Босағаның болмысты перзенті жайында эссе

Халқымызда «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дейтін жақсы сөз бар. Осы сөз биылғы өткен «Жігіт сұлтаны» 2013 байқауының құрамындағы жігіттерге сай айтылған десек қателеспейміз.

Жоба аяқтала салысымен шабандоздарымыз еліміздің қалаларын аралап, өздеріне аздап демалыс жасағаны бәрімізге белгілі. Сондай  жақсы өткен бір күннің куәсі болмаққа  Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты «Ағадыр» кентінің «Босаға» деп аталатын аядай ауылы «Жігіт Сұлтаны» тележобасының 3 орын иегері, Алтай Бименнің туған жерінде өткен дүбірлі думанға арнайы барып қайттық.

Алтай Беймен Алтай Бимен, «Босаға» ауылының қарапайым отбасында дүниеге келген перзент. Сол ауылда өсіп – өніп, білім алып, атажұртының тәлім – тәрбиесіне қанығып, түзде қозы – құлын қуып,  үйде әке мен шешенің ақылына бойұсынып өскен азаматтардың бірі. Ауыл мектебін аяқтап, қарағанды қаласындағы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ – дың азаматтық және еңбек құқығы кафедрасын, заңгер мамандығына бойынша тәмәмдаған. Биыл Елордамыз Астанадағы ҚазГЗУ – дың магистранты атанды. Таңдаған мамандығы заңгер бола тұра, бір бойында қазақ даласында дүбірлеп өткен баһадүр бабалардың болмысы бар. Осы қалпында ол «Жігіт Сұлтанында» ерекше көзге түсті.

Біздің Алтайдың ауылына ат басын бұруымыздың да өзіндік бір орны бар. Мойындап өткеніміз жөн шығар, тіршіліктің соңына бас ұрып, дүниелік нәрселерді алға қойғызған мына заманда қазақы болмысымызға лайық азаматтар азайып бара жатқаны сөзсіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» демекші  Алтай сынды жанынан арын биік коятын, қанында қазақы қалпы сақталған азаматын өсіп келе жатқанын бүгінгі өскелең жеткіншектер біліп өссе деген ниетте жазып отырмыз.

Айыртау Қарағанды облысыБосағаның ақсақалдарынан бастап, тайлы тұяғына дейін қонақжайлылыққа берік екендігін ауылға кірместен жатып байқатты. Ұлы дала мәдениетінің қаймағы сақталған осы бір алақандай ауылдан түлеп, сол киелі жердің топырағын басып, қаланың өркениетті ұлына айналған Алтай бауырымыздың туған жеріндегі абыройының асқақтығы деп түсіндік, бұл құрмет, қошеметті.

Қазақ халқының ұғымында ер азамат қай қоғамда болмасын жоғары тұрады. Ер азаматтың әрбір ісі халықтың назарында, көкейінде үнемі жүретіні тағы бар. Алтайдың Бименнің де аталған жоба барысындағы қазақы тәрбиесі мен шынайы ер азаматтық болмысы көгілдір экран арғы жағындағы көрерменге де әсер етпей қоймағанын ашық айтқан жөн шығар. Байқаудағы қабілетін былай қойғанда, жалпы өмірде қазақ кие тұтатын жылқы малының қыр – сырын жетік меңгеру немесе туған ауылы аймағында ұлттық спорт түрерін жаңғыртуға аз да болса септігін тигізіп,  ұмыт қалып бара жатқан мұндай дәстүрлерді жаңғыртуға атсалысу қазіргі ер азаматтардың қолынан келе бермейтін шаруа. Мұны мойындаған абзал.

Бұл қасиеті мен қабілеті бүгінгі қазақ қоғамының белді азаматтарының назарынан тыс қалмай ескерілді. Алтай Бимен  ҚР Ұлы Отан және Ауған Соғысы Ардагерлер ұйымы «қазақ ардагерлері» қауымдастығының атынан қазақтың даңқты перзенті Б. Момышұлының «Батыр шапағаты» төс белгісін  аталған қауымдастықтың төрағасы Б. Смағұл арнайы табыс етті.

БосағалықтарАлтай Бименнің «Жігіт Сұлтаны» байқауында сол ұйымдастырылған жоба аясында ғана көрсеткен қабілетінен бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей ұлттық болмысын сақтап қалса деген ниетте ауылында да үлкен – кішімен атқа қонып, азды – көпті спорттық шараларға қатысып және аңшылықпен әуестену секілді ұлттық құндылықтарды ауыл жастарына дәріптеп жүрген ерекше қырын көпшілік білісе деген мақсатта басылымымыздың осы санына арқау қылдық.

Негізінен туған ортаң қандай болса, өзің де сол ортаның бейімді адамына айналатының хақ. Осы орайда қазақы қалпы сақталған алтын бесік –  Босағаның перзенті де туған топырағы секілді. Бұлай деуімізге де себеп бар. Барша ауыл жұртшылығының арасында мұншама сыйлы, қадірлі болу оның азаматтық болмысының жоғарылығында. Ал ер жігіттің азаматтық болмысы, тұтас бір ұлттың болмаса да, ауылының, ағайын – туманың жағдайына алаңдап, ұлттық болмысын жандандыруға үлес қосуға талпынып жатқандығынан байқалады.

Алтай өзі болмаса да өзінің ет жақындарымен бірлесе, қоғамдық іске атсалысуға бекем кіріскелі отыр. Оның бұл бастамасы әлі көпшілікке мәлім бола қоймағанымен, алда атқарылған істің куәсі болуға ниеттіміз. Сондай –ақ, келешекте Алтай бауырымызға елі сенім білдіретін ұлтының мүддесін қорғай білетін, қоғамға адал қызмет ете білетін толыққанды демократиялық құндылықтарды басты назарда ұстанатын, ұлт азаматы ретінде қалыптасатын жігіттердің бірі болатынына үлкен сенім білдіреміз.

Бағила ТӨЛЕГЕН
«Ұлы Дала Қырандары»
журналының жауапты редакторы

Сондай-ақ, оқыңыз

«ҰЛЫ ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ 5 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИНАЛЫСТАН РЕПОРТАЖ

ҚЫРАНДАР  ҚОЗҒАЛЫСЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ  ПАРТИЯ  БОЛУҒА   ДАЙЫН ЕКЕНІН  КӨРСЕТТІ. Бұл  мереке   2016 жылдың    12-ші  қазаны   күні     …