Ұлттық спортсыз рухты көтеру қиын

ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының бірінші вице-президенті, ҚР «Ұлттық ат спорты» федерациясының президенті Сәдібек Түгел: ҰЛТТЫҚ СПОРТСЫЗ РУХТЫ КӨТЕРУ ҚИЫНҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының бірінші вице-президенті, ҚР «Ұлттық ат спорты» федерациясының президенті Сәдібек Түгел: ҰЛТТЫҚ СПОРТСЫЗ РУХТЫ КӨТЕРУ ҚИЫН

Тамыры тереңнен тартылған ұлттық спорт түрлері халық құндылықтарының ажырамас бөлігі. Сондықтан, оның өрісін кеңейтіп, дені сау, өресі биік ұрпақ тәрбиелеуде сенімді құралға айналдыра білсек ұтқанымыз. Ата-бабаларымыздың қалдырған осынау мұрасына ісімізбен адалдық танытсақ, әрине, өзімізге пайда.
Тәуелсіздік қолға тиісімен кезінде тас атылғандықтан тасаға тығылған, қолдан тұншықтырылған, «ескіліктің қалдығы» деп «әдемі» айдар тағылған көптеген асыл дүниелерімізді халықпен қайта қауыштыруға бет бұрылған тұста ұлтымыздың түрлі спорттық ойындарына да көңіл бөлініп, оны қайта жарыққа шығару мықтап қолға алынды. Міне, сол кезде бастау алған игі істер өз нәтижесін бере бастады. Оған өзіміз де азды-көпті куә болып жүрміз.
Алайда, ұлттық спорт түрлерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, түйткілді мәселелері, қандай деңгейде насихатталып жатқаны жөнінде толығырақ мағлұмат бере кетсек деген ниетпен ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының бірінші вице-президенті, ҚР «Ұлттық ат спорты» федерациясының президенті Сәдібек Түгелмен әңгімелесіп, бірқатар сұрақтарымызға жауап алған едік.

– Сәке, екеуара әңгімемізді ұлттық спорт түрлерінің қазіргі кездегі аяқ алысы жөнінен бастасақ.
– Өзің білесің, кезінде кеңестік идеология рухани кеңістігіміздің шекарасын тас-талқана етіп, ұлтымыздың болмыс-бітімін айқындайтын, намысын қайрайтын, елдік мұратқа үндейтін құндылықтарымызды санамыздан сылып тастауға жанталасты. Осылайша теперіш көрген, тіпті ел санасынан өшуге айналған дүниелеріміздің бірі – ұлттық спорт түрлері болды. Тек «қыз қуу», «бәйге», «қазақша күрес» сынды ұлттық спорттың кейбір түрлері өз кезегімен келіп жататын мереке күндері ғана қылаң беріп, онда да театрланған көрініс деңгейінде ұйымдастырылатын. Осылайша бір де бір ұлттық спортымыз керегесін кеңейтіп, өрісін аша алмаған болатын. Алайда, «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәріненде қой бағып, құйрық жеген озар» деп, жастарымызды спортқа жолатпай, қой бағуға салуды көздеген қызыл идеология келмеске кетіп, іштен тынып, «қап, бәлем» деп жүрген қазағымыз, оның ішіндегі, әсіресе, ұлттық мүддені бәрінен де жоғары қоятын, ұлты үшін Толағайдай тау көтеруге дайын азаматтарымыз Тәуелсіздікке қол жеткен соң дүр сілкініп, аталмыш мәселені түбегейлі қолға алды. Үлкен табыстарға жетті. Ә дегеннен жер-жерлерде ұлттық спорт түрлерінің жанашырлары федерациялар құра бастады. Бүгінде олардың саны 22-ге жетті. Әрине, түсінген жанға бұл үлкен жетістік. Қазіргі таңда осы федерациялар Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына еніп, жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Федерациялардың аталмыш Қауымдастыққа мүше болуын да үлкен табыс деп ұққанымыз жөн. Өйткені, олар әрқайсысы өз беттерінше әрекет етпей, бір шаңырақтың астына жиналып, түрлі кедергілерді, күрделі мәселелерді бірлесе шешпей істің оңбасын, «бірлік болмай, тірлік болмайтынын» терең түсінді. Әрине, ынтымақпен атқарылған жұмыс өз жемісін бермей қоймайды.
– Қазақстан бойынша ең алғаш қай федерациялар құрылды?
– Елімізде ең алдымен 7 федерация өз қызметін бастады. Олардың арасындағы тұңғышы «Көкбөрі» халықаралық көкпар федерациясы. Одан кейін, «Қазақ күресі», «Тазы-төбет-алабай», «Жорға», «Ат спорт түрлері», «Бүркітшілер», «Жекпе-жек» федерациялары шаңырақ көтерді. Жоғарыда айтқанымдай, қазір бұл құрылымдардың саны 22-ге жетті. Қатарға соңын ала «Алыпсоқ», «Жекпе-жек», «Жұдырықтасу», «Сайыс» және биыл қайта түлеген «Тай жарысы», «Алаш алыспағы», «Асық ату», «Хан дойбысы» федерациялары қосылды. Бұл ұлтымыздың 20-дан астам төл спорты қайта жанданып, ел игілігіне айналып, көкжиегін кеңейте береді деген сөз.
– Қазіргі таңда салыстырмалы түрде айтқанда ұлттық спорт түрлері арасында қайсысының көсегесі көгеріп, оза шауып тұр деп ойлайсыз?
– Әлгінде айтып өткенімдей, 22 федерацияның барлығы да өз міндеттерін шама-шарқынша атқарып отыр. Өзінің асыл мұрасына сүйіспеншілікпен қарайтын халқымыз, ұлтымыз десе аянбайтын, аталмыш спорт түрлеріне жандүниесімен берілген, қалтасындағы соңғы тиынына дейін осы іске жұмсаудан тайынбайтын азаматтарымыз тұрғанда бұл мәселеде табыссыз болуымыз мүмкін емес деп ойлаймын…
Сіздің сұрағыңызға нақтырақ жауап берер болсам, «Қазақ күресі» мен «Тоғызқұмалақ» ойыны халықаралық деңгейге көтерілді. Жастарымыз спорттың осы түрлеріне қатты қызығушылық танытып, көптеп тартылуда. Бұл екеуі Олимпиадалық ойындар қатарына енудің сәл-ақ алдында тұр. Құдай қаласа, бұл тілегіміз де орындалып қалар деп жүрміз. Бұлай деп үміттенуімізге толықтай негіз бар. Өйткені, биыл өткен «Қазақ күресі» халықаралық жарысына 49 елдің өкілдері қатысып, күш сынасты. Шарт бойынша кез келген спорт түрін 50-ден астам ел мойындап, сол бағытта өрендерін дайындаса, онда ол Олимпиада ойындарының қатарына енгізіледі. Демек, «Қазақ күресі» де спорттың ең биік аренасы – Олимпиада ойындарында жалауын көтеруге жақын. Сонымен қатар, санаңды өсіруге, зейін-зердеңді жетілдіріп, ой-өрісіңді кеңейтуге ықпалы зор дала математикасы – «Тоғызқұмалақ» ойыны да қарқынды дамуда. «Тоғызқұмалақ» бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, Франция, АҚШ, Чехия, Гонгонк, Испания сынды дамыған елдер бастаған шетелдіктердің өзіне қызықтыра түсуде. Кейінгі кездері спорттың осы түрі туралы «Шахматтан» кейінгі есеп-қисапқа құрылған ойын деген пікір қалыптасып келеді. «Тоғызқұмалақтың» табиғатына үңіліп, зейін сала қарасаңыз, бұл пікірге келісуге әбден болады. «Тоғызқұмалақ» қайтадан қолға алынғалы бері көптеген әртүрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, соның нәтижесінде небір мықты ойыншылар анықталып, әлемге аттары танымал болуда. Олардың қатары кейінгі жас толқынмен толыға түскені қуанарлық жәйт. Міне, «Тоғызқұмалақ» та «Қазақ күресі» секілді Олимпиадалық ойындар сапына енуге жұтынып-ақ тұр.
Сондай-ақ, бүркітшілеріміз де жылдан-жылға табысқа жетуде. Бұған дәлел, бүркітшілеріміз Дубай, Англия, Болгария сынды бірқатар елдерге барып, баптаулы бүркітін «қан сонарға» ¬– халықаралық жарыстарға салып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Осыдан төрт-бес жыл бұрын сайыстарға санаулы ғана бүркітшілер қатысатын. Ал, биылғы ақпан айының 12-сінде болған жарысқа 48 бүркітші бақ сынасты. Мұның өзі олардың да қатары көбейіп келе жатқанын аңғартады.
Мұндай жетістіктерді көптеп айтуға болады. Тағы сөз ете кетсем артықтық етпес, мәселен, «Жекпе-жек», «Бес қару», «Ер жігіт ойыны» секілді ұлттық спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру қарқын алып келеді. Мысалы, «Жекпе-жек» деген жауынгерлік өнерге баулитын спорт түрінен ұйымдастырылған былтырғы халықаралық жарысқа еліміз бен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан республикаларынан кіл мықтылар қатысып, өнерлерін көрсетсе, Құдай қаласа, биылғы қыркүйекте Талдықорғанда жалауын көтергелі отырған сайысқа АҚШ, Жапония, Бразилия сынды тағы басқа да мемлекеттерден бұғалыққа көне қоймас «асаулар» қатысады деп күтілуде. Демек, өзіміздің топырағымызда өмірге келген «Жекпе-жегіміз» де талайларды желіктіріп, еліктіріп отыр деп сеніммен айта аламыз. Бұған қоса, жаңадан құрылып, қатарға батыл келіп қосылға «Қара жорға» федерациясы да аз уақыттың ішінде бірқатар табыстарға жетіп үлгерді. Сөзімізге дәлел ретінде айтайын, бұл федерацияның президенті (Аты жөні, президент пе соны анықтау керек)Ж.Диханұлы деген азаматымыз Батыс Қазақстан облысында спорт пен би өнерінің элементтері сәйкестендірілген «Қара жорғаға» 18 мың адамды бір жерге жинап билетіп, нәтижесінде Гиннестің рекордтар кітабына енуінің өзі көңілді марқайтатын жетістік емес пе.
Міне, осындай іргелі табыстарымыздан ұлттық спорт түрлерінің аяқ алысы жаман емес екендігін көре аламыз. Десек те, әлі бізге тоқмейілсуге тым ерте. Тізгінді бос ұстамауымыз керек. Ширай түскеніміз абзал. Адалдық үшін айтайын, осының бәрі халқымыздың өз өнеріне деген шынайы ықыласы мен мемлекетіміздің қамқорлығының, осы салада тер төгіп жүрген, бар пейілімен берілген, рухани және қаржылай көмектерін аямайтын атпал азаматтарымыздың арқасы. Осыны ұмытпауымыз керек.
– Сәке, қай бір істе болмасын өзіндік кедергілері, қиындықтары болып жатады ғой. Сол сияқты, ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамытуда шешілуі тиіс қандай түйткілді мәселелерге бөле жара тоқталар едіңіз.
– Қандай іс болмасын оның өзіне тән қиындығы, кедергілері болмай тұрмасы белгілі… Ұлттық спорт түрлерінің өрісін кеңейту барысында қиыншылықтар, орайы келмей жатқан істер баршылық. Оларды тізбектеп сөзді созбайын, тек ділгір мәселелерге тоқталайын. Жалпы, жұмысты бір ізге түсіріп, жүйелі түрде жүргізу үшін алдымен арнайы заңдар қабылдануы керек. Ал, «Ұлттық спорт түрлері туралы» заң жобасы ел Парламентіне ұсынылғанымен әлі оның жай-жапсарынан нақты хабар болмай тұр. Сондай-ақ, «Ұлттық спорттың өркендеуі» атты 2020 жылға дейінгі мемлекеттік Бағдарлама Қауымдастықта талқыланып, Үкімет пен Парламентке жіберілген, бірақ ол да әзірге бекітіле қойған жоқ. Сондай-ақ, «Атбегілердің Ар-ождан кодексі», «Ұлттық спорттың төрешілері туралы» заң да өз қажеттілігін білдіруде. Бұған қоса, ұлттық спорттың жеңімпаздары мен еңбек сіңірген мамандарына атақтар мен спорттық разрядтар беру, ұлттық спорттың кейбірінің Ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жыл сайын ұлттық спорттың үздіктері байқауын өткізіп тұру мәселелері де шешімін күтіп тұр. Алайда, бұлардың бәрі Қауымдастықта сараланып, оларды жүзеге асыруға жауапты адамдар белгіленген. Осы мәселелердің орайы келіп жатса, қанеки. Ең бастысы аталған жәйттер күн тәртібінде тұр. Орайы келіп қалар деген ойдамыз.
Үстіміздегі жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдының бастамасымен аталмыш салаға қатысты Кеңес өткен болатын. Кеңес барысында мектептер кешкі сағат 7-ден кейін жабылып қалатынын, сол себепті спортпен айналысқысы келетін жеткіншектер спорт залдарға кіре алмай жүргені, қоғамдық негізде және ата-аналардың қолдауымен ұлттық спорт түрлерінен секциялардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету керектігі айтылды. Бұл да өзекті мәселенің бірі…
– Аталмыш салаға облыс әкімдерінің көзқарасы қалай?
–Шүкіршілік дейік, облыс басшыларының кейбіреулері болмаса, басым бөлігінің көзқарасы жақсы. Қазіргі кезде 12 облыста ұлттық спорт түрлерінің мектептері жұмыс істейді. Қаржылық қолдау көрсетулері де жаман емес.
– «Кейбіреулері» деп қалдыңыз, қай облыстардың мойыны жар бермей жүр?
–Оның атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Әлі түсінер, қатарға қосылар. Әкімдер келеді де кетеді, ал халық қалады. Ал, халық тұрғанда қам жемейміз.
– Бірқатар шетелдерде жылқы өндірісі жолға қойылып, одан бюджетке қыруар пайда түседі екен деп естіп жатамыз. Осы жағынан қандай қимыл-қозғалыс бар?
– Оның рас. Мәселен, АҚШ-та жылқы өндірісінен 40 млрд.-тай доллар бюджеттеріне түсетін көрінеді. Енді олар, қымызын сатып, етін өндірмейді, тек сәйгүліктерді будандастырып, бәйгеден келіп, жүйріктігі дәлелденгендерін қымбатқа пұлдап қаржы түсіреді ғой. Алғашқыда 200-300 долларға бағаланған ат оза шауып бәйге алса, оны 7-7,5 млн. долларға бағалап сатады. Міне, оларда осылай. Ал, бізде дәл осылай болмаса да аздап әрекеттер бар. Мәселен, Қостанайда «Қазақ тұлпары» деген құрылым бар. («Қазақ тұлпары» қандай мекеме, зауыт па, ол жерде жұмыс істейтін ғалым ағамыздың аты кім. Сол керек болып тұр)
Биыл елімізге атын ұмытып отырмын, бір франсуз азаматы келді. Ол бізбен, басқа да тиісті орындардың өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда жылқы өндірісін қолға алғысы келетінін жеткізді. Өзі де елінде 40-шақты ат ұстап, оларды будандастырып, бәйгеге қосып, жүйріктерін сатып, кәсіп етеді екен. Олардың осындай тәжірибелерін еліміге неге енгізбеске?
– Ұлттық спорт түрлерін дамытуға қажетті мамандардың жетіспеушілігі байқала ма? Жалпы, оларды рухани және қаржылай ынталандыру, әлеуметтік жағдайларын көтеру мәселесі шешілген бе?
– Мамандардың жетіспеушілігі сәл болса да сезіледі. Өңірлерде жұмыс істеп жатқан ұлттық спорт мектептері осы олқылықтың орнын толтыруға тырысуда. Бірақ, бұл салада еңбек етіп жүрген азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеру ескерілмей жүргендей. Мәселен, «Жаңаөзенде» жауынгерлік өнерге жатқызылатын «Алаш алыспағы» деген спорт түрін ойлап тауып, соны бүкіл Қазақстанға таратып жүрген бір азаматымыз бар. (КІМ?-аты жөні керек) Ол былтыр желтоқсан айында «Алаш алыспағынан» халықаралық жарыс өткізіп те үлгерді. Сол жігітке жолыққанымда маған: «Мен қаншама спорт шеберін, спорт шеберіне үміткерлер дайындап шығардым, бірақ, мұғалімдік санатымның көтерілуіне еш септігін тигізген жоқ. Былайғы спорт түрлерінен 1 спорт шеберін дайындаған мұғалімнің санаты өсіп, айлығы жоғарылап жатады емес пе. Ал, менің еңбегім ескерілмеді. Осы жөнінде сұрастырсам, білім саласында бұл мәселе қарастырылмапты», – деп еді. Шынында онікі де таза еңбек қой. Еңбек бағалануы тиіс емес пе…
– Ұлтымыздың төл спорт түрлерінің жалпы халыққа насихатталуы қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– Менің пайымдауымша, жеткіліксіз деңгейде. Бірақ, саланы ел ішіне насихаттауда қол қусыра қарап отырған жоқпыз. Қауымдастықтың тарапынан «Қазанат», «Құлыным» атты түрлі-түсті журналдар жарыққа шығуда. Сондай-ақ, ел арасына жол тартқанына көп бола қоймаса да өз оқырмандарын молынан жинай білген, айтары бар басылымға айналып үлгерген «Қазақ спорты» газетімен алдағы уақытта бірлесе жұмыс істесек дейміз. Баршаға мәлім, насихаттау ісінде теледидардың да өзіндік орны бар ғой. Көрермені көп «Хабар», «Қазақстан», тағы басқа теле арналардан арнайы хабарлар ұйымдастырылса, «Ұлттық спорт» атты айдар ашылса деген тілегіміз бар. Әрине, ол үшін қомақты қаржы керек. Бірақ, үмітсіз емеспіз, алдағы күндері осы жәйт күн тәртібіне қойылады.
– Қазір қайдам, кешегі бабаларымыз қолындағы барын қадірлеуде кежегесі кейін тартпаған. Қазақ ханы мен батырын, палуаны мен шабандозын, абызы мен ақынын, ел мен жердің мүддесін бәрінен жоғары қойған өзге де ұландарын елге таныту үшін ән-күй арнап, жырға қосып, нәтижесінде халықтың рухани өмірін байытып әрі ұрпақты осы жолмен тәрбиеледі емес пе. Ол үшін көп мысал келтірмей-ақ, тек эпостық жырларымызды айтсақ жетіп жатыр. Бұған қоса, бабаларымыз аламанда алдына қара салмаған тұлпарына, аң аулап бір тайпа елді етпен, терімен қамтамасыз еткен бүркіті мен тазысына дейін ерекше пейілмен қарап, қадірлей білген ғой. Бұған мысал ретінде, өзіңіз көңіліңіздің төрін берген Құлагерге арналған поэма мен өзге де түрлі аңыз-әңгімелерді айтуға болар. Менің бұл арада сұрайын дегенім, ұлттық спорт түрлерінің майталмандарын, жүлде алып жүрген арғымақтарымыз бен бүркіттерімізді көркем әдебиет арқылы дәріптеп, мерейін тасытып, яғни, мүшәйралар, шығармашылық бәйгелер жариялай отырып ақындарымыз мен жазушыларымыздың қаламына арқау еткізу де насихаттың төресі екенін ескеріп, осылайша халықтың рухани әлеміне қозғау сала отырып, қоғамның бетін ұлттық спортқа бұрдыру ойларыңызда бар ма?
– Мүшәйра, шығармашылық бәйге ұйымдастырып, оған қаржы тігіп, ынталандыру арқылы ұлттық спорт түрлерін ақын-жазушыларымызға насихаттату дұрыс. Оған қарсы емеспін. Мұны алдағы уақытта қолға алуға тырысамыз. Бұл арада бір айта кетер жәйт, біздің ақын-жазушыларым ұлтқа қызмет етуде ылғи алда жүреді. Сондықтан, ұлттық спорт түрлерінің жампоздарын олар біздің ықпалымызсыз-ақ өз еңбектеріне негіз етер деп ойлаймын. Кешегі бабаларымыз өз кезегінде ешқандай мүшәйрасыз-ақ ұлттың рухын көтерер дүниелерді жырына арқау етіп, талай туындыларды халыққа ұсынды емес пе. Мәселе, пейілде, ұлттық құндылықтарымызға деген сүйіспеншілікте болуы керек деп ойлаймын.
Жалпы, дүбірлі жарыстарымызға өнер адамдарын, әсіресе, ақын-жазушыларды ұмытпай арнайы шақырып тұрамыз. Олар да бұл бағытта аз еңбек етіп жатқан жоқ деп есептеймін. Бір жиында (Қай жиын?) белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы (Өлең ба, поэма ма, тақырыбы қандай?) деген жырын оқыды. Жұрттың бәрі елжірей, езіле тыңдады. Бұл туындыны Қауымдастықтың жанынан шығатын «Қазанат» журналына басқалы отырмыз.
– Ұлттық спорт түрлерінің жетіле түсуіне еңбегі сіңіп жүрген азаматтарды марапаттау жағы қалай?
– Жылды қорытындылағанымызда ең мықты бапкерлер мен спортшыларды, осы салаға жанашырлық танытып жүрген демеушілерді, насихат жұмысында белсенділік көрсете білген журналисттерді арнайы марапаттап, сый-сияпатымызды жасауды ұмытқан емеспіз.
– Халықтың қолдауымен, жүректің қалауымен бастаған әрбір істеріңіз берекелі болғай, әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Жолдыбай БАЗАРОВ.

Сондай-ақ, оқыңыз

Ұлттық спорттың төрешілері, олар кімдер?

Сәдібек  Түгел.  Ел Егемендігіне және Тәуелсіздігіне сәйкес республикамызда ұлттық спорт түрлері қанатын кеңге жайып, өсіп-өркендеп …