Асқақтап тұр Құлагері қазақтың!

Құдай сәтін салып, өткен жұма күні «Түгел Медиа» бірлестігі қызметкерлерімен бірге «Құлагер» ескерткішіне сапарлап қайттым. Өте жақсы әсер алып, өзім білмейтін көп жайтқа қанықтым.

Астана-Көкшетау жолының жиегінде орнатылған монументке жақын жерден арнайы ескерткішке апарар жол салынған. Астанаға бет алған немесе бас қаладан сапар шеккен жолаушыларға жол ашып тұрған қазақ тұлпарларының жиынтық бейнесіне айналған «Құлагер» алыстан мен мұндалап тұр. Қапыда сүрінген тұлпардың жүйрігіне арналған ескерткіштің тұғырымен қоса есептегенде биіктігі 12 метрді құрайды, ал тұлпардың биіктігі 5 метр, ескерткіш ұзындығы 8,5 метр, таза мыстан соғылған екен.

Тарихымызда аламанда алдына тұлпар салмаған нағыз жүйріктің бірі Құлагердің орны қазақ үшін тым ерекше. Кезінде Күреңбай сыншының жоғары бағасын алған Құлагер Ілияс Жансүгіровтің поэмасында:

«Жануар жүйрігі екен жылқы малдың,
Жері ұзақ, күші алдында өрен жүйрік,
Бітімі өзі айтып тұр жануардың.

Келіскен кескін мынау, омыраудың
Өзі айтар: қаратам,-деп-қазақ қаумын.
Сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ
Тасындай шұбар ала Көкшетаудың.

Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ,
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ.

Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік,
Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік,
Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық;
Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп?

Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық,
Не қою, не болмаса емес сұйық!
Бұтының арасынан ел көшкендей,
Жамбастың басы делдек, қуыс қолтық.

Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі,
Серке сан, желмаядай тілерсегі;
Тау желін тартса жұтқан талыс танау,
Тынысты кеңде жатыр кеңірдегі.

Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Қақпан бел, қалбаңайлы, үңгір сағақ,
Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.

Қанында шығысың мен батысың жоқ,
Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.
Қашаннан қазағымның қолтумасы,
Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ.

Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған,
Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.
Жануар шепса жүйрік, мінсе берік,
Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан.

Сүйегі жануардың жылқыдан жат,
Бұл емес текежаумыт, не қазанат.
Күйкиіп көзге қораш көрінсе де,
Шапқанда шалдырмастай бітер қанат.

Екпіні үй соққындай пысқырғанда,
Шалдырмас көктен құсқа, жерден аңға.
Жықпаса жалғыз қазық жануарды,
Бұл әзір жеткізбей тұр жылқы малға,- деп сипатталады.

Осындай «тұлпардың тұлпары» атанған Құлагердің тағдыры өмірдегі, адамның мінезіндегі, жан дүниесіндегі кемшіліктерді санамалап көрсететіндей. Батыраш, Қотыраштардың қасиеті, бекерге мықты тұлпардың мерт болуы, озбырлық, қазақтың сол кездегі салт-санасы ұлтым деген әр қазақты толғандырары анық. Әдебиетке ынтық, жаны қазақтың қуанышына жадырайтын тұлғаның бірегейі, қоғам қайраткері Сәдібек Түгелұлының бастамасымен салынған дәл осы ескерткіштің мән-маңызы аса жоғары. Саны жағынан Құлагерге арналып тұрғызылған ескерткіштің екіншісі болғанымен, өз көлемі жағынан да, құрылыс сапасы, мүсіннің тартымдылығы жағынан да ерекшеленетін, адам қызығарлық бұл монументтің салыну тарихының өзі қызықты оқиғаларға толы екен. «Алыс жол атты сынайды, ауыр жол ерді сынайды» демекші, алыс жолда сыналған атқа арналған ескерткіш тұрғызылар алдында оның идеясының авторы да ауыр жолдан өтіпті. Дағдарыстың дендеп келе жатқан тұсында біраз атқамінер азаматтардың да қалтасының жұқарғаны белгілі. Осы кезде ескерткіштің салынуына көмектесетін біраз азаматтың сөзден тайқығаны бар. Бірақ бұл қаржылық қиындықты да еңсеруге болатынын жоба авторы өзі бағамдап, меншігіндегі жылжымайтын мүлігі мен автокөлігін ломбардқа өткізіп, ерлікке парапар іс жасапты. Ұлт идеологиясын Құлагер арқылы насихаттап, жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру жолында өз мүлігін де құрбан ете білген ел ағасы азаматтығына сын келтірмей, бұл жағдайдан да шыға білді. «Жомарт жоқтығын білдірмейді, жүйрік ат тоқығын білдірмейді» деген аталы сөз осы орайда айтылса керек. Жылқымен жаны үндескен нағыз азаматтың ісі бұл! Бар жиғанын сақтап қалу жолында жанталасып жатқан адамдардың арасынан сурылып шығып, мақұлұққа ескерткіш орнатамын деп Сәдібек Түгелұлы біраз сынға да ұшырады. Алайда ұлт алдында жауапты іс жасағанын ұғынып, өзгелерге ұлтымыздың асыл қазынасы жылқы малын ұрпақ тәрбиелеу, тарихты саралау, болашаққа ұмтылудағы басты құндылық ретінде көрсете отырып, қасиетті халықтың қазанаттың тұқымына деген құрметі болу керектігін ұғындырғысы келді.

Біз барған кезде ескерткіш айналасында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Ондағы жұмысшылармен де тілдесудің орайы келді. Құлагердің құдіретіне деген шексіз таң қалыстары біздің өзімізді таңғалдырды. Олардың айтуынша, бұрын Ақанның өмірінің өзегі болған тұлпар бүгінде жас жұбайлардың, мектеп бітіруші түлектердің, шетел қонақтарының жол ашушышысына айналған. Әсіресе, шетелдіктер арнайы тоқтап, ескерткіш туралы сұрап, қазақтың ұлттық құндылығымен танысуға құмартқанда көңілдің бір көтеріліп қалатынын айтқанда өзім де марқайып қалдым. Жөндеу жұмыстары біткеннен соң бұл жер қазіргісінен де әдемі орынға айналып, көркейе түсетініне көзіміз анық жетті. Себебі ескерткіш айналасы қоршалып, маңайы абаттандырылып жатыр екен.

Сапар барысында Құлагер туралы нақты деректер жинау үшін монумент салынбастан бұрын арнайы экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізгенін білдім. Сағынайдың үлкен асында 1300 атты басып озған тұлпарды Батыраштың жандайшабы Қотыраш шоқпармен ұрып өлтірілгені анықталған. Арқа төсінде жан тапсырған тұлпар ескерткішінің Арқада салынуы да қазақтың өткеніне деген құрметі деп білемін. Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып, ескерткіштің күрделі жөндеуден өткізіліп жатқаны құптарлық іс. «Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай, Батырмын деп мақтанба, жеңіп қайтпай» деген ұстанымды берік ұстанатын тұлға, ұлт жанашыры Сәдібек Түгелұлы бұнымен тоқтап қалмайтындығын, өзі төрағалық ететін «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының бастамасымен «Ұлы Дала Даңқы» мұражайын осы «Құлагердің» жанынан тұрғызуды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. «Құлагердің» артқы жағына атшабар салып, оның жанына этноауыл орналастыру да жүзеге асырылатындығын айтты.

Ендеше, қазақтың иісі аңқитын мұндай жер қазіргі қаланың сүреңсіз тірлігінен шаршаған, жаны қазақ бауырларымыздың, ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне қаныққысы келетін әр шетелдіктің Париждегі «Эйфель» мұнарасы, Лондондағы «Big Ben», орыстың «Эрмитажы» сияқты көрікті де қызықты, бастысы, тамашалауға тұрарлық, тарихтан көп сыр шертетін, әдемі орынға айналары сөзсіз.

Ақтоты БОРИСҚЫЗЫ
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Журналистика және саясаттану факультетінің студенті.

Сондай-ақ, оқыңыз

Құрбан айт қабыл болсын!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймыз! Құрбан …