«Көкжүйріктің» шабысы-ай!

Бәйге десе, оның ішінде «Аламан»десе делебесі қозбайтын қазақ баласы жоқ шығар деп ойлаймын бұл әлемде. Ол туралы поэзияның Құлагері атанған ақиық ақын Ільяс Жансүгіров ағамыздан артық айтқан адам жоқ:- «Жанына еліміздің жылқы жаққан, Жылқыға жетпеген көз жәутең қаққан. Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы, Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан. Халықпыз артық көрген атты тақтан. Қызық-ау біздің бәйге қырда шапқан, Шыдар ма қазақ қаны ұшып кетпей Аттарға шаң шығарып келе жатқан?!».

Неткен ұйқастық, неткен керемет өлең десеңізші?! Жатқан жері торқа болғыр , Ільяс ағамыз қазақтың бәйге үстіндегі мінез-құлқын, менталитетін дөп басып, дәл тауып жеткізіп отыр емеспе?!
Үстіміздегі жылдың қазан айының 4-ші күні жадымызда сақталатын, естен кетпейтін ерекше «Аламан» бәйгенің куәсі болып жүрегіміз лүпілге, кіңіліміз қуанышқа толды . Жиналған барша жұрттың делебесін қоздырып, патша көңілін тасытқан Жылой ауданына қарасты «Қалжан» шаруа қожалығының «Нурия» атты 4 жасар арап биесі еді. Аттың иесі – Қайрат Қабдешов, шабандозы 10 жасар – Азамат Самазбаев. Азамат Аламанға 28 нөмірін тағып шықты. Жанкүйерлер тұлпарға бірден түсіне қарай «Көкжүйрік» -деп ат қойып, айдар тақты. Жарыстың басқалардан ерекшілігі осы додаға қатысқан «Көкжүйріктің» мыңдаған жанкүйерлерді бірден баурап алған , таңдай қақтырған, таң-ғажайып шабысында болды дер едім. Жаратушы иеміз алатағаланың қолдауымен, тағдырдың жазуымен елімізде өтетін үлкенді-кішілі ат бәйгелерінің басы-қасында жүрсем де, қалың жанкүйерлермен бірге «Көкжүйріктің» әдемі шабысына таң-тамаша қалып, қайран болдым. Болған қызықты оқиғаны сәл шегініс жасап, ел газеті «Егемен Қазақстанның» мыңдаған оқырмандарына бірінші болып жеткізіп беруге ниет еттім. Сонымен , дәл сол күні халқымызың абзал азаматы, ат десе, бәйге десе ішкен асын жерге қоятын, есімі елімізге кеңінен танымал атыраулық кәсіпкер , ұлттық ат спортының үздік меценаты, атымтай жомарты, асыл ағамыз, атбегі Төкен Танаұлы Жұмағұлов Адайдан тарайтын Сұлтанәлі, Бегімбет бабаларына арнап Ас беріп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды жоғары деңгейде өткізіп, қалың қауымның алғысына бөленді.. Мәдени іс-шара Атырау облысы, Жылой ауданындағы Тана батыр ауылында ұйымдастырылды. Оған кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен құрметті қонақтар арнайы ат басын тіреп,келіп белсене қатысты. Олардың арасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбаев,Мәркен Шайжүнісов, «Егемен Қазақстан»газеті Акционерлік Қоғамының президенті, ұлт патриоты, қазіргі қазақ интеллигенциясының озық өкілі Сауытбек Абдрахманов, жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Рахымжан Отарбаев, Өтеген Оралбаев, танымал кинорежиссер Сергей Азимов , орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ляззат Сүлейменова, Жылой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов, Түркістан қаласынан келген кәсіпкер Абдығаппар Шаймерденов бастаған азаматтар болды. Бір сөзбен түйіндегенде жер қайысқан ел болды десем, артық айтпаған болар едім. Олар Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың -«Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық қана, балаларының болашағын да қапысыз қамдай алады»- деген сөзіне орай жаугершілік заманда ерліктің үлгісін көрсетіп, қарда жатып, мұз төсеніп , бойларындағы жанын берсе , ұлтарақтай жерлерін жауға бермеген батыр бабаларының рухына арналған құран қатымға қатысты, дұға оқып, тілек тіледі. Осы мәдени- іс шарада Қазақстан Республикасы республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев ағамыз мазмұнды баяндама жасады. Содан қысқаша үзінді келтіріп кетейін: «Адай бабамыздың Келімбердісінен тарайтын сегіз арыс адайдың бірі Бұзау, ал одан өрбитін ұрпақтар Жеменей мен Айтумыс.
Айтумыс атамыз 17 жасында жаумен шайқаста шейіт болған. Анасының құрсағында қалған Шылым атамыз Жеменей атамыздың қамқорлығына риза болып ұрпақтарына Жеменейміз деп өсиет қалдырған.
Жеменейден үш бала: Аталық, Алдасай, Нұрмағанбет өрбиді. Кейіннен Аталықтың аты Жомарт деп аталынады. Аталық- өз елі мен өзге ұлысқа бірдей танымал дәрежеге жеткен, мыңғыртып мал айдаған, қатарынан асқан, дүрлеген дәулет иесі – бай, дәулетіне сәулеті сай сақи мырза, қолы ашық Жомарт атана бастап жүрген шағы болса керек. Оның осы, мырзалығының арқасында Аталық аты сирек айтылатын болып, ел іші көбіне Жомарт деп атап, осы аттың түкпілікті таңыла бастаған, жастығына қарамай Жеменейдің әрі қол бастаған батыры, әрі сөз бастаған аузы дуалы биі болған деседі.
Атақты Есім хан қалмақтармен соғысып түскен олжаны үлеске салып, хан сыбаға бөліс қылғанда, «Ақбоз атты мінбей бер, ақ сауытты кимей бер, ақ беренді шаппай бер, Ақсұқсырды құшпай бер»,- депті Жомарт баба.
Жомарт атамыздан тарайтын Сейіт, Сұлтанкелді, Қожағұл. Сұлтанкелді атамыздан Сұлтанәлі, Бегімбет, Қалша, Сары.
Бүгін 4-ші қазанда Адай-Жеменей, арасынан қыл өтпеген, бірліктің белгісін, туыстық пен татулықтың үлгісін көрсеткен Жомартұлы Сұлтанкелдінің қос ұрпағы Сұлтанәлі, Бегімбетке ас беріп отырмыз.
Қазақ салт-дәстүрін ата заңым деп ұққан. Ас беру- атақ шығару емес, ата-дәстүрін жалғастырып елді татулыққа шақыру.
Біздің мақсат-кейінгі жас ұрпаққа бабалар дәстүрін насихаттап, туыстық желісін үздірмей, береке- бірлікті бұздырмай, аталар аруағын құрметтеу».
Аталардың рухына құран оқылып, Ас берілгеннен кейін қалың қауым бәйге болатын жерге қарай ағылды. Бұл күнде ат жарысты өткізетін алаңды табу да оңай шаруа емес. Бәйге жолының топырағы жұмсақ болып, аттың тұяғына зақым келтіретін тастар, ұңғыл-шұңқырлар болмауы шарт. Атап айтарымыз жарыстың басты ұйымдастырушылары Төкен Танаұлы, Өнербек Жанбала, Жалғас Қадырғалиев, Ерқұл Дәулетбаевтар қысқа мерзімде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ат спорты Федерациясы бекіткен талаптарға толық сәйкес келетін әдемі ипподром салуға қол жеткізген. Ат шабатын айналымның ұзындығы 3-шақырымды құрайды, ені 20 метр, бұрылыстары кең, жүгіру жолының топырағы майда екен. Жанкүйерлерге де ыңғайлы, бүкіл жарыс алаңы алақандай анық көрініп тұр.Бәйге төбеден старттан –сөреге дейін әрбір аттың шабысын көріп отырасың. Бұл ипподромның жан-жақтан аттарын баптап әкелген білікті атбегілердің көңілінен шығып, оларға ұнап тұрғанын пікірлерінен байқап,тәубә дедім. Атбегілердің бірлігі елдің бірлігін, берекесін білдіреді. Аталарымыз: «Өмір жарысында бірлігі мықты ел озады, ат бәйгесінде бірлігі бекем атбегілер ұтады»-деп аталы сөз қалдырған. Сөз жоқ бірлігіміз ең асыл қасиет болып саналады. Бүгінгі таңда біздің Федерация 300 мыңнан астам ат мамандарының, шабандоздардың , бапкерлердің, атбегілердің басын біріктіріп отырған елміздегі ең беделді қоғамдық спортық ұйымдарының бірі болып саналады. Қазақстан бойынша 7812 ауыл бар. Сол ауылдарда бәйге атын өсіріп, оны баптап жарысқа қосып жүрген ақ жүрек іні-бауырларым бар. «Дүниеде не қымбат? Көңіл-қымбат.»-демейме. «Жақсыны-жақсы, барды-бар» деп айтуда азаматқа парыз. Дұрыс салынған тамаша иппоромды көріп көңілім тасып тұрғанда қасымда тұрған атбегілерге қарап үн қаттым: –«Жігіттер, бізде жақсы атшабарларға, ұлағатты ат қоятын үрдіс бар ғой. Таразда-«Бауыржан Момышұлы», шырайлы Шымкентте- «Асанбай Асқаров», Алматыда- «Нұрдәулет», Астанада- «Қазанат», ал осы ипподромды «Төкен Тана» деп атасақ қайтеді»-дедім. Жігіттер менің ұсынысымды бірауыздан қолдай кетті. Сонымен тура күндізгі сағат 2-де қалың ел көптен асыға күткен дүбірлі бәйгесі де басталып кетті. Жарыс басталарда аспан шайдай ашылып, таңертеңнен бері бір мезет тынбай соққан үскірік жел шұғыл тоқтады, аттарға да адамдарға да алатағала жақсы ауа райын сыйлады. Бәйге аттарын баптап, үкілеп әкелген атбегілерге де , жанкүйерлерге де жақсы болды. Бағдарламаға сәйкес бес бәйге өтті. Олар: 3- шақырымдық «Ұшқыр» аттармен «Тай» жарысы,7-шақырымға «Құнан», 21-шақырымға «Тоқ» бәйге және 30-шақырымдық «Аламан» бәйге. Алдымен ұшқыр аттар жарысының жүгіру жолына шықты. Оған тазы қанды 12 сәйгүліктер қатысты. Мәреге бірінші болып Маңғыстаулық атбегі Әбдіғали Таңатаровтың аты келді. Екінші орынды белгілі атбегі Өнербек Жанбаланың, үшінші орынды Бекбос Байжарқанов бауырдың аты иеленді. Ұшқыр аттар дегеніміз –қысқа қашықтыққа шабатын ипподромдық аттарды айтамыз. Ол жүйріктер негізінен шет елдерден әкелінеді. Олар осындай жылдам өтетін жарыстарға ғана дағдыланып, дайындалғандар, біздің қазанаттардай бола алмайды, алысты көтере аламайды. Сондықтан да ол аттар 800, 1000, 1200, 1800, 2200, 3000 метрлік жарыстарға қатысады. Ұшқыр дегеннің сыры осында. Мұндай жарыстар Еуропа, Америкада кең дамыған. Бізге жаңа ғана таралып келеді. Қазақ атбегілері оны ұната қоймайды., менталитет қабылдамайды. Кейбір отандық бай-бағыландар таза қандыларды сәнге ұстайды. Басқа біреулері, лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге сыйлайды, тендер алады, бизнестеріне жағдай жасайды. Таза қандылардың осындай жаман жақтары да бар. Біз одан ада болуымыз қажет деп ойлаймын.
Жылқымен біте қайнасқан қазағымнан сөз қалған ба?! «Тайың өсіп-тұлпар болсын! Құнаның өсіп-дүлділ болсын! Ұлың өсіп-Батыр болсын!», «Тайында- таңда, құнында –сына, дөнен шыққанда шаппаса етке өткіз». Аталарымыз тай, құнан жарыстарға зор көңіл бөлген ғой.Тай, құнансыз бәйгелер өтпеген. Жалпы қазақ бәйгесінде тай, құнан жарыстардың алатын орыны ерекше.Ол –бәйгенің стратегиясы болып саналады. Себебі атбегі аталарымыз нағыз жүйріктерді солардың арасынан іріктеп, сұрыптап отырған. Қазіргі тілмен жеткізгенде, олар Ұлы Аламанның резервтері іспетте бақылауда болып, дөнен, тоқ, аламан жарыстарға қатысуға дайындалған. Тай жарысына қатысты бізде біраз дау-дамай, түсінбеушіліктер болғаны рас. Тіпті тай жарысына ашық қарсы шыққандар табылды. Соның салдарынан 2000 -2005 жылдарда кейбір аймақтарда жарыстар мүлдем өткізілмеді. «Даудың басы -Дайрабайдың қасқа сиырында»-дегендей ,анықтап зерттеп, мұқият қарасақ бар пәле шетелдерден мыңдаған долларға сатылынып әкелінген жылқыларында болып шықты. Олардан алынған құлындардың сүйектері ірі, кесек,бойшаң болғанымен әлсіз болады екен. Оларды тай кезінде жарысқа қоссаң сынып қалады, жүрісті көтере алмайды. Ал, қазанаттың тайлары қазақтай төзімді, шымыр , шыдамды келеді. Олар жарысты іздеп тұрады. Бұл біздің еуропалық аттардан артықшылығымыз және ерекшілдігіміз. Құдай бізді де , қазанаттырмызды да төзімді етіп жаратқан. Елдің талап-тілегімен, біздің пәрменімізбен «Тай жарыс» спорт түрі болып бекіді, ережесі жасалды, арнайы «Тай жарыс» Федерациясы құрылды.
3 шақырымдық жарыс жолына тоғыз тай шықты. Бірдей қызыл футболка киіп, өз нөмірлерімен тайларын ойнатып шыққан шабандоз балаларды жанкүйерлер ду қол соғып, қошаметпен қарсы алды. Тай жарыс тайларды да балаларды да шыңдайтын, тәрбиелейтін таптырмас мектеп. Өйткені өмір-бәйге! Бәйге болғанда-мәңгілік бәйге! Соны түсінуіміз қажет. Тай жарыста мәреге бірінші болып нөмірі 45-ші маңғыстаулық Н ұржан Жандаев келді, екінші және үшінші болып Боранқұлдан Ыбыраев Желдібайдың тайлары келді.
Келесі кезекте бағдарламаға сәйкес 7-шақырымдық «Құнан» жарыс өткізілді. Оған 32 құнан қатысты.Құнан жарыс тартысты әрі қызықты болып өтті. Бірінші орынды ақтаулық азамат Алмаз Абдулданов жеңіп алды. Екінші орынды- ақтаулық Ермек Төребенов, үшінші орынды- Кеңқияқтан келген шабандоз Санжар Әнетов иеленді.
21 шақырымдық «Тоқ» бәйгеге 21 сәйгүлік қатысып, күш сынады. Бұл бәйге туралы қысқаша түсініктеме. Біз «Топ» пен «Тоқты» шатастырып жүрміз. Сол күнгі бағдарламада «Топ» деп жүр. Бұл дұрыс емес. Дұрысы «Тоқ» бәйге деп аталады. Оны аталарымыз қалдырған. Ол бәйге аттарын дұрыс таңдау, сұрыптау, жарысқа іріктеу заңдылықтарынан туындаған. Мысалы: біздің білікті атбегі аталарымыз «Аламанға» тек жаратқан жүйріктерді қатыстырған. Бәйге аттарын жаратудың мерзімі үш айдан кем болмауға тиісті. Сол мерзім сақталғанда ғана бәйге аты толық жаратылады, бабына келеді. Сондықтан атларымыз «Ат шаба ма, Бап шаба ма, Бақ шаба ма»- деген. Бабы келмеген бәйге аты дұрыс шаппайды. Міне осыны жете білген ежелгі атбегілер «Аламанның» алдында міндетті түрде тоқ бәйгені өткізіп , тұлпарларын сынаған. Қазіргі тілмен айтсақ «Генеральная репетиция» жасап отырған. «Тоқ бәйгеге» құнан да, дөнен де, болашақ бір тоғы бар аламаншы аттар да қатысып сыннан өткен. Қырағы көзді білікті бапкер аталарымыз «Тоқ» бәйгеден аламаншы болатын жүйрік бәйге аттарының артық-кемін жазбай танып, байқап, тиісті қорытынды жасап отырған. Соның нәтижесінде «Аламан» бәйгенің сапасы жоғары, аттардың шабыстары керемет болған. Әкем Түгел марқұм айтып отырушы еді: ««Тоқ» бәйгеге шыдаған тұлпар «Аламандада» қалмайды»- деп.
Қашанда батыр мінезді , ер жігітке бәйгеде аты ұтқан жарасады. «Баптаған аттарың бәйгелі, қазанатың бірінші болсын»-дегендей 21 шақырымдық «Тоқ» бәйгеде белгілі атбегі Төкен Танаұлының 7-ші нөмірлі торқасқа «Қасқалдақ» атты жүйрігі бәрінен озып, сөреге жеке дара келіп жетті. Оны жарысқа баптағандар: белгілі ат спортының мамандары Арман Тулеуов пен Арман Дабаров. Шабандозы: -Мұқтархан Серғазиев. Оларға «Тоқ» бәйгенің бас жүлдесі шетелдік жеңіл автомашинаның кілті табыс етілді.Екінші орынды-Орал қаласының шабандозы Нұрлыбек Жантуриннің, үшінші болып Ақтау қаласының шабандозы Азамат Өтемұраттың аты келді.
Сонымен кезек «Аламанға» келді. Аламан десе делебесі қозып, қаны көтерілмейтін қазақ жоқ. Өйткені «Аламан» жарыс қазақтың болмысынан туындаған құбылыс. Бізді жылқы мінезді дейді. Өте дұрыс айтылған қағида. Ол туралы атақты жазушы, ойшыл ағамыз Асқар Сүлейменовтен артық айтқан ешкім жоқ. «Басқа халық қайдан жаралсын , мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Ал, дәл біздің қазақ тұлпарлардан, арғымақтардан, қазанаттардан жаратылған»- деген ғой. Жазушының сөзінде жан бар. Қазақ жылқы мінезді – Өр халық!Алысты көздеп, небір арпалыстарда жеңіске жете алатын , бірлігі бекем, тірлігі терең ғажайып халық. Ол туралы әлем жұрты біледі. Біз сол деңгейден түспейік ағайын! Айтыңдаршы , осынау Алтайдан-Атырауға, Ұлытаудан-Алатауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ Ұлы Даланы, ұшы қиырсыз кеңістікті игеру үшін, сақтау үшін, оны болашақ ұрпаққа аманат ретінде қалдыру үшін не керек болды?!
Әрине, қазақ батырларының ержүректігі, қазанаттардың желі мен белі, төзімділігі мен қайсарлығы және алыс қашықтарға шыдайтын құрыш тұяқтары керек болды. Олардың бәрі біздің қазақтың қазанаттарының бойынан табылады. «Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар –Қазанаты бір бөлек»-деп бекер айтылмаған. Қазанаты болған да қазақ қор болмаған. Азаматтың ары мен намысын сақтайтын жануар осы Қазанат! Ол туралы жылқы жануарының білгірі ,ресейлік ғалым В. Фирсовтан артық айтқан ешкім жоқ. Қазақтар қазанатты барлығынан жоғары қояды. Қазанаттың жақсы қасиеттерін бағалайтыны соншалық айғырын сұрамайды да. Себебі қазақ биесінің тұқымы тұрақты басқалармен қосылғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады. Өзінікін де жоғалтпайды. Сондықтан да жергілікті халық қазанаттарға жоғары сеніммен қарайды». Бұдан түсінетініміз, Алпамыстың –Байшұбары, Қамбардың-Қарақасқасы, Қобыландының-Тайбурылы, Исатайдың-Ақтабаны, Абылайханның-Шалқұйрығы, Қабанбайдың-Қубасы, Төлегеннің-Тарланы, Кенесарының-Ақбозы, Ақан серінің-Құлагері, Бошайдың-Үш қарасы нағыз Аламаннан шыққан қазанаттар 1895 жылы В.Фирсов «Түркістан және түркістандық жылқы тұқымдары» атты еңбегінде қа зақы жылқы қазанат жайында былай деді: «…Қазанат қазақы биелерін жүрдек те таза қанды айғырлармен будандастырудан шығады. Айғырдың тұқымына бұл жерде онша көп мән.
«Құбылып бурыл гуледі, Табаны жерге тимеді, Тау менен тасты өрледі, Төрт аяқты сермеді, Құлақтың түбі терледі, Тер шыққан соң өрледі, Адырды көзі көрмеді, Көлденең жатқан көк тасты, Тіктеп тиген тұяғы, Саз балшықша иледі». «Арудан асқан жар бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма, Биенің сүті сары бал – Қымыздан асқан дәм бар ма! Желіде құлын жусаса, Кермеде тұлпар бусанса, Сәні келер ұйқының, Жылқы қолдан тайған соң, Қызығы кетер күлкінің. Қыздың көркі құлпыда, Жігіттің көркі жылқыда!».
«Жасымнан жылқы десе менің жаным, Атырдым жылқы ішінде өмір таңын. Жапанда жел-жылқының үстінде өскем, Мекендеп өміріме аттың жалын». Осы өлеңдер –ақ қазақ халқының өміріндегі жылқылардың ролін жітік ашып тұр. Аталарымыз Аламан бәйгені өткізгенде алыс қашыққа шыдайтын, жауды қуса жеткізетін, қан шайқаста жауынгердің сенімді серігі әрі қолқанаты бола алатын, соғыста иесін қалдырмайтын жаугершілік заманына лайық тұлпар-қазанаттарды іріктеп алып отыруды мақсат тұтқан. Ол кезде жарыс тіке жолмен, 60-65 шақырымға өткізілген. Оны «Күндік» жарыс деп атаған. Мен Құлагерге ескерткіш салу барысында, тұлпар шапқан жерлерде болдым. Құлагер Сағынайдың асында 65 шақырымдық Аламанға қатысып, қараниеттілердің қолынан мерт болған. Оны кинодағыдай мылтықпен атып, айбалтамен басын кескен жоқ, тың аттар мінген Батыраш пен Қотыраштардың жендеттері сойылмен қақ шекеден ұрып құлатқан. Құлагер мерт болған жер Ерейментау ауданы Қосақ көлінің жанындағы «Шырпылы биік, талды сай». Құлагер мерт болғанға дейін 12 осындай Аламанды ұтқан. Оның атағы Сағынайдың асына дейін бүкіл қазаққа мәлім болған.
Сол 4-ші қазан күнгі «Аламан» жарысқа 31 бәйге аттары қатысып, бақ сынасты. Небір шашасына шаң жұқтырмайтын сәйгүліктер жарыс жолына шықты.31-дің ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда,Ақтөбе, Орал, Ақтау, Атырау өңірлерінен жүйріктер болды. Қазақ «Нағыз жүйрік –Аламанда танылар», «Жүйріктен-жүйрік озар жарысқанда»-демейме төрешінің белгісінен кейін, тұлпарлар 30 шақырымдық додада бәрінен оза шауып, бас жүлде «Джип» автокөлігін алуға ұмтылды. Аттар жарысты жылдам шапшаңдықпен бастады. 30 шақырым 10 айналымнан тұрады. Әрине он айналымды жылдамдықпен шауып өту оңай дүние емес. Оған аттың дайындығы, шабандоздың шеберлігі аса қажет.Қарап тұрмыз , аламаншылар екі шақырымдай шапқан тұста, бағанағы старт берілген жерден екі күрең мен бір көк ат шыға келді де, бәйге жолына түсті. Шабандоздардың үстерінде нөмірлері бар. Олардың мандат кмиссиясынан тіркеуден өткені көрініп тұр. Көк аттың нөмірі 28. Төрешілер алқасы , бізге :- «Бұлар «Қалжан» шаруа қожалығының аттары. Заявкалары бар, тіркеуден, тексеруден өткен деп түсіндіріп айтып жатыр. Олардың жарыс жолына шыққанына бір минут болар – болмаста: – «Комментатор-төрешінің көк аттағы бала құлап қалды, «жедел жәрдем» машинасын сонда жіберіңдердеген сөзін естідік». Көзімізді солай бұрсақ, көк ат шынында екі күреңнің ортасында үстіндегі шабандозсыз құйындатып барады. Сол мезетте алдыңғы топ бірінші айналымды бітіріп, екінші айналымға өтіп бара жатты. Алда 31 нөмірлі жирен мен 17-ші нөмірлі құла қасқа кетіп барады. Тура үш минуттан соң халықтың алдынан стартта қалып қалған 3 ат бірдей өтті. Елдің көзіне бірден түскен көк ат шабандозсыз өзі шалқып шауып барады. Шабысы ширақ, екі күреңнің ортасында басын биік ұстап ойнақтап барады. Нағыз бір батырлардың Ақбозатындай көрінді маған. Тек маған емес, сол бәйгені тамашалаған барлық жұрттың ыстық ықыласына бөленді бұл жануар. Бөленбегенде ше, «Көкжүйрік» шабысынан бір тынбай , жарыс жолынан шығып кетпей, бір қалыпта 9 айналымды-27 шақырымды шабандозсыз бір өзі әдемі шауып шықты.Атсүйер қауым оған түрегеп тұрып қол соқты. «Көктұлпар» адамдардың шексіз құметіне бөленді. «Нурия» мұндай қошаметке қалай ие болды? Талдап көрелік.
Біріншіден, жоғарыда айтылғандай «Көкжүйрік» жарыс жолынан шығып кетпей,аяғына дейін шауып отырды.
Екіншіден, нағыз тұлпарларға ғана тән мінез, қайсарлық танытты. Қос күреңдегі балалар бұл атты жолдан қуып шығарамыз деп, қамшы үйіріп әуреленгендерімен алған бетінен қайтпады. Қайта шабысын арттырып, оларды шаң қаптырып, алға шығуы.
Үшіншіден, иелерінің кешігіп жарысқа шығарғандарына, жайбарақаттықтарына ашуланып, мінез танытып үстіндегі баланы түсіріп кетуі.
Төртіншіден , жарыс аяқталғанда бекзаттық жүріспен бүкіл көрермендердің алдынан, басын көтеріп өтуі дер едім.
«Бәйгекөк» сол күні Маңғыстау, Атырау атсүйер қауымының ауызынан түспей, небір әңгімелердің ,басқосулардың басты тақырыбына айналды. Талай бәйгені көрген абыз ақсақалымыз Мырзатай Жолдасбековте: – «Бұл не деген құдырет?! «Көктұлпар» есімнен кетпей отыр. Әй,бір шабысына да , жүрісіне де разы болып рахаттанып отырмын. Тойдың көркі осылар ғой деп» – ризашылығын білдірді.
Қазіргі кезде «Адай» жылқылары өрлеп тұр. Олар жуықта Францияда өткен бүкілдүниежүзілік ат жарысына қатысты. ТМД да ат марафонында оларға шақ келетін аттар жоқ. 2011 жылдан бері алыс қашықтықтарға арналған 80,120 шақырымдық ат марафондарында алдарына қара салмай, жіңімпаз атанып келеді. Алғашқы жарыстардың жеңімпазы жаңаөзендік «Аққанат» атты адай тұқымды тұлпар аңызға айналды. «Адай жылқылары» тұқымы ұлттық брендіміз болып тұр. Адай жылқыларына деген қызғушылық әлем атбегілерінің арасынан көптеп табылуда. Сол адай жылқыларында заманында атақты «Көкмойнақтың» үйірі мен «Көкайғырдың тұқымы» атты шашасына шаң жұқтырмайтын, небір аламан бәйгелердің басын бермеген жүйріктер болған. Мен үшін, біз таңдай қағып, керемет шабысына куа болған «Көкжүйріктің» атақты Адай тұқымына қатысы бары анық.
Сонымен бұл аламан жарыста да Төкен Танаұлының жолы болып, мерейі үстем болды. Мәре сызығынан «Аламан» атты ағылшын-буденный тұқымды төрт жасар қарабайтал бірінші болып өтті. «Аламан» бәйгенің бас жүлдесі «Джип» автокөлігінің кілті ат бапкерлері Игілік және Сәкен Қарамановтарға, шабандоз Денис Баттқа табыс етілді.
Екінші орынды 31 нөмірдегі – Жылыойлық – Машанов Мұрат, үшінші орынды
33 нөмірдегі – Маңғыстаулық – Мұрсалов Сәрсенғали иеленді. Ұйымдастыру алқасының шешімімен сол күнгі жарыстың басты қаһарманы болған «Көкжүйрікке» арнаулы сыйлық берілді. Оны елдің алдында , бүкіл халықтың атынан Төкен аға тапсырды.
Ат бәйгесімен қатар ақындар мүшайрасы және «Түйе палуан» жарыстары да ұйымдастырылды. Сұлтанәлі, Бегімбет аталар құрметіне өткізілген ақындар мүшайрасына барлығы 12 ақын қатысты.
Бас жүлдені маңғыстаулық – Айтуар Өтегенов, бірінші орынды Жылой аудандық ‟Кең Жылой„ газетінің тілшісі Ербол Қошақановтар иеленсе, екінші орын екі ақынға берілді. Олар: – Әбдіхалық Сисенбергенов , Жылой ауданы , ‟Құлсары„ газетінің меншік иесі және Жакупова Салтанат – ‟Кең Жылой„ газетінің жауапты хатшысы.
Танымал ақын Айтуар Өтегенов ‟Бабаларым жайлы„ өлеңін оқыды.
Қазылар алқасында: Нұрдаулет Ақназаров, Қанаш Қалдыоразов, Қаржау Оразбаев болды. Күресте мына палуандардың жолы болды: ауыр салмақта бірінші орынды Кенжебек Күзенбаев, екінші орынды Сержан Оңқалов, үшінші орынды Біржан Молдашев жеңіп алды. Жеңіл салмақта кілем үстінде күрескен Нұрболат Ыстыбаев бірінші, Береке Қоңқабаев екінші, Саясат Үсенұлы үшінші орынды алды. Жұмағұлов Төкен Танұлы ұйымдастырған мәдени іс шара жоғары деңгейде өткізілді . Қатысқан халық риза болып, Төкеңе алғыстарын жаудырды. Сұтанәлі мен Бегімбет аталар құметіне арналып өткен Астан үлкен әсер алып үйге оралдық. Келе сала осы мақаланы жазуға отырдым. Ұлттық ат ойындарын кеңінен насихаттауымыз қажет.
2007 жылдың 28 мамыры күні Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев:- «Ежелден сәйгүлік баптаған елдің ұрпағымыз. Еліміз егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қаны бар азаматтардың қолына көшті. «Замана желімен жарысқан – Қазанат» журналы ұлттық спортты, соның ішінде, жылқы шаруашылығы мен ат спортының дамуына баса зер салады деп ойлаймын. Іске сәт жігіттер!» – деп біздің алдымызға зор міндеттер қойды. Оны орындау біздің абыройлы борышымыз болып саналады. Сол салада аз да болса тер төгіп жүрген жайымыз бар. Тек биылғы жылда еліміздің ондаған ауылдары мен аудан, қала және облыстарында болып ат бәйгелерін өткіздік. Сөз соңында айтарым, Ұлы даламыз тұлпарлардың дүбіріне, шаңырақтрымыз- кішкентай сәбилердің күлкісіне толсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бірлігіміз нығая берсін!

Сәдібек Түгел-ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық Ат Спортының президенті, жазушы-атбегі. Астана қаласы. 2014 жылдың 8 қазаны.

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …