Үндеу

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа,
ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы О.Мұхамеджановқа,
ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қ.Қ.Тоқаевқа
ҚР Үкіметінің Премьер-Министрі К.К.Мәсімовке
және барлық табиғат жанашырларына

Қазақстанның Ұлы Даласында аң аулауды 2011 жылдың 1-ші қаңтарынан, 2016 жылдың 1-ші қаңтарына дейін 5 жылға тоқтату туралы
Үндеу

Құрметті ағайындар!
Қадірлі бауырлар!

Бұл күнде туған еліміз – Қазақстан Республикасы жеріндегі аң-құстарға зор қауіп төніп тұр. Аңдар көптеген аймақтарда,аудандарда мүлде жоғалудың алдында тұр. Олар: аюлар, ақ бөкендер, дала бұғылары, еліктер, арқарлар, қасқырлар, барстар, сілеусіңдер және тағы басқалары.
Неге осындай жағдай туындап отыр?!
Біріншіден, табиғатты аялаудан, қорғаудан қалып барамыз.
Екіншіден, жауыз аңшылыққа-браконьерлікке қарсы қоғам мүшелері немқұрайдылық, үнсіздік танытуда.
Үшіншіден, соның салдарынан, бей-берекет- броконьерлік аңшылық өршіп, асқынып тұр.
Төртіншіден, аң аулау саясаты, лицензиялық аң аулау қазіргі заман талабына сай емес, оны қайта қарау керек.
Сөзім дәлелді болу үшін бір-екі мысал келтірейін.
«Арқада аяз қатты болмаса – Арқар ауып несі бар» – дейді аталарымыз. Қазір Сарыарқада қыс жылы. Бірақ, бірде-бір Арқарды кездестіре алмайсыз. Өйткені, олар мылтықпен атылып, жойылып кетті.
Сондай жағдай киіктеріміз – ақ бөкендеріміздің де басында тұр.
Кәсіби мамандардың, табиғат жанашырларының айтуынша елімізде аюлар, сілеусіңдер, барыстар, қасқырлар, дала бұғылары, еліктер, саны күрт азайып кетті. Мүлдем жойылудың алдында тұр. Сонымен қатар, өзен, суларда, балықтар жоқ. Мысалы; менің туған ауданымдағы Сібе, Есір, Ұранқай, Ұлан өзендерінде балықтар жойылып кеткен. Оларды да броконьер-балықшылар құртқан. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ.
Дәл осындай келеңсіз жағдайлар Қазақстанның басқа да аймақтарында оырын алуда. Бұдан шығатын жол қандай?! Ол – біреу!
2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін 5-жылға республика аумағында Аң аулауға тыйым салу, арнайы Мараторий жариялау.
Біз, жер-ана, туған табиғатымыздың баға жетпес құндылықтары аң-құстарын, балықтарын, сол қалпында сақтап, болашақ ұрпаққа қалдырайық десек, осындай батыл, маңызды шешімдер қабылдауымыз қажет.

Сәдібек Түгел – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Менің Қазақстаным» атты экологиялық партиясы төрағасының орынбасары, жазушы.

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …