Жетісудағы жарыс

Жер жәннаты Жетісуда Ұлттық спорттың түрлері: жекпе-жек, қазақ күресі, тоғыз құмалақ, асық атудан қала орталығындағы жаңадан салынған Жастар спорт сарайында 11-12 тамыз күндері Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері ІІІ-ші Фестивалі аясында облыстық жарыстар өтті. Осы жарыс басталуға бір-ер күн қалғанда облыс әкімдігі аяқ астынан ат спорты түрлері: аламан бәйге, тай жарысы, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақты осы айдың соңында өтетін ҚР Президенті кубогы үшін болатын жарыспен бірге өткізуге ұйғарым жасап, ат спорты түрлері жарыстарына қатысуға бет алған спортшыларға аттарының басын кері бұруларына тура келді.
Биылғы жыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуына байланысты Елбасымыздың жылды қоғамымыздың әрбір мүшесінің қатысуымен кең көлемде үлкен мереке етіп өткізу туралы тапсырмасына орай ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті 2011 жылы өтетін спорт жарыстары кестесіне «Қазақстан Республикасы ІІІ-ші Ұлттық спорт түрлері фестивалін» 4 этаппен: ауылдарда, аудандарда, облыстарда, ақтық жарыс Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында өткізуге ұйғарым жасап, бұл шаралардың жоғары деңгейде өтуіне облыс басшыларының назарын аудару үшін Облыс әкімдерінің жыл қортындысындағы рейтингін шығарғанда осы шараның орындалу қортындысын да есепке алу жөнінде ұсыныс енгізген болатын. Бұл Фестивальдің, ҚР Туризм және спорт, ҚР Ауыл шаруашылығы министрліктері мен «Нұ Отан» ХДП, ҚРҰСТҚ, Қазақстан халқы Ассамблеясы бекіткен Бағдарламасында: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан жарыс, тай жарыс, жорға жарыс, түйе жарыс, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, алыпсоқ, жұдырықтасу, алаш алыспағы, саятшылық, сайыс, хан дойбысы, ер жігіт ойыны және сәнді киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тамақ, әдемі сәйгүлік байқаулары енгізілген.
Ұлттық спорттың отаны ауылдық жер, ал оның кең қанат жайып дамуы, ел тізгінін ұстап жүрген облыс, аудан басшыларына тікелей байланысты.
Талдықорған қаласының шетінде орналасқан атшабарды, фестиваль өтеді деген соң, атшабар директоры Талғат Айтқожаұлы сақадай сай етіп қойған екен. Жалпы мұндай ат спортттарын өткізуге қажетті барлық жағдай ескерілген атшабар республикамызда көп емес. Мұнда көремендер отыратын орындар, ат қоралары, ветеринарлық бекет, атбегілерге, жарыс аттарына қажетті барлық жағдайлар ескерілген, жер бедері де ыңғайлы таңдалған. Атшабар директорына жолығып:
-Қалада іргесіндегі ыңғайлы жерде тұрған, осы атшабарды кім таңдады екен?-деп сұрағанымызда ол:
-Облыс әкімі Шалбай Құлмаханов таңдап осы жерден салғызды. Бағымызға қарай осыған дейін болған әкім Серік Үмбетовте те ұлттық спортты өркендетуге жанын салып көп еңбек сіңірді. Халық та, ат спортымен айналысып жүрген азаматтар да оларға риза.
-Онда ол кісілерге рахметтен басқа айтарымыз жоқ, Алланың нұры жаусын! Халқына жақсы ескерткіш салып беріп кеткен екен. Мұнда жарыстар өтіп тұра ма, әлде қаңырап бос тұрама? Атшабардың иесі кім?
-Бізде ат жарыстары жиі өтіп тұрады, көктемнен бастап қара күзге дейін атшабарға сұаныс баршылық. Көремендер де көп. Атшабар әкімдіктің қарамағындағы мемлекеттік мекеме.
-Бұл хабарыңыз көңілді өсіретін жай екен. Өскемен қаласында бұдан да қолайлы жерде, қаланың дәл ортасында, кезінде облысқа әкім болған В.Метте, Т.Абайділдин салып беріп кеткен атшабарды, бүгінде жекменшікке басқа мақсатқа сатып жіберіп, қазір арамшөп өсіп, азып текке тұр. Ал ертең қыркүйектің 20-26 жұлдызы күндері Өскеменге Республикалық жарысқа барғанда қаладан 30 шақырым жердегі жолы тар, көрермен бара қоймайтын «Винный» ауылындағы атшабарды көресің, жарыстардың дені сонда өтпекші. Бұл жағдай ұлттық спортқа деген жергілікті жердегі басшылардың жанашырлығының деңгейін көрсетсе керек,- деп Талғат Айтқожаұлымен қоштастық. Мұндай атшабарда өтіп жатқан ат жарыстарын көре алмағанымызға өкіндік.
Жалпы елімізде өтіп жатқан Ұлттық спорт түрлерінің жарыстарына үнемі бас демеуші болып жүрген ENRC компаниясы мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Талдықорғандағы облыстық фестивальді өткізуге демеушілік көрсеткен де ENRC компаниясы мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қаржы бөліп қолтықтан демеп жіберді. Осы жолы Талдықорғанда өтетін жарыстарды тамашалауға және қолдауға аталған қордың жауапты қызметкері Марат Зейденұлы Омаров арнайы келіп жарысты тамашалап, жеңімпаздарды өз қолымен құттықтап қайтты.
Жарысты ұйымдастырушылар мен жанкүйерлер ENRC корпорациясы мен ENRC Көмек корпоративтік қорына демеушілік көмегі үшін алғыстарын білдіруде. Айта кету керек, ENRC корпорациясы республика деңгейінде спортты қолдау мен оның дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазақстандық спорттың дамуына бөлген корпорацияның демеушілік көмегі 2011 жылдың қаңтар-тамыз айларында 801 млн теңге, 2010 жылы 765 млн теңгені құрады.
Жастар сарайында Ұлттық спорттың ІІІ-фестивалі аясында өткен Облыстық фестивальдің салтанатты ашылуын Алматы облыстық Туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мұрат жүргізді. Одан кейін ҚР ҰСТ Қауымдастығының атқарушы директоры Е.Әлімбетов, Халықаралық «Жекпе-жек» федерациясының президенті С.Махметов және спорт ардагерлері құттықтады. Бұдан кейін «Жастар» спорт сарайының алдындағы арнайы дайындалған алаңда «Асық атудан» 9 команда, ал спорт сарайының ішіндегі мұражайда «Тоғыз құмалақтан» 12 команда, қазақ күресі залында қазақ күресінен 11 команда, бокс залында «Жекпе-жектен» 6 команда жарыстарын бастап кетті. Осы спорт ойындарының барлық түрінен команда әкелген аудандар: Ескелді, Қаратал, Қарасай, Кербұлақ аудандары да, Балқаш, Жамбыл, Ақсу аудандарынан спорттың бірақ түрінен 1-ақ командалардан қатысты. Жарыс қортындысында бірінші орынды 62 ұпай жинаған Қарасай ауданы, 2-ші орынды 61 ұпай жинаған Кербұлақ ауданы, 3-ші орынды 59 ұпай жинаған Ұйғыр ауданы иеленді. Ал спорттың жеке түрлері бойынша: Қазақ күресінен ең мықты команда Талдықорған қаласыныкі, ал одан кейінгі команда Іле ауданының, үшінші жүлдегер аудан Қарасай ауданы болып шықты. Асық атудан 1-ші орынды Кербұлақ, 2-ші орынды Қаратал, 3-ші орынды Ескелді ауданының спортшылары: Көмеков Берік, Забиев Адилбек, Дарын Парасат иеленді. Жекпе –жектен 1-ші орынды: 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль иеленген Талдықорған қаласының командасы, 2-ші орынды: 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль иеленген Ескелді ауданы, 3-ші орынды 3 алтын медал иеленген Қарасай ауданы иееленді.
Осы жарыста жанкүйер көрерменді көп жинап, олардың бар дауыстарымен ойыншыларды қолдап айқай-шуына ұласқан, халықтың делебесін қоздырған спорттың түрі жекпе-жек болды. Өйткені жекпе-жек қазақ халқының ықылым заманынан бері бірге келе жатқан жауынгерлік өнері. Қазақ батырларының жаудың батырларымен жекпе-жекке шығып, жеңіп, талай соғыстың қантөгізсіз бітіммен аяқталуына ықпал еткенін білеміз. 15 ғасырда қазақ хандығының қалыптасу кезеңінде Көк Орда ханы Әбілхайырдың батыры Қарашыңды Қазақ ханы Жәнібектің батыры, кейін Жәнібек хан дүниеден озғанда қазақтың ханы болған, Бұрындық батыр жекпе-жекке шығып ат-матымен құлатып, мойынынан арқанға іліп алып өз әскерінің алдына сүйретіп әкелген. Сөйтіп қазақ әскерінің мысы басып, Көк Орда әскерінің тұра қашқандығы тарихтан белгілі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Яғни жекпе-жек қазақ халқының ежелден қанымен бірге келе жатқан жауынгерлік өнері. Бұл өнер, қызыл империя кезінде тиым салынып сөніп қалса, еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, жекпе-жектен 6 дүркін әлем чемпионы болған, жеңіліп жауырыны жерге тиіп көрмеген ұлтымыздың патриот азаматы Сабыржан Махметовтің тікелей ұйымдастыруымен, алдымен елімізде, биылдан бастап Халықаралық жекпе-жек федерациясы болып құрылып әлемдік қауымдастықтан лайықты өз орынын алуда. Осы жарыс барысында 57 келі салмақта Ескелді ауданынан ағайынды Қуанов Бақтияр мен Қуанов Кәрімжан бірінші орынға күресу үшін шаршы алаңға шықты. Жаркүйерлер демін ішіне тартып «қиын жағдай болды-ау, енді қайтер екен» деп отырғанда бас төреші Сабыржан Махметов «Қазақта ағайындылар тартыспаған, інісі жолын ағасына берген. Осы жарыста чемпион атанған адам Өскеменде өтетін Республика чемионатына жолдама алады, ақылдасып шешіңдер, екеуіңнің біріңді бірің төпелеп жатқандарың жараспайды» дегенде Кәрімжан жолын ағасы Бақтиярға берді. Осы салмақта үшінші орынды Нұрланұлы Арнұр иеленді. 62 келі салмақта Қарасайдан келген жауынгер Ибишев Камил бірінші, Ескелділіктер Кенжебеков Бақтияр екінші, Қуанов Тайржан үшінші орынды бөлісті. 67 келі салмақта Талдықорғандықтар Сәркенов Бағлан бірінші, Амантайұлы Айдос екінші , Кербұлақтан келген Құттыбаев Мирас үшінші орынға шықты. 72 келі салмақта Қарасайлық Қолғараев Алмасбек алтын, Талдықорғандық Ахматов Мұхит күміс, Қараталдық Атимов Ерғали қола медаль иеленді. 78 келі салмақта Қарасайлық Мзгиев Содик алтын, Талдықорғандық Кудинов Дмитрий күміс, Қараталдық Көкбай Ержан қола медальды тақты. 85 келі салмақта Қараталдық Шарипбеков Алмас алтын, Талдықорғандық Ахметжанов Олжас күміс медальді иеленді. Ең ауыр салмақ 93 келіде 1-ші орынды Қараталдық Аманжолов Кенже, 2-ші орынды Ескелділік Сатбаев Мұрат, 3-ші орынды Ұйғыр ауданының азаматы Мұқанов Асылжан иеленді. Осы жарыстың бас төрешісі аты әлемге әйгілі жекпе-жектен халықаралық спорт шебері Дәнеш Дүнгенбаев, және спорт ардагері Төлекенов Құдайберген, қапталдағы төрешілер Рамазанов Ғалым, Досмухамбетов Мәди, шаршы алаңдағы рефери Аманқұлов Нұрлан болды. Сонымен Талдықорғанда ұлттық спорттан облыс жеңімпаздары анықталып олар қыркүйекте өтетін Республикалық жарысқа жолдама алды.
Мурсалимов Альберт
ҚР Ұлттық ат спорты түрлері федерациясының атқарушы директоры.

Сондай-ақ, оқыңыз

Меркі ауданындағы мереке

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына  20 жыл толып отыр. Елбасымыздың осы жылды мерекемен өткізу туарлы …