Ақкөл қаласында ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдерінің қатысуымен асық атудан турнир өткізілді

16 мамырда Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы агротехникалық колледж студенттері арасында  «Ұлы дала қырандары» рреспубликалық қоғамдық қозғалысынан ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы асық атудан турнир өткізді. 

Халқымыздың ұлттық ойын түріне жататын асық ату сайысында жиналған жастар өзара шапшаңдық пен дәл атып тигізуден шеберліктерін көрсетті.

«Бұл ойын түрі сондай-ақ ЮНЕСКО –ның мәдени мұралар тізіміне енгізілгенін айта кетуіміз керек. Ұлттық ойындарымыздың  бәрін тек сайыс үшін ұйымдастырмау керек, ол біздің ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу, ата- баларымыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білуге үйретеді. Біздің ата- әжелеріміз де  асық ойнаған, алдыңғы буыннан өскелең ұрпаққа дейін үзілмей жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығын көрсететін дүние деп айтуға болады. Ұлттық ойындарымызды жаңғырта білсек,бұл біздің өткенді ұмытпағанымыздың белгісі. Ұрпақ бойына асыл қазыналарымызды ұлттық тәрбие арқылы сіңіре аламыз»,- деп санайды ҚР Президенттігіне үміткер, жазушы, қоғам қайраткері, Ұлттық ат спорты ойындары федерациясының президенті, «Түгел» медиа халықаралық холдингінің негізін қалаушы әрі жетекшісі Сәдібек Түгел.

«Дәл көздей білу, икемділік пен шапшаңдықты қажет ететін қазақтың ежелден келе жатқан асық ату ойыны басқа спорт түрлеріндей  арнайы алаң мен қомақты қаражат салуды қажет етпейді. Ең негізгісі – ынта мен қызығушылық. Ресми деректер бойынша бұл ойын түрімен елімізде 80 мыңдай адам айналысады екен»,- деді кандидаттың сенімді өкілі Ерболат Съезхан.

Сонымен қатар  «асық ату ойыны бізді өткен бала шағымызға оралтып қана қоймай, оны ойнаушылардың бойына сенімділік, достық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырады»,- деп санайды үміткердің  сенімді өкілі Бақыт Мұхамедрахимова.

Агротехникалық колледждің студенттері Рүстем Леденов, Виктор Жуменко және Асхат Тоқсанбаевтар турнирдің жеңімпаздары болып танылды. Ақкөл қаласының жас тұрғыны Рүстем Леденовтың айтуынша, ол бала кезінен тек спортпен шұғылданып қана қоймай,қазақ тілін де жете меңгерген. Бүгінгі ҚР Президенттігіне үміткер, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, тұғырын нықтауды мақсат еткен  Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы ұйымдастырған турнирде  Рүстем Леденовтай  мемлекеттік тілге құрметпен қарайтын жастың жеңімпаз болуы жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.

ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …