Шеттегі ұрпақты ішке тартудың төте жолы

Сәдібек Түгел, «Ұлы дала қырандары» қозғалысының тең төрағасы:

– «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының «Түгел» медиа орталығы бар. Медиа холдингке бірнеше БАҚ қарайды. Оның ішінде осы басқосуды ұйымдастыруға ұйытқы болған балаларға арналған «Құлыным» журналы да бар. Жуырда осы басылымның қызметкері Майгүл Сұлтан Қытай Халық Республикасына (ҚХР) арнайы іссапармен барып, сол жақтағы қазақ жеткіншектерімен кездесіп, жағдайларымен танысып қайтқан болатын. Жыл басынан бері алты санын жарыққа шығарып үлгерген «Құлыным»-ның таяу күндері жетінші нөмірі басылады. Журналдың жаңа санын Қытай мен Қазақстан арасындағы достыққа арнағалы отырмыз.
Әлемде екі жарым мыңның үстінде ұлыстар мен ұлттар бар. Соның бірі де бірегейі – қазақтар. Қазақ деген сөздің өзі еркіндік дегенді білдіреді. Ежелден еркіндік аңсаған қандастарым тағдыр теперішімен қазір дүниенің төрт бұрышында тіршілік етеді. Бірақ қайда жүрсек те біз бір-бірімізді іздеп тауып, қауышып жатырмыз.
Жәнібек Нұрбекұлы, «Astana film» Жастар киностудиясының директоры:

– Менің де кіндік қаным Қытай жерінде тамды. Сонау 1990 жылдары Қазақстан әлі өзінің тәуелсіздігін алмай тұрған тұста қазақ халқы туралы, Қазақстан мемлекеті туралы Қытайда тым сирек еститінбіз. Өйткені, біздің тарихи Отанымыз туралы газет-журналдарда, телеарналарда ешқандай хабар таратылмайтын. Қандай да бір мәлімет алу бізге өте қиын болатын. Сол кезде 5 жасар баламын. Елімнің егемендік алған ұлы күні әлі күнге есімде. Киіз үйдің ішінде барлығымыз шырт ұйқыда жатқан болатынбыз. Таңғы сағат 5-тер шамасында әкем ұйқымыздан оятты. Өзі қуанып жүр. Қабырғада ілулі тұрған радионың дауысын ашып, бізден сүйінші сұрайды. Өз алдына Қазақия деген ел құрылды. Нұрсұлтан Әбішұлы деген патшасы бар деп жаңалықты жеткізді. Қазақ елі, атамекен туралы мен сол кезден бастап ұғынып өстім. Бір ақынның өлеңінде: «… өзіне қарай тартады, қанымдағы бірдеңе..» дейді. Сол сияқты мені де қанымдағы бір нәрсе осында тартып, жетектеп әкелді. Мектеп бітіре сала 2003 жылы алғаш рет Қазақстанға жалғыз өзім келдім. Алматыдағы Өнер Академиясында бес жыл оқып, одан кейін білімімді Астанада магистратурада жалғастырдым. Қазір жеке киностудиям бар. Осылай ел қатарына қосылдым. Бүгін міне, 7 бала келсе, ертеңгі күні олардың қатары жүзге, мыңға жетеді деген сенімдемін.

Бурабайдағы «Балдәурен» балалар лагерінде жазғы демалысын өткізуге алғаш рет шеттегі қазақ балалары мүмкіндік алды. Осы мақсатта Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінен жеті оқушы Астанаға келді. Қытайдан келген жеткіншектер демалыс орнына аттанар алдында елордалық жас-тармен кездесті. «Құлыным» журналы мен «Ұлы дала қырандары» республикалық   қозғалысы  өкілдерінің ұйымдастыруымен өткен басқосуда екі елдің оқу, білім, әдебиет пен мәдениет саласындағы байланыстарын жетілдіру мәселесі сөз болды.

Жекен Қалиев, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілі:
– БҰҰ-ның өзекті бір жүйесі – дүниежүзілік балалар қоры. Бұл қорды БҰҰ-ның бір құрамы десек те болады. Оның негізгі мақсаты, балаларды қорғау, қолдау, тәрбиелеу… Осы мақсатта әлем бойынша іс-әрекет жасайтын ұйымның қызметін осы кездесу дөп басып отырғандай. Өйткені, халықаралық деңгейде балалар мәселесі сөз болып отыр. Өзім бірқатар мемлекеттерде болдым. Соның ішінде Қытайға да бірнеше рет жолым түсті. Қытай үкіметінде де, парламентінде де кездесулерге қатыстым. Сонда аңғарғаным, қытайлықтардың ұлттық саясатта біршама ілгерілегені байқалады. Өйткені, ол жақта ұлтына қарап кемсітушілік жағдайын естіген емеспіз. Солай бола тұра қандастарымыздың өз атамекенін аңсауы орынды. Балалардың құқықтарын қорғау жөнінде БҰҰ біршама шаралар өткізіп жүр. Дегенмен бала тәрбиесін туғаннан уысында ұстайтын жапондықтардың жас ұрпағына үлгі етіп ұйымдастыратындай әрекетін жасауға тісіміз батпай келеді. Мәселен, жапондықтар жыл сайын халықаралық деңгейде балалар кездесуін өткізеді. Дамушы елдерден іріктеп, талантты жастарды еліне шақырады. Жапон балалары дарындылармен кездесіп, түрлі тақырыпта пікірлеседі, содан жаңа идея туады. Қазір елімізде Дін басыларының жиыны секілді халықаралық деңгейдегі маңызды шаралар жиі ұйымдастырылып жүр. Осындай маңызды басқосуларға ұйытқы болып отырған мемлекет әлемдік деңгейде балалар форумын өткізуге де қабілетті. Келешекте балалардың халықаралық шарасын ұйымдастырсақ деген ұсынысым бар.
Белгілі шығыстанушы Юрий Рерих біраз жыл Үндістанда тұрып, Азия мәдениетін бүге-шігесіне дейін зерттеген ғалым. Сол Рерих: «Дүниежізілік мәдениеттің ішінде маған, әсіресе, азиялық мәдениет ұнайды», депті. Орыс зерттеушісін неге азиялық мәдениет қызықтырған? Себебі, еуропалық мәдениет сыртқы сұлулыққа қараса, азиялық мәдениеттің ерекшелігі – істің мазмұнына қарайды. Мәселен, қазақ халқының әдет-ғұрпын алып, оның ой жүйесін зерттесең қазақтың қара сөзінің өзінде терең мағына жатқанын ұғасың.
Майгүл Сұлтан, «Құлыным» журналы бас редакторының орынбасары:
– Шекарадан жалғыз өткендердің бірі мен болатынмын. Қазақстанға келіп оқыдым, журналистиканы бітірдім. Отбасын құрдым…
Сөзімді бұдан бастап отырған себебім, осында келіп отырған балалардың барлығы да 15 жастағы жеткіншектер. Оларға: «Сендер бақыттысыңдар!» дегім келеді. Себебі мен 15 жасымда елге келмек түгілі, тарихи Отанымды бір көруге арманда едім. Қайдан түскені белгісіз, бір күні қолыма кириллицамен жазылған қазақ әліпбиі түсті. Сол кітапты аударып-төңкеріп, өз бетімше кириллицаны үйрене бастадым. Жатсам-тұрсам ойымда тек Қазақстан тұрды. Осында бір жетуді армандадым.
Екі елге жол салып, ат арылтып жеткен бүлдіршіндердің ертеңгі күні арғы жаққа барғанда, Қазақ елі туралы, тарихи Отанымыз туралы ақпараттар таратып, сол жақтағы ұрпақтың атамекенге оралуына тікелей өздері жол басшы болады деп сенемін. Қытайдан келген балақайлардың ішінде өзімнің де бауырларым бар. Оларға қаланы таныс-тырып, Назарбаев орталығына алып бардым. Мұражайды аралап жүргенімізде таза қытай тілінде оқитын сіңлім Нұрсәуле: «Барған сайын Қытайға суып барамын. Жан жүрегіммен Астанаға жақындай түскендеймін. Ертеңнен бастап шағынблогыма: «Мен қазақпын! Қазақ болғаным үшін мақтанамын!» деп жазып қоямын. Болашақта Қазақстанға келіп оқимын», – деді. Осы сөздердің өзі біраз жайды аңғартады. Демек, Астанаға келген алғашқы күні осындай сөз айтса, бір айда қандай сезімде болады? Екі елдің арасындағы осындай байланыстар жемісін береді деген ойдамын.
Қалиәкбар Үсемқанұлы, Қытайдағы «Шыңжаң» газетінің тілшісі:
–Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстандағы «Балдәурен» лагеріне Қытайдағы қазақ балалары тұңғыш рет келіп отыр. Бұл мәселе жөнінде былтыр Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесінде Астанаға келген сапарымызда ұсыныс айтқан болатынбыз. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері өтінішімізді екі етпеді. Бұл тамаша үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттемін.
Қытайдың Шыңжаң деген өлкесінде Алтай, Іле, Тарбағатай деген үш ірі аймақ бар. Шыңжаңдағы қазақтардың кіндік қаны сол жерде тамған. Бүгінде ҚХР-да бір жарым миллион қазақ тұрады. Қазақтардың екі ұлттық телеарнасы, екі радиосы, оннан астам газеті, 40-қа жуық журналы және бұларға қоса 60-тан астам қазақтілді сайты бар. Осы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Шыңжаңдағы «Сен қазақ!» (www.senkazakh.com) сайтын ерекше атап өткім келеді. 2005 жылы ашылған «Сен қазақ!» сайты қазақтың мәдениетін, әдебиеті мен өнерін, сондай-ақ достық қарым-қатынасымызды дамыту мақсатында жұмыс істейді. Сол қарым-қатынасымыздың бір көрінісі бүгін атажұртқа балаларды алып келдік. Жеті бала жазғы демалысын тарихи Отанында өткізуге мүмкіндік алды. Осы мүмкіндікті сыйлаған ел ағаларына алғысымды айтқым келеді. Мұны тек ағалардың ғана емес, Қазақстанның қазақ балаларына деген ықыласы деп түсінемін. Келешекте Қазақстанда дүниежүзілік балалар құрылтайы өтіп жатса, біз үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі кездесу сол ізгілікті істің бастамасы болсын. Балалардың әрқайсысымен Қытайда екі ай бойы жұмыс жасап, көпшілік ортаға дайындадық. Ата-бабасының кіндік қаны тамған өлкеге келуге олардың да ықыласы ерекше болды.
Дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымыз өсіп-өніп, көбеюде. Шүкір дейміз. Алайда көңілімізде күдік те жоқ емес. Жат елде жат жұрттың тәрбиесін алған қазақ ұрпағы келешекте туған тілі, діні, ділінен ажырап атажұртын жатсынып кетпей ме деген алаңдаушылық бар. Әрісін айтпағанда, қоңсы отырған Ресейдің өзінде қазақ жастары ана тілінен мақұрым. Осындай олқылықтың өзге елде орын алмасына кім кепілдік береді? Сондықтан жат жердегі ұрпағымызды атамекенге тарту үшін осындай шаралардың жиі ұйымдастырылғаны дұрыс. Тіпті елімізде халықаралық деңгейде балалардың тынығу лагерін ашып, онда тілімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттауға ерекше көңіл бөлінсе артықтық етпес еді.

Әзірлеген Ләззат КЕМЕЛБАЕВА
http://nurastana.kz/?p=8863

Сондай-ақ, оқыңыз

«ЖИТС қоғамдық дерт пе?» атты пікірталас

2017 жылдың 28 қараша күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында 1 желтоқсан – Дүниежүзілік …