Атбегі Нәбен!

Нәбидолла Ақанұлы КикебаевҚұдайға шүкір, бүгінгі юбиляріміз Нәбидолла Ақанұлы Кикебаевтың өзінің ақыл-парасатымен, білімі мен біліктілігінің, талпынысы мен талмай ізденісте болуының арқасында қол жеткізген атақтары жетерлік. Ол ауылшаруашылық ғылымының докторы, профессор, ғылым академиясының академигі, жылқы тұқымының авторы, ірі ғалым, мемлекеттік кәсіпорынның бас директоры және тағы басқалары. Олары бір төбе. Солармен қатар, бүкіл Қазақстан халқы зор құрметпен айтатын Нәбидолланың екінші тау атағы бар. Ол- «Атбегі Нәбен»- «біздің Нәбен» деген құрметті аты. Менің біздің Нәбенмен танысуым қызық болды. 1996 жылдың 18-26 қыркүйегінде Мажарстан-Венгрия мемлекеттілігінің 1100 жылдығына арналған «Әлем шабандоздарының бірінші Фестивалі» «Кешкемет» қаласында өте жоғары деңгейде өткізілді. Оған дүниежүзінің 23 елінен атбегілер келіп қатысып, өнер көрсетті. Солардың ішінде біздер, қазақстандықтар да болдық. Бұл ресми түрде қазақ ұлттық спортының әлемге тұңыш рет танылуы болатын.

Бұрын соңды болмаған, дүбірлі әлемдік ат жарысының екінші күні Фестиваль өтетін алаңға жиналдық. Құжынаған халық Мыңдаған адамдар. Солардың ішінде алаңның ортасындағы бір адамның жанына көрермендер өте көп жиналып, оны жан-жағынан бірнеше қатар тұрып қоршап алды. Кинооператорым Марат камерасын құшақтап солай қарай жүгірді. Мен оның соңынан ердім. Жақындап келсем ығы-жығы халық, олар бірін-бірі итермелеп алдағы бір қызықты көруге ұмтылуда. Ішке кіре алмай қара терге түскен Марат шықты: «Туда не пробиться. Там, какой то интересный «экспонат» показывает. Надо дождаться» деді. Мен бұл қандай қызықты «экспонат» екен деп, қызығушылық таныттым да, ипподромның шетінде жаттығу жасап жүрген көкпаршылардың бойшаңдау атына мініп келіп қарадым.

Биік аттың үстінен қарасам, о тоба, бүкіл жиналған халықтың ортасында ерекше ұлттық киім киген Нәбен тұр. Жәй тұрған жоқ үстіне, 13-не 14 ғасырда Керей мен Жәнібек хандар, не болмаса 8-ғасырда Күшілік хан киген, ұзындығы жарты метр болатын үшкір бөрік, қымбат матадан тігілген қызыл шапан, оң жағында қылыш пен қанжар, сол жағында насыбай салынған ыдыс, белінде ою өрнегі көп жалпақ белбеу. Еуропалықтардың қызық көргені сондай, Нәбеннің жанына келіп- қолдарымен бұл тірі адам ба деп ұстап, ұстап қояды. Бүкіл халық онымен жарысып фотоға түсті. Нәбен тамаша ұлттық киімімізбен халқымызды әлемге танытты.

Нәбидолла КикебаевСол жолы, ұлттық спорт түрлерінен қазақстан командасы алғашқы рет әлемдік үлкен Форумның бас жеңімпазы болып тарихи жеңіске қол жеткізді. Осы жеңісіміздің құрметіне «Кешкемет» аймағының губернаторы өз резиденциясында үлкен қабылдау өткізді, қазақстан делегациясына зор құрмет көрсетті. Оған бізбен бірге , Қазақстанның сол кездегі Мажарстандағы өкілетті елшісі, бұрынғы, сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов ағамыз да келіп қатысты. Қабылдаудан кейін көңілді қалпымызда бүкіл делегация мүшелері «Икарус» автобусына отырдық. Автобус орнынан қозғалысымен, салонның іші керемет әнге, ғажап дауысқа толды. Бір, Әміре Қашаубаев, не Ғарифолла Құрманғалиев ағамыз тіріліп келендей күй кештік. Содан бері айтатыным, халық әні «Ойлап тұрсам, о дүне-ай» -ды Нәбендей ешкім нақышына келтіріп айта алмайды. Нәбеннің өлеңінен кейін мен қолыма микрофонды алып: «Угагайды» айтып бердім. Сонда ғой, құлақтан кіріп бойды алар халық әндеріне балқыған елші Төлеутай Сүлейменов қасына көмекшісін шақырып: «Жаз блакнотыңа, мына екі солист жігіттердің аты-жөндерін. Болашақта оларды Еуропаға гастрольге шақырамыз» деп бұйрық бергені. Ол бір керемет кез еді. Кәкең ағамыздың «Елекеңнің елеңдеуі» мен «Сәкеңнің секеңдеуі» деп ат қоюы да сол жолы болды. (Автордан: Елекең-Елсияр Қанағатов, Кәкең-Қилан Нұртазинов, Сәкең-Сәдібек Түгел)

Ұлттық Ат Спорты Федерациясының алғашқы құрамы мемлекеттен бір тиын алмай, патриоттық сезіммен, үлкен фанаттықпен қыруар жұмысты абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленіп келеді. Қазірде істеп келеді. Сол кезде, еңбек ақысыз жұмыс істеген оларға ел «жалаңтөстер» деп тура ат қойған. Оны біз мақтаныш тұтамыз. Солардың жуан ортасында ұлтының патриоты , біздің бауырымыз әрі досымыз , атақты атбегі Нәбидолла Ақанұлы Кикебаев жарқырап тұр. Балаларыңның, немерелеріңнің қызығын көріп, жан жарың, біздің алтын келін, ақылды келін , ғалым келін Айманмен жүз жаса, мың жаса Нәке! Әрқашан жолың ашық болсын! Алтын жас- алпыс жасың қүтты болсын! Той-тойға ұлассын!

Құрметпен, Сәдібек Түгел
– Қазақстан Республикасы Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.

2016 жылдың 7-шы қаңтары. Астана қаласы. «Отаутүскен» ауылы.

Сондай-ақ, оқыңыз

Жүрекжарды…

«Қазақ халқының мақтанышы, біртуар азаматы Дәулет Тұрлыхановтың біз үшін бағасы зор. Өзінің асқан шеберлігі мен …