Құлагерге ескерткіш орнатылды

6 маусым күні Ұлы Даламыздың атақты тұлпары Құлагерге арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Ол «Астана-Көкшетау» тасжолының бойында орналасқан. Бұл игі шараға Ақмола облысының әкімі Сергей Александрович Дьяченко, Тұрсынбек Кәкішев, Нұрғожа Ораз, Әкім Тарази, Бошай Кітапбаев және тағы да басқа ақын-жазушылар мен мемлекет қайраткерлері қатысты. Осы дүбірлі думанға жиналған қауым театрландырылған көрініс пен керемет концертті тамашалап, көңілдері бір серпіліп қалды. Концерт соңынан Ас берілді.
Ат мүсінінің ұзындығы – 8,5 метр, биіктігі – 5метр, салмағы – 5,5 тонна, монументтің жалпы биіктігі – 11 метр. Айта кету керек, Құлагер бейнесі Бішкек қаласында профессор Базарбек Садықовтың шеберханасында, жасалған. Ал мүсіннің авторы – еліміздің белгілі мүсіншісі Сұлтан Иляев. Монумент аз уақыт ішінде ерсілі-қарсылы ағылып жатқан жолаушылардың қызықтап көретін, тамашалайтын орнына айналып үлгерді.
Құлагерге ескерткіш салудың идея автор әрі негізгі ұйымдастырушы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Сәдібек Түгелдің айтуынша, бұл ескерткіш –жәй ғана тас емес, ол Ұлы Даланың – қасиетті символы! Ұлтымыздың алтын тарихы, киелі құндылығы! Ескерткіш салу идеясы қажеттіліктен туындады. Ескерткіш салудағы мақсатымыз – зұлымдыққа тойтарыс беріп, ізгілікті баянды ету, жер бетінде әділдік бар екенін паш ету; ұлттық құндылықтарды ұлықтау, оны ел игілігіне жарату; қазақ жауынгерінің, азаматының сенімді серігі, досы, жеңіс жылқысы – Қазанаттың мықтылығын, жүйріктігін, төзімділігін көрсету» – дейді ол.
Бұл салтанатты жиында Сәдібек Түгел Құлагерге ескерткіш орнатуға ерекше мол үлесін қосқан азаматарды Құлагер медалімен марапаттады. Сонымен қатар, балалар мен жас жеткіншектерге арналған республикалық «Құлыным» журналының тұсауы кесілді.

Аягүл Садуақас

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …