Орынбор – Ақмешіт – Алматы – Астана

Қазақстан – Орталық Еуразия алабындағы іргелі, ғажайып, қайталанбас тарихы бар байырғы өркениетті өңір. Бұл жерді мекен еткен көшпенділер мен отырықшылардың бір-бірімен шектескен әлемі ғасырлар қойнауында талай-талай ұлыстар мен қағанаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдардың үстінде саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасын жалғап жататын болған.

Бүгінгі таңда қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені біз Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық.

Тәуелсіз, дербес мемлекеттің басты белгілері өз ақшасы, әскері, мемлекеттік басқару органдары және осыларға сәйкес мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны болса, мұның бәрі де Қазақстан сонау Тәуелсіздігін жариялап, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданғаннан бері жүзеге асқанын білеміз. Ал мемлекеттіктің тағы бір белгісі – астана, ол – Тәуелсіз мемлекеттің әкімшілік, саяси, экономикалық, мәдени орталығы. Астана – өкімет пен мемлекеттік басқарудың жоғары органдарының және жоғары сот, әскери, әкімшілік мекемелердің орналасқан жері.

Әлемде 140-тан астам астананы көшіру оқиғасы болған. Еске түсірер болсақ, басқаны былай қойғанның өзінде, Қазан төңкерісінен соң Ресей астанасы Петербордан Мәскеуге көшірілді. Батыс және Шығыс Германия мемлекеттерінің бірігуіне орай астанасын Бонн қаласынан (екінші дүниежүзілік соғыстан соң құрылған Германия Федеративтік Республикасының астанасы) қайтадан Берлинге көшірді. Қазақстан да солардың бірі болғанымен, қоныс аудару процесінің жүру тұрғысынан, оның жеделдігі жағынан бірден-бір мемлекет болып тарих бетінде қалғанына ешкім де талас тудырмасы анық.

Қазақ елі қай кезде де өз болмысын ордасын тіккен қалаларымен байланыстырып, танымал болған. Ондай орталықтар елдігіміздің символына айналып отырған. Ендеше, қазақ елінің тағдырымен байланысып жататын астаналардың тарихына шолу жасап көрейік.

1920 жылы байырғы қазақ елі өз тарихында тұңғыш рет автономияға ие болды. 1925 жылы 15-19 сәуірде ҚАССР Советтерінің 5-съезі қазақ халқының тарихи атауын қалпына келтіру және Қазақ АССР-і деп атау жөнінде шешім қабылдады. Оның астанасы әуелі Орынборда, одан кейін Сырдариядағы ежелгі бекініс – бұған дейін Ақмешіт және Перовск аталып келген Қызылорда болды. Орынбордан Ақмешітке көшу жөнінде мына қарар қабылданған-ды.

Орынбордан Ақмешітке көшу жөніндегі қарар

Бұнда былай деп жазылған:

Үкімет қарары

Қазақстан Республикасының астанасы Ақмешітте болу туралы

Қазақстан орталығы қайда болуы Республикамыз құрылған күннен бері Үкімет шешуін күтіп келе жатқан мәселе еді. Уақытша қаланған Орынбор дәл астана болуға лайық есім еді. Бұл тек Қазақстанның солтүстік-күнбатыс жағының, онда да халқының бәрі орыс дерлік жағының орталығы болып келді. Іргелі халқы қазақ болған жерлерден Орынбор (жүздеген, мыңдаған шақырым) қиыр шетте жатты. Мұндай алыстық кей кезде жол бұзылу себепті (өзендер тасығанда, тағы сондай реттерде) Орынбор Қазақстанның іргелі тұрғын елдерінен бөлініп те қалып жүрді.

                Орта Азия жұрттары ұлт жігімен ажыраса бастаған кезден кейін, бұрынғы Түркістан Республикасынан шыққан қазақ елдері Қазақ Республикасына қосылып, тұтас бір мемлекет құрылғаннан кейін Орынбор астаналыққа бұрынғыдан да жарамсыз болып қалды.

                Орынборда отырып Қазақ Үкіметі еңбекші қазақ жұртының көпшілігі арасындағы кеңес жұмыстарына жақыннан басшылық етуі, Қазақстанның іргелі елдерін шаруашылық, мәдениет жолында ілгері бастыруға төтесінен жетекші болуы мүмкін болмай қалды.

                Осындай себептермен Қазақстан Республикасының Орталық Кеңес Комитеті президумы Қазақстан орталығын Орынбордан Сырдария губернесінің Ақмешіт қаласына көшіруді лайық көріп, 9 ақпанда қарар шығарды.

                Бұл қарарды іске асыру жағы Қазақстанның халық кемесерлері кеңесіне тапсырылды.

КирЦИК ағасының орынбасары Байсалықұлы.
КирЦИК хатшысы Исаұлы.

Қызылорда (Ақмешіт) қазақ елінің бұрынғы астаналары Сығанақ пен Түркістан орналасқан аумақта болды. Қала Орынбор – Ташкент темір жолының бойында орналасқанына қарамастан, көлік жолдарының жеткіліксіздігі салдарынан астана мәртебесіне лайық болмай шықты. Сонымен, екі жыл Қызылорданы мекендеген орталықты қайта көшіру туралы қаулы қабылданды.

Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматы қаласына көшіру қаулысыБұнда мынадай мазмұн қамтылған:

 

Жалпы Қазақстанның 6-кеңестер съезінің

 ағасы – Ерназарұлы Елтай.

Съез хатшысы – Аралбайұлы Бек-Айдар.

Қазақстанның астанасын белгілеу тақырыбы

Қазақстанның астанасын белгілеу туралы Нұрмақұлы Нығымет жолдастың хабарын тыңдағаннан кейін, жалпы Қазақстанның 6-кеңестер съезі қаулы қылады:

Қазақстанның орталығын Қызылордадан Алматы қаласына көшіру тақырыбы Қазақстан орталық кеңес комитеті халық кемесерлері кеңесінің 1927 жылғы наурыздың 3-індегі қаулысы бекітілсін.

Жалпы Қазақстанның 6-кеңестер съезінің
ағасы – Ерназарұлы Елтай
Съез хатшысы Аралбайұлы Бек-Айдар

 

1927 жылы 3 сәуірде Советтердің бүкілқазақстандық 6-съезі Қазақстан астанасын Алматыға ауыстыру туралы ҚАССР ОАК мен Халкомсовының қаулысы бекітілді. Бұл қаулы 1929 жылы ғана жүзеге асып, ел астанасы Алматыға көшірілді. Алматы қаласының республика астанасына айналуының зор маңызы бар. Өйткені ол тарихи, ғылыми, мәдени орталыққа айналды. Сонымен қатар, қаланың Орта Азия астаналарына және ірі қалаларына қатынайтын қолайлы көлік қатынасы да болды. Осының әсерінен қала күннен-күнге қуаттанып, өркениеттің орталығына, қазақтың рухани бесігіне айналды.

Жетпіс жылға жуық Қазақстанның астанасы болып, Алаштың қасиетті қарашаңырағына айналған Алматы тәуелсіздік таңы атып, ел еңсесін тіктеген тұста да өз маңыздылығын жойған емес. Алайда тұңғыш Президентіміз Н. Назарбевтың батыл шешімімен Қазақстан Республикасының астанасы төртінші рет ауыстырылды. Сонымен, 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Төрағасы Ә. Кекілбаев Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы Қаулысын жариялады.

 

Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Қаулысы

Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы

Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі қаулы етеді:

  1. Қазақстан Республикасының Президені Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысы мақұлдансын.
  2. Министрлер кабинеті үстіміздегі жылдың аяғына дейін астананы көшірудің техникалық-экономикалық негіздеуін және мерзімін әзірлесін.
  3. Министрлер кабинеті, Жоғары Кеңестің мемлекеттік құрылыс және аймақтық саясат жөніндегі комитеті Алматы қаласының әкімшілігімен бірлесе отырып, үстіміздегі жылдың аяғына дейін Алматы қаласының айрықша мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеп, енгізетін болсын.

Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Төрағасы
Ә. КЕКІЛБАЕВ

Алматы. Парламент үйі. 1994 жылғы шілденің 6-сы.

Іле-шала, бір жыл өткен соң, Президент Н. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығына (15.09.1995 ж.) сәйкес, республиканың Парламенті мен Үкіметі Ақмола қаласына көшірілуіне шешім қабылданды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Заң күші бар

Қазақстан Республикасының астанасы туралы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 3-тарауына сәйкес «Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттік беру туралы» 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына және  1994 жылғы  6 шілдедегі Республика Жоғары Кеңесінің Қаулысына сәйкес қаулы етемін:

1. Былай деп бекітілсін:

Республиканың Парламенті мен Үкіметі Ақмола қаласына көшірілгенге дейін Қазақстан Республикасының астанасы Алматы қаласы болып табылады;

Республиканың Президенті резиденциясының тұратын жері Ақмола және Алматы қалалары болып табылады.

2. Жоғары және мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік комиссиясы құрылсын, оған бұл мақсатта орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру құқығы берілсін.

3. Республика Үкіметі:

Ақмола қаласын абаттандыру жөніндегі бюджеттен тыс қаражатты жинақтау мақсатында бюджеттен тыс «Жаңа астана» қоры тағайындасын.

Ақмола қаласының құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға қатысушы инвесторларға салық, кеден және өзге де жеңілдіктер беру жөніндегі ұсыныстарды дайындап, Республика Президентінің қарауына енгізсін.

Осы Жарлықты жүзеге асыру жөнінде өзге де қажетті шараларды қолдансын.

4. Осы Жарлық жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Президенті
Н. Назарбаев.

Алматы, 1995 жылғы қыркүйектің 15-і.

Жарлық жарияланысымен астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшіруге байланысты нақты жұмыстар қолға алына бастады. Бұл маңызды міндеттің мінсіз орындалуын мемлекеттік басқару жағынан қамтамасыз ету, Ақмола қаласын кешенді дамыту жөніндегі қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру үшін арнайы комиссия да құрылды. Соның нәтижесінде болашақ астанаға алғашқы көшті Көлік және коммуникациялар министрлігі бастады.

Елбасының 1997 жылғы 20 қазандағы қаулысынан кейін өкімет те Ақмолаға бет алды.

«Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 15 қыркүйектегі Заң күші бар Жарлығына «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің 1994 жылғы 6 шілдедегі №106 Қаулысына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жариялансын.

2. Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретінде тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, жоғары және орталық мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Жарлықтың орындалуын қамтамасыз ететін болсын.

4. Осы Жарлық жарияланған сәтінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Президенті
Н. Назарбаев.

 Алматы, 1997 жылғы 20 қазан.

 

Сонымен, 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Ақмола қаласына – Астана деп жаңа атау берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы

Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың өтініштерін, Ақмола қаласы жұртшылығының талап-тілектерін ескере отырып және Қазақстан Рспубликасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы шешімінің негізінде қаулы етемін:

1. Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласы

Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта аталсын.

2. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Президенті
Н. Назарбаев.

Ақмола, 1998 жылғы мамырдың 6-сы.

Біз аз ғана жылдар ішінде әлемді аузына қаратар айбынды да әсем, қазақы болмысы бар қала – Астананы тұрғыздық. Бұл – тарих талғамы, ежелден еркіндік аңсаған ер қазақ баласының батырлығының, батылдығының тағы бір көрінісі екендігіне көз жұма алмаймыз.

Аңыз ақиқатқа айналды. Ғасыр ғажайыбы – ару қала Астана, шынымен де, жылдан-жылға көркейіп, гүлденіп келеді. Астана экономика, құрылыс және әлеуметтік салада ғажайып қиялдарға ғана парапар жетістіктерге жетті. Астана қаласы әлі де шырайлана түсуде.

Астана бас-аяғы он төрт жылдың ішінде ел экономикасының қозғаушы күшіне, рухани орталыққа, қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Елорда арқылы өңірлер бой түзей бастады. Республика көлемінде бұрын болмаған алып құрылыс жұмысы тоқырай бастаған өндірісті қайта жандандырды. Қазақ елі үшінші мыңжылдыққа сай қимылдай алатынын дәлелдеді. Әлемдік өркениетке үлес қосуға қабілетті екенін паш етті. Елбасының жемісті халықаралық қызметінің арқасында Астана даусы әлемде айқынырақ естіліп, қажеттілігі артуда. Оның анық дәлелі – мемлекет басшыларының басқосулары, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, дүбіріне дүние куә болған ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада жоғары деңгейде ұйымдастырылуы және табысты өтуі.

Қазақ даласының қасиетті төріне айналған Астананың ақ самалын жұтудың өзі алыстағы ағайынға арман бола бастады. Елорда еліміздің жүрегінде орын тепсе, оның көрікті де келісті келбеті әр көңілдің төрінен орын ала бастады.

Елордада Кисе Куракава және Норманн Фостер сынды әлемге әйгілі сәулетшілердің тамаша жобалары жүзеге асырылды. Солардың ұсынған тұжырымдарының арқасында Астана қоршаған ортамен үйлесімдікте дамып, қазіргі заманға лайық бейнесімен көз тартады. Астананың салынуы және қарыштап дамуы Қазақстанға ғана емес, басқа да шет мемлекеттерге пайдасын тигізіп отыр. Неге дейсіз ғой, өйткені қазіргі нарық заманында салынған инвестиция оны салған ел үшін пайда келтіретінін бәріміз ескергеніміз жөн.

Қазіргі таңдағы Астана – тас пен темірден, әйнектен тұрғызылған ғимараттар ғана емес, өз рухы бар қала. Ерекше құрылыстар мен ғимараттар адамдарға айбындылық пен әсемділікті ұғындырса, Астананың рухани және мәдени тынысы технологияның тасасында қалып қойған жоқ. Барлық климаттық қолайсыздықтарға қарамастан, Елорданың қайталанбас бейнесі жастар мен мәдени қайраткерлердің шабытты шығармашылығының бастау көзіне де айналды. Жастар қаласы болып қалыптасып үлгерген астанамыздың дәстүрін жалғап, болашағын баянды ететін буын да осы жас қалада тамыр тартып келеді.

 

 

Астана туралы жылы лебіздер мен пікірлер

 

Рахия Мұқамедқызы Омарова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ішкі әкімшілік департаментінің құжаттармен қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы:  – Ең алғаш қалада асфальт төселген көшелер аз болды. Жауыннан кейін жүру тіпті қиын еді. Жаңа қоныстанушылар аяқ киімдерінің сыртынан целлофан қапшық орап алатын. Ал қыста қатты боран мен аязда пәтердің ішінде де жел гуілдеп тұратын.

Уақыт өте келе қаланы ұната бастадым. Астана мен үшін туған қалама айналды. Елордамыз 14 жыл мерзім ішінде қатты өзгерді. Дамыған инфрақұрылымы бар жаңа қала тұрғызылды. Көптеген ойын-сауық орталықтары, спорт орталықтары, театрлар, супермаркеттер, мейрамханалар бой көтерді. Гүл бақтары да өте көп. Санаулы жылдар бұрын осында тақыр жер мен ескі үйлер болды дегенге сенгің келмейді.

Табыл Бекқазыұлы Құлыяс, зейнеткер:

– Астана – қазақ ұлылары мен даналарының астана болсын деп армандаған құт мекені. Еліміздің бағына қарай Президентіміз Н.Ә. Назарбаев Ақмоланы мемлекет астанасы етіп жариялап, жұмыр жердегі ең сәулетті қаланың біріне айналдырды. Кейбір елдің көсемдері соғыс, қақтығыс арқылы әлемдік аренадан өзіндік орнын іздесе, біздің Президентіміз аса қауіпті ядролық қарудан бас тартып, әлемнің тыныштық тілейтін халқының жүрегіне мейірім шуағын дарытты.

Тимур Бекболатұлы Нұрашев, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС-ның бас директоры:

– Мен астанадағы еңбек жолымды ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Сыртқы көмекті үйлестіру департаментінде бас маман болып бастадым.

Суық, қытымыр аязы, ұйтқыма желі бар шалғайдағы шағын қала үлкен преспективалары бар гүлденген қалаға айналды. Қала жоғары қарқынмен өсті, әлі де өсе беретіні анық. Осы кезеңде халықтың саны екі есеге өсіп, сол жағалауда әдемі қала бой көтеріп, Елорданың инфрақұрылымы дами түсті. Астана еліміздің әкімшілік, саяси және мәдени орталығына айналды.

Астана – мен үшін өте қымбат! Мен осы қалада жаңа достарды, өзімнің өмірлік жарымды кездестірдім. Бұл қалада менің балаларым туып, өсіп келеді.

Майгүл Сұлтан, «Құлыным» журналы бас редакторының орынбасары:

         – Астана мен үшін қиырдағы, адам аяғы оңай жете қоймайтын қала болып елестейтін. Ол Астана десе «Бәйтеректен» басқа ойыма орала қоймайтын 2006 жылдардың басы болатын. Бір жыл өткен соң сол «қиырдағы» Астана төріндегі іргелі оқу ордасы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түстім. Одан бері аз ғана уақыт өтсе де, бас қаладағы өзгерістер жүйрік қиялды да басып озып жатыр десем артық айтпаспын. Әлі есімде, осыдан үш жыл ғана бұрын «Хан шатыр» салына бастағанда, «Қаланың анау шетінен, иен даладан «Хан шатыр» деген құрылыс салынып жатыр екен» деп алыстан ғана көз салып кете беретінбіз. Бүгінде сол «Хан шатыр» қаланың қай ортасында тұрғанын шатастырып дал боласың.

Астананың әсем көркі мен әлем алдында асқақтап тұрған даңқы – әрбір қазақ үшін мақтаныш! Небір гүлстан қаланы аралап, қанша елді кезсең де Астананың тұнық ауасын жұтып, осында өткізген әр сәтіңнің қымбат екеніне ешкім де дау тудыра қоймас!

 

Өз тілшімізден

Бөлісу:

Сондай-ақ, оқыңыз

Құрметті оқырман қауым!

Осы жылдың тамыз айының басында Ресейдің Ростов-На-Дону қаласынан достарым Астанаға  арнайы қонаққа келді. Бірден қазақтың …