«Астана хикаялары» кітабынан

Сәдібек Түгелдің «Астана хикаялары» кітабынан

Қыдырбай көшесі

Бильярд – адамды өзіне лезде тартып, баурап алатын ойын. Ал, серігің өзіңдей ойынқұмар болса, онда уақытты ұмыт. Әдеттегідей, ойынның қызығына еніп алған Акбар екеуіміздің кездесуіміз бүгін де ұзаққа созылды. Өйткені, қайсымыз да жеңілуді қаламаймыз. Қайтсек те, жалпы есепте жеңіске ие болу, жоқ болғанда тең болу шарт. Ойнайтын жеріміз – қазіргі «Зодиак».
– Мырзалар, клубымыз жабылды, сағат таңғы бес болды, – деп қасымызға маркер бала келді.
Сыртқа шықтық. Дала қараңғы. Қала әлі қалың ұйқыда.
Клиент тосып, қалғып-шұлғып отырған таксисттің қасына келіп отырдым.
– Куда поедем, шеф?
– В сторону Караганды.
– Точнее скажите, я – здесь новичок, приехал из Павлодара.
– По проспекту Абылай-хана.
– А угол какой улицы?
Қызыл ауылға бұрылатын көшенің аты бар-жоғын білмеймін. Білмеймін деу ыңғайсыз. Әйтеуір, ол көшенің Қыдырбай ағаның үйінің бұрышынан бұрылатынын білемін.
– Угол улицы Кыдырбая Нурпеисова, – деп нық жауап қаттым. Машина Абылай-хан даңғылынан келеді. Байқаймын, жүргізуші қобалжып отыр. Мен айтқан адамның көшесін бірінші рет естіп отырғанын, онда болмағаны жүзінен білініп тұр. Біраз жүрістен кейін, рациямен біреумен сөйлесті.
– Везу клиента по проспекту Абылай-хана, улица Кыдырбая Нурпеисова где, я не знаю?
– Рацияның ар жағынан адам: – Что-то не припоминаю такую улицу. Подожди, подожди, есть схожая улица в районе железнодорожного вокзала. Но, точно сказать не могу.
Осы жерде әңгімеге мен де араластым.
– Дорогой, не переживай я знаю, когда приблизимся скажу.
– Новая столица есть, новая столица. Каждый день что-то меняется. Все не запомнишь, – деп таксист тіл қатты. Әңгіме үстінде көлігіміз сол көшеге жақындады.
– Вот, улица Кыдырбая Нурпеисова. А он сам живет в этом доме, на 2-ом этаже, где свет горит.
Такси үйдің алдына келіп тоқтады. Жол ақысын төледім. Жүргізушіге рахметімді айтып, көліктен түсуге ыңғайландым. Шофер маған қарап:
– Раз улицу назвали именем живого человека, тогда он – хороший парень.
– Да, Кыдырбай Нурпеисов – хороший человек, – деп машинадан түсіп, үйге кіруге бет алдым. Содан бері бұл көше халық арасында Қыдырбай көшесі деп аталады.

«Қонақ келсе, қойныма алып жатам ба?»

Алматы қаласының Қабанбай көшесіндегі 5-ші қабатындағы үйге Ұлықбек ентігіп әрең басып, жылдам жүріспен кіреді.
– Бейсенкүл, астында машинисттің «Камазы» тосып тұр. Жүктесу керек.
– Қайдағы жүк?
– Жаңа Астанаға барамын, министрлік сонда көшіп барады. Мен екі-үш ай сонда тығыз жұмыс істей тұрамын. Үй алғасын сендерді көшіріп аламын. Сонда барлық жиһаздарды апарамыз. Ал, қазір жеңіл-желпі заттар салсаң, болды.
– Бірінші кезекте не салайын?!
– Жаңа телефон арқылы Сәкеңмен сөйлескенмін. Оның айтқан заттарын екеуден алсаң, қателеспейсің, – деп кеңес берді.
– Сәкең кім?!
– Өй, Сәдібек Түгел, жаңа Елорданың баспасөз хатшысы.
– Екі қасық, екі кесе, екі тарелка, екі жастық, – деп Ұлекең тізе жөнелді. Сөзін әрі жалғастырып, екі көрпе, екі матрас, екі простыня – деген тұста, Бейсенкүл жеңгей шыдамай:
– Ұлқаш-ау, мынаның бәрі қос-қостап болып кетті ғой. Сен жалғыз бара жатқан жоқсың ба?!
Ұлықбек жұлып алғандай:
– Сонда мен, қонақ келсе, қойныма алып жатам ба? – деген екен.

Менің «Крутой крышаларым»

1998 жылдың ақпан айы. Алғашқылардың бірі болып Ұлы көштен қалмай, Алматыдан жаңа астанамыз Ақмола қаласына келген кезім. Күн-түн демей, жарғақ құлағым жастыққа тимей атқарып жүрген қызметім Елордамыз – Ақмола қаласы әкімінің баспасөз хатшысы – баспасөз қызметінің жетекшілігі. Жаңа астанаға қоныстанған барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасаудағы мақсатымыз Елордамыздың мәртебесін асырып, беделін көтеру болатын.
Сондай күндердің бірінде жүмыс кабинетіме «Хабар» агенттігінің тілшілер қосының бастығы, белгілі тележурналист Мақат Садық келді. Ол:
– Сәке, көкейімде жүрген бір сұраққа жауап іздеп келіп тұрмын. Сауалымды төтесінен қояйын. Осы қызметке үміттенгендер көп болды. Он шақтысын тікелей танимын. Солардың ішінде біреуінің көкесі министр, екіншісінікі облыс әкімі, үшін-шісінікі – белгілі кәсіпкер. Соған қарамай олар осы қызметке өтпей қалды. Ал сүйемелдейтін ешбір жақыны жоқ сен өтіп кеттің. Маған бұл – жұмбақ. Сонда сенің «крышаң» кім?- деп сұрақ, қойды.
Мен ойланып қалдым. Жауабын қайтаруға тиістімін. Шынында жаңа Елорданың сол кездегі бірінші баспасөз хатшылығына талаптанғандар өте көп болыпты. Қала әкімі Әділбек Жақсыбековтың мені тағайындардағы: «Бұл орынға отыз шақты азаматтың құжаттары түсті» деген сөзі есімде.
– Мәке, маған тосыннан күтпеген сауал қойдың. Жауабын берейін. Әрине, менің де өте үлкен сүйемелдейтін, қайда жүрсем де қолдап, көмектесетін адамдарым бар. Сенің тіліңмен айтқанда «Крутой крышам» бар. Тіпті менің крышам біреу емес, екеу.
Осы тұста өкіммен байланыстыратын телефон шылдыр етті. Телефоннан қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз Әділбек Ырыскелдіұлының тез шақырып жатқанын хабарлады.
– Мақат, әлгінде сұрағыңда жұмбақ деп айттың ғой. Жұмбақ болсын. Маған көмектескен, әрдайым көмектесетін жандардың аттарының алғашқы әріптерін ғана айтайын. Біреуінікі «Т» әрпінен, екіншісінікі «М» әрпінен басталады. Ойлан. Жауабын тапсаң қонақкәде менен болады, – деп әкімнің кабинетіне қарай бет түзедім.
Арада екі-үш күн өткеннен кейін Мақат телефон соқты.
– Сәке, жұмбақтың шешімін қанша ойлансам да, таба алмай тынышым кетті. Түскі асқа мен шақырамын, сауалымның жауабын ала кел, – деді.
– Мақат бауырым, жұмбақтың жауабы оңай балғанмен, мен үшін ерекше қасиеті бар. «Т» дегені әкем Түгел, «М» дегенім шешем Мәрия еді. Міне тап осы екеуі менің түпкілікті қорғандарым, сенің сөзіңмен айтқанда «крышам» болады, – дедім.
– Әдемі жауап қайтардыңыз. Шынында, азаматқа әке мен шешеден артың сүйемелдеуші ма?! Жауабыңызға толық қанағаттандым. Сізге табыс тілеймін, – деп Мақат маған қолын ұсынды.

Сондай-ақ, оқыңыз

Ауыл   спорты  туралы  ой-пікір

 Оқырмандар    сұраулары  бойынша  басылды  Сәдібек  Түгел  Ұлт үшін ауыл дегеніміз не? Ауыл – қазақтың жан-жүрегі, …