ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел елордада «Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық!» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел отырысын ашқан танымал жазушы – журналист, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел: «Менің сайлауалды бағдарламамда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық ат спорты ойындарын дамыту, жемқорлыққа тосқауыл, демография мәселесіне зор көңіл бөлу, мұның бәрі де қоғамымызда жас ұрпақ тәрбиесінде өзекті болып табылады»,- дей келе ұлттық құндылықтарды ұлықтау басты назарында екенін жеткізді.

«Біз жас ұрпақты ұлттық мүддені қорғауға бағыттауымыз үшін, олардың бойына ең алдымен әділдікті орнықтыруымыз қажет. Өзім жылдар бойы Жоғары Сотта судья болып қызмет атқарғандықтан, елімізде заңның үстемдік құруы басты орында болуын, жас буын қоғамды ішінен жегідей жейтін жемқорлықтан бойларын аулақ салып, ізгілік пен адамгершілікті басты ұстаным етіп өссе деп ойлаймын. Бұл тұрғыда Сәдібек Түгелдің бұған дейін де атқарған жұмыстарының басы – қасында жүріп қолдаушылардың бірімін»,- деді кандидаттың сенімді өкілі , ҚР Сот саласының еңбек сіңірген қызметкері, Талғат Омар.

«Сәдібек Түгелді ең алғаш елордаға бағыт түзеген ұлы көштің алдыңғы қатарында көріп, таныстым. Содан бері өзім қаржыгер болсам да, оның мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді мақсат етіп жүргізіп отырған жұмыстарына тілекші болып, өткізген іс-шараларына үзбей қатысып келемін. Мен де жылқышының баласымын, ұлттық спорт түрлері, оның ішінде ат спортын дамытудағы еңбегі айырықша айта кетуге тұрарлық»,- дейді қоғам қайраткері, жылдар бойы еліміздің қаржы саласында лауазымды қызметтер атқарған Қыдырбай Нұрпейісов.

Ақын, Бақытжан Тобаяқов: «Сәдібек Түгел түнгі клубтарға не үшін барды деген түрлі пікірлерді естіп қаламын. Күн сайын сол түнгі клубтардан соңы қылмысқа соқтыратын сан түрлі оқиғаларды жаңалықтардан естіп-біліп отырмыз ғой. Жаның ауыратын мәселені жылы жауып қойып, құр сөзбен ғана жақсы көрінуге болады. Қасиетті ораза кезінде жастарды сол ұлтымыздың атына кір келтіретін, болашағына қауіп төндіретін келеңсіз жағдайлардан сақтандыру – аға буын біздерге парыз. Сәдібек Түгелдің сол клубтардың жұмысын көзімен көріп , жастарға айтқан ойларын ақыл-кеңесі көңілімнен шықты»,- деген ақын сөз соңында үміткерге жыр жолдарын арнады.

Еркін форматта ашық пікірлесу түрінде өткен кездесу кезінде «Время Астаны» газетінің бас редакторы, танымал журналист Қаматай Хамидуллин: «Қазір орыс тілін бәрі біледі, онымен ешкімді таңқалдыра алмайсың, мені ана тіліне жаны ашымайтын, ұлттық құндылықтарға немқұрайлы қарайтын замандастарымның ой-пікірлері қатты қынжылтады. Мен білетін Сәдібек Түгел қашанда мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуге ат салысып жүрген азамат. Сондықтан осы кездесуге арнайы келдім»,- деп сөзін түйіндеді.

Сонымен қатар елордасына алғаш келген журналистер атынан Алтын Турабекова, Базаркүл Ахметовалар сөз алып, қозғалып отырған мәселелерге қатысты өз пікірлерін жеткізді.

Жас кәсіпкер Дамир Қыдырбайұлы Сәдібек Түгелдің ұлттық спорт түрлерін дамытудағы еңбегін өскелең ұрпақ үшін өте қажетті деп санайтындығына тоқталды.

ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелдің баспасөз қызметі

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …