамыздан «Әділ биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деген ұлы сөз қалған. Ал, әділетсіз шешім қабылдаған биге халық екінші қайта жүгінбеген. Бұл дала демократиясының тереңде жатқанын көрсетеді. Жариялылық бар жерде жемқорлыққа жол берілмейтінін қазіргі дамыған елдердің тәжірибесінен де көруге болады.  Сондықтан, азаматтық, қылмыстық істер жүргізу кодекстеріне істің қай деңгейде жүргізіліп жатқанына қарамастан журналистердің іске қалаған уақытта қатысып, қажетті ақпарат алуға мүмкіндік жасайтын баптарды кіргізу қажет.

Төртінші: Елдегі жұмыссыздықты жою. Ел тұрғындарының еңбекке жарамды азаматтарын түгелдей жұмыспен қамтып, жұмыс тәртібінің сақталуына қадағалау қажет. Бұл ретте ең алдымен билік «Өзін – өзі жұмыспен қамтамасыз етуші» деп көлгірсіп көргісі келмейтін жалпы саны 3 миллиондай көпшілігі ауылда тұратын, ал іс жүзінде тұрақты кәсібі, жұмысы жоқ ауылдардың әлеуметтік, еңбек жағдайы мемлекет күшімен нақты реттелуі керек. Еңбек өтілімі жоқ жастардың алғашқы жұмыс орны ерекше қамқорлықты қажет етеді. Елімізде еңбек шарттары жиі бұзылып жатады. Жазықсыздан жазықсыз жұмыстан шығарып жіберу сияқты олқылықтарға жол бермеу үшін жұмыстан шыққан адамдардың мәселесімен айналысатын арнайы  орталық болуы керек. Егер еш ескертусіз, жеке бастың араздығы үшін жұмыстан шығарған жағдайда сол мекеменің басшысы жұмыстан босатылып, жазаға тартылуы  тиіс.  Адамдардың зейнет ақыға шығатын жас мөлшерін кішірейтуіміз керек. Ерлер 60 жаста, әйелдер 55 жаста зейнетке шығуы тиіс. Зейнетке шыққан адамдар өз еркімен төменгі жалақымен ғана жұмыс жасауға болады.

Бесінші: Біз әлемде 9 –шы орын алатын ұланғайыр жері бар аз халықпыз, біз жеделдетіп санымызды 40 милионға жеткізуіміз керек. Ол үшін ана мен балаға барлық материалдық, моральдық жағдайды жасау қажет, көрші Ресей елінің тәжірибесін енгізіп, әр туған бала үшін 8-10 мың  доллар көлемінде си ақы, баланы бағуы үшін  90 мың теңге (орта жалақы) ай сайын жәрдем ақы берілуі қажет.   Мұндай жағдайсыз біздің санымыз көбеймейді.

Алтыншы: Адамдардың зейнет ақыға шығатын жас мөлшерін кішірейтуіміз керек. Ерлер 60 жаста, әйелдер 55 жаста зейнетке шығуы тиіс. Зейнетке шыққан адамдар өз еркімен төменгі жалақымен ғана жұмыс жасауға болады.

Баяндамашылардан соң жарыс сөзге шыққандар:

Мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиев, Ұлтымыздың біртуар перзенттері  профессор Тұрсынбек Кәкішев, атақты археолог Зейнолла Самашев, солтүстік Қазақстан облысынан келген белгілі археолог Виктор Зайберт, Көкшетаудан  айтыскер ақын жыршы Баянғали Әлімжан, Семейден экономика ғылымдарының  докторы Әбсаламов Нәдірбек, Маңғыстаудағы «Ат спорты түрлері  «федерациясының президенті, мұнайшы Орынбасар Құлбеков, Қостанайдан ҚР «Жұдырықтасу» федерациясының президенті Шахан Нұрғалиев,  Қазақстан халықтық коммунистік партиясының төрағасы Косарев Владислав Борисович, Батыс Қазақстаннан Серік Бекарысұлы, Сепногорск қаласынан келген оралман қария Тұрсынбек Әбіл, жыршы-термеші Баянғали Әлімжанов, Астанадағы Тіл қоғамының төрағасы Ералы Әнуарбек, ғалым Закариянов, Алматылық суретші Жанарбек Ескенов және тағы басқа делегаттар мінберге шығып сөз сөйлеп, ұлттық дүниелерді ұлықтау, болашақ жастарды тәрбиелеу, демократиялық құндылықтарды толыққанды енгізу, қоршаған ортаны қорғау, ұлы дала өркениетін қалыптастыру сияқты бірнеше өзекті мәселелерді қозғады.

Съезге қатысушылар  қозғалыстың алдағы жұмыс жоспарын бекітіп,  және 25 адамнан Саяси кеңес пен  теңтөраға етіп Сәдібек Түгелмен, Марат Нәбиевті сайлады.

Бірінші құрылтайға қатысушылар – Үкімет басшысына, сондай-ақ еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларының әкімдеріне ел тарихындағы даңқты тұлпарлар: Қамбардың Қарақасқасы, Алпамыстың Байшұбары, Қобландының Тайбурылы, Қаракерей Қабанбайдың Қубасы, Ақан серінің Құлагері, Исатайдың Ақтабаны, Абылайханның Шалқұйрығы және Төлегеннің Тарланы сынды сәйгүліктертерге облыс орталықтарында ескерткіш орнату туралы үндеу жолдады.

А.Мурсалимов

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаға және еліміздің  барлық облыстары  мен Астана, Алматы қалаларының  әкімдеріне

Ел тарихындағы даңқты тұлпарларға облыс орталықтарында ескерткіштер қою туралы

ҮНДЕУ!

Халқымызда қанатты сөз бар: «Жігітте де  жігіті бар – Азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар – Қазанаты бір бөлек!» деген.

Жылқы – сайын даланың сәні, ердің қанаты, еті мен сүті  жанға шипа. Туған жерін қашықтан танитын есті жануарды атам қазақ серігіне балап, ерекше қастерлеп өсірген. Өйткені, ұланғайыр даланы, ұлан байтақ өлкені мекен еткен қазақтың, өмір-салты,  әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысты. Өйткені қай заманда да қазақ тарихында жылқының алатын орны ерекше, рөлі жоғары. Ұлы дала символдары-біздің қанатты тұлпарларымыз. Олар Қамбардың Қарақасқасы, Алпамыстың Байшұбары, Қобландының Тайбурылы, Қаракерей Қабанбайдың Қубасы, Ақан серінің Құлагері, Исатайдың Ақтабаны, Абылайханның Шалқұйрығы, Төлегеннің Тарланы.

Тұлпардың тілін, сәйгүліктің сырын білген елміз. Тұлымдысын тайға мінгізіп, жастайынан жылқымен өскен халықпыз. Тақымы атқа тиген алаш баласы әр уақытта арқаланып, аруақтанып, қуат алып, қайраттанады. Ұрпақ тәрбиесінде де жылқының рөлі зор. Қашан да жылқы рухты көтеріп, ұлттық намысты оятады.    Біз халықтың жылқыға, тұлпарға деген құрметін, құл құйрықтың қасиетін, жылқының орасан пайдасын, рөлін ескере отырып, текті тұлпарларымызға, қанатты пырақтарымызға облыс орталықтарында, ірі қалаларда еңселі ескерткіштер қою қажет деп білеміз. Сондай ұсыныс енгіземіз.  Мұндай ізгі бастаманың өткен жылы басталғаны қалың қазақ қоғамына мәлім. Ол Астананың жанынан  Құлагерге қойылған еңселі ескерткіш. Бұл тарихи оқиғаны жұрт жылы қабылдап, жоғары бағалады. Ел оған: «Рухтың оралуы,  халықтың оянуы»- деп баға берді. Ал, биыл, Құлагерге Көкшетауға кіре берісте ескерткіш тұрғызылды.  Рухты көтеріп, ұрпақты тәрбиелейтін мұндай еңселі ескерткіштер заңды жалғасын табады деген ойдамыз. Және соған ат салысамыз. Алдағы уақытта Семейде Қаракерей Қабанбайдың  «Қубасына», Атырауда  Исатайдың  «Ақтабанына»,  Таразда Рим Олимпиядасының Чемпионы «Абсентке», Оралда Көшім жылқысына,  Ақтөбеде Қобландының Тайбурылына, Маңғыстауда Адай жылқысына, Жаңаөзенде Аққанатқа, Қостанайда Қостанай жылқысына, Өскеменде «Бошайдың үш қарасына», Атбасарда- Қазанатқа т.б . тұлпарларға әр аймақта ескерткіштер қоятын уақыт жетті деп ойлаймыз. Сондықтан «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы рухты көтеретін, намысты қамшылайтын Ұлы Дала Символдары, мың жылда бір туатын, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сәйгүліктерімізге ескерткіш тұрғызуды ұсынады. Бұл бастамамызды халық қолдайды.

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының тұңғыш Құрылтай Съезі, 2011 жыл 12 қазан, Астана қаласы.

Сәдібек Түгел, Марат Нәбиев – қозғалысының теңтөрағалары

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …