«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты, Астананың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан дарынды журналистерді еске алу кешін өткізді.

Елорданың тұңғыш баспасөз хатшысы болып, оның әлемдік деңгейде танылуына себепші болған маңызды оқиғаларды насихаттауда Сәдібек Түгелдің бастамасымен құрылған Халықаралық баспасөз орталығының маңызы зор. Журналист-жазушы Сәдібек Түгел көз алдында көркейген елорданың алғашқы қалыптасу тарихынан бастап, күні бүгінге дейінгі 20 жылдан астам шежіресін бірнеше кітаптарына арқау еткен.

Сонымен қатар С.Түгелдің еліміз бойынша бірегей жобасы – елорданың дамуындағы өзіндік қолтаңбасы бар бүгінде өмірден өткен журналистерді еске алуға арналған – «Олардың есімдері – біздің жүрегімізде» атты үш рет өткізілген еске алу кеші.

Жобаның жетекшісі, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел: «Бүгінгі кештің мақсаты – осыдан 20 жыл бұрын құрылған баспасөз орталығының мерейтойына арналғандықтан, біз ең алдымен сол кездерде елорда өміріндегі жаңалықтың жаршысы болып, алдыңғы қатарда жүрген, қазір арамызда жоқ аға буынның еңбегін еске алу, ұрпақ жадында қалдыру»,- деп бұған дейін ұйымдастырылған кештер жайлы да тоқталып өтті.

Оның айтуынша, 2012 жылы ұйымдастырылған алғашқы іс-шара мазмұндылығымен көпшіліктің көңілінен шыққан. Онда Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Рафаэль Жұмабаев, Жұматай Сабыржанов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Владимир Бойко, Мадрид Рысбеков, Шакизада Құттаяқов, Алмас Жолтаев, Олег Квятковский, Біржан Белқара сияқты есімі көпшілікке танымал қаламгерлердің жарқын бейнесін еске алып, олардың отбасы мүшелері мен әріптестерінің көңілін толқытып, ерекше тебіренткен.

2013 жылы да бұл шара жалғасын тауып, онда Әскен Набиев, Бақтыбай Шаханов, Владимир Гундарев, Ербол Шаймерденов, Дүкенбай Досжанов, Сабыржан Шүкіров, Марфуға Бектемірова, Андрей Тришечкин, Наталья Хабарова, Иван Балучевскийді еске алуға арналды.

Араға төрт жыл салып 2017 жылы өткізілген үшінші жобада Фариза Оңғарсынова, Нұрғожа Ораз, Кеңес Юсуп, Дидахмет Әшімханов, Алексей Пан, Марат Аққұл, Смағұл Рахымбек, Светлана Галиева, Сембай Қисымұлы, Ерлан Ақмұрзин, Әлия Жүсіпова, Ольга Козлова-Латынина, Азамат Қалымбет, Айжан Жұмабаева, Сергей Насыровтардың өздері өмірден өтсе де, атқарған істері халық жадында мәңгі өшпейтінін көрсетті.

Бүгінгі кездесуге осы үш жыл бойы өткізілген еске алу кешінің түйіні іспетті бірнеше қаламгерлердің соңында қалған отбасы мүшелері келді. Жақсының жарлары мен ұрпақтары ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелге өз көкейлеріндегі жүрген ойларын да жеткізді.

Октябрь Әлібектің жары әрі өзі де ұзақ жылдар бойы журналист болып қызмет атқарған Рахия апай:«Бағдарламаңмен таныстым, ана тіліміздің мәртебесін биіктетуге арналған ұстанымың көңілімнен шықты. Болашақта үш тұғырлы тіл деп, ұрпағымыздың тілі шұбар болып жүрмесе деп алаңдаймын. Көп тіл білгеннің зияны жоқ, тек өз тіліміз өзге тілдердің көлеңкесінде қалып қоя ма деген көңілімде күдік бар,соны өзіңе жеткізіп отырмын»,- десе, Ақмола өңірінде ана тіліміздің жоғын жоқтап, бұл мәселені өткір көтерген танымал журналист Жұматай Сабыржановтың зайыбы, теледидар саласында жемісті еңбек еткен Әмина Міржүсіп:

«Жұматай өмірден ерте озды. Оған да 17 жыл уақыт өтіпті. Есімі мен еңбегін еске алып бәрімізді жинағаныңызға ризашылығымды білдіремін. Ол әрқашан қаламының құдіретімен ойын батыл жеткізетін. Сізге де халық көңіліндегі мәселелерді бүкпесіз айтып, ойға алған істеріңізді табандылықпен атқарады деп сенемін»,- деп тілегін айтты. Кездесу кешінде Рафаэль Жұмабаевтың, Кеңес Юсуповтың, Смағұл Рахымбековтың, Ерғазы Әсембековтың, Марфуға Бектемірованың, Видади Салаховтың жарлары және Марат Аққұлов, Айтадыр Тілеуов, Әнуар Омаров, Наталья Хабарованың отбасының мүшелері қатысып жүрекжарды лебіздерін айтып, естелік суретке түсіп ризашылықпен тарасты.

ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, оқыңыз

ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел елордада «Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық!» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел отырысын ашқан танымал жазушы – журналист, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел: «Менің сайлауалды бағдарламамда …