Барлық журналистерді кәсіби мерекемен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналады!

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, журналист-жазушы, Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы, танымал медиа менеджер Сәдібек Түгелмен сұхбат.

Сұрақ: Құрметті Сәдібек аға жыл сайын маусым айының соңғы жексенбісінде барлық БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Мерекенің қарсаңында әрбір журналисттік ұжым жыл бойында атқарған жұмыстарын қорытындылайды. Осы орайда менің сұрағым Сіз жетекшілік ететін «ТҮГЕЛ МЕДИА» бірлестігі өз кәсіби мерекесін қандай жетістіктермен қарсы алып отыр. Жалпы алғанда Сіздің медиа бірлестігіңізде қанша БАҚ бар. Олардың тыныс-тіршілігі қандай?

Жауап: – Сұрағыңызға көп рақмет. «ТҮГЕЛ МЕДИА» бірлестігінің ашылғанына 8 жыл толып отыр. Оның құрамында 7 республикалық журналдар. Олар «Қазанат», «Құлыным», «Біз Астаналықтар», «Журналистер әлемі», «Ұлы Дала қырандары», «Ұлттық спорт» және «Керемет той» журналдары, 2 баспасөз клубы, 1 газет, 8 сайт енеді. Барлығы 18 БАҚ.
Сонымен қатар біздің ұйым танымал әлеуметтік желілер «Фейсбук», в контакте, инстаграм мүмкіндіктерін молынан пайдаланады. «ТҮГЕЛ МЕДИА» бірнеше ақпарат агенттіктерімен оның ішінде «Бас редакторлар Клубы» бар, тығыз байланыста жұмыс атқарып меморандумдарға қол қойды.

Сұрақ:– Осы өзіңіз шығаратын журналдарға жалпылай түсініктеме беріп өтсеңіз?
Жауап: 18 бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктіріп отырған «ТҮГЕЛ МЕДИА» баспасөз кеңістігінде өз орны бар қуатты бірлестік. Бұл медиа холдинг ел игілігіне жарайтын ізгілікті бастамаларымен жақсылықтың жаршысы, ұлағатты істердің ұйытқысы болып оқырмандарға танылуда. Бүгінгі таңда ақпараттық бірлестік еліміздің жағымды имиджін қалыптастыруға, ел экономикасын көтеріп, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, рухани және мәдени шараларды іске асыруға, тұлғаларды танытуда, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға зор үлес қосып келеді. «ТҮГЕЛ МЕДИА» бірлестігінің жанынан шығатын әр саладағы тақырыптық бағыттағы журналдардың және интернет сайттардың атқарар шаруалары орасан зор.
Айталық, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың журнал оқырмандарына арналған алғысөзімен 2007 жылдан бастап жарыққа шығып келе жатқан «Қазанат» ғылыми-танымдық республикалық журналының әр саны ұлттық құндылықтарымызға арналып, мыңдаған оқырмандардың ризашылықтарына бөленуде. Ал, республикалық ақпараттық – танымдық «Біз – Астаналықтар!» журналының басты мақсаты – жаңа Елордамыздың күнделікті тыныс – тіршілігін, тарихын, дамуын көрсету және насихаттау. Сонымен қатар журнал қала өміріндегі проблемалар мен орын алған кемшіліктерді де сын тезіне алып отыратын басылым.
Ұлт болашағы – ұрпақтарды отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке ерлікке, парасаттылыққа баулу мақсатында әрі жас ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін «Құлыным» атты балаларға арналған республикалық әдеби-танымдық журнал 2010 жылдан бері жарыққа шығып келеді. Журнал негізінен жас жеткіншектердің шығармашылығына арналып, 2000 данамен Қазақстаның барлық өңірлеріне тарайды. Қазір басылымның «Құлыным журналының Қытайға сапары» деген атпен арнайы халықаралық саны дайындалу үстінде.
ХХІ ғасырда көпшілік батысқа еліктеп, әр түрлі шараларды соларша өткізуге тырысып жатқан тұста төл өнеріміз мен мәдениетімізді жаңғырту мақсатында өмірге келген «Керемет той» журналы ұлттық құндылықтарға, той мен салт-дәстүрге арналған алғашқы астаналық басылым екенін ерекше атап өткен жөн. Сондықтан журналдың басты мақсаты ата – бабадан мирас болып қалған, астарында терең пәлсапалық мағына жатқан ұлттық салт-дәстүрлер мен рәсімдерді ұстану арқылы өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу болып табылады.
Ұлттық құндылықтарға арналған медиа-бірлестік басылымының тағы бірі – ғылыми-танымдық республикалық «Ұлттық спорт» журналы. Журнал ұлтымыздың дәстүрлі ойындарын ұлықтауға, оларды жұрт санасына сіңіруге, ұрпақтан – ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Сонымен бірге журнал ұлттық спорт түрлерін елге паш етіп жүрген азаматтарды жан-жақты таныстыруды мақсат тұтады.
«Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты» деген Алаштың ардақты ұлы Міржақып Дулатовтың қанатты сөзін басшылыққа алған «Түгел – Медиа» сол баспасөздің тірегі – журналистердің жәй-күйін, мұң-мұқтажын, бағыт-бағдарын тұрақты назарда ұстап отырған бірден-бір бірлестік. Осы ретте журналистердің ерен еңбектерін сан қырынан көрсетіп келе жатқан республикалық «Журналистер әлемі» журналының көтерер жүгі оңай емес екендігін атап өту ләзім.
Республикалық саяси-әлеуметтік «Ұлы Дала Қырандары» журналы осы медиа-бірлестіктің келесі бір ұтымды жобасы болып табылады. Журнал 2012 жылы құрылған «Ұлы Дала Қырандары» атты қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысқа ақпараттық тұрғыдан қолдауды көздейді. Себебі, бұл қоғамдық қозғалыстың негізгі мақсаты халыққа адал қызмет ету, Ұлы Дала мәдениетін жаңғырту, ана тілімізді қастерлеу, қоғамымызды басып алған жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізу, жұмыссыздықты жою, еліміздің болашағы жастарға дұрыс жол көрсету, демографияға көңіл бөлу, ауылға жағдай жасау болып табылады.
Бір сөзбен айтқанда, «Түгел – Медиа» бірлестігіне қарасты барлық ақпарат көздері тәуелсіздігімізді баянды ету жолында аянбай тер төгіп, Қазақ елін өркениеттің сара жолына бағыттай отырып, «Мәңгілік ел» атандыруға бел шешіп отыр.

Сұрақ:Осы мереке қарсаңында қол жеткізген жетістіктеріңізбен, алған асуларыңызды айтып өтсеңіз.Қандай бастамаларыңыз баршылық?

Жауап:- Әңгімемді бастамалардан бастайын. Жоғарыда айтып өткенімдей біз ең алдымен өзіміздің әріптестеріміз журналистер қауымымен қоян-қолтық тығыз байланыста жұмыс атқарамыз. Солардың қатысуымен баспасөз мәслихаттарын, брифинг, кездесу, кеңестерін өткіземіз. Солардың ішінде журналистерге ерекше ұнайтын «Баспасөз саяхатын» ұйымдастырамыз. Соның аясында табиғаты әсем жерлерге ұлттық спорт түрлері өтетін жарыстарға пресс-турлар жасаймыз. Мысалы біздің ұйытқы болуымызбен «Қорғалжын қорығына», «Шарын шатқалына», «Бұрабай», «Катонқарағай» т.б. жерлерге баспасөз саяхаты ұйымдастырылады. Ондағы көздеген мақсатымыз қаламгерлердің басын біріктіріп, отандық туризмді насихаттау, туған табиғатымыздың кереметтігін дәріптеу болып табылады. Келесі бір қол жеткізге жетісітігіміз «Замана желімен жарысқан – Қазанат!» атты ат бәйгесін ұйымдастырып журналистерді шақырамыз. Жыл сайын журналистер күні қарсаңында Ақмола облысы Шортанды ауданында ат спортының мерекесі ұйымдастырылады. Соның барысында Астаналық журналистер ұлттық ат ойындарын көріп тамашалайды, ұлттық тағамдардан дәм татып ұлттық құндылықтарымызбен жете танысады. Келесі бастамаларымыздың бірі де бірегейі деп жыл сайын өткізіліп келе жатқан өмірден ерте өткен дарынды елордалық журналистерді еске алу кешін айтар едім. Ол мәдени имандылық шара: «Олардың есімдері мәңгі жүрегімізде» деп аталады. Біз кеш барысында өздерінің Алла берген талантымен өшпес із қалдырған халықтың құрметіне бөленген әріптестерімізді еске аламыз. Көзден кетсе де көңілден кетпеген ағайындарға бас иіп тағзым етеміз.Олардың отбасыларын бала-шағаларын шақырып қолдан келгенше құрмет көрсетеміз. Журналистердің басын осы шара арқылы біріктіреміз. Күн сайын өсіп келе жатқан Астананың және республиканың ақпараттық кеңістігінде өзіндік орны бар «Түгел-Медиа» медиа-бірлестігінің ұстанып отырған негізгі ұраны: «Біз журналистер – әрқашанда біргеміз!». Ол өзінің жаңа бастамаларымен еліміздің жағымды имиджін қалыптастыруға, ел экономикасын көтеріп, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, рухани және мәдени шараларды іске асыруға үлкен үлес қосып келеді. Бұл тұрғыда «Түгел-Медиа» бірлестігінің жанынан шығатын түрлі тақырыптық бағыттағы журналдардың алар орындары ерекше.
Біз елді бірлікке, ынтымақтыққа шақырамыз, сол жолда аянбай қызмет етеміз. Әрбір журналымыз бір-бір әлем болып саналады. Өйткені олардың көтеретін жүктері соған лайық деп санаймын. Мысалы балаларға арналған «Құлыным» журналы жарыққа шыққаннан бері қарай «Бұлақ көрсең көзін аш!» атты айдармен нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Біз дарынды журналист әріптесіміз Ләйлә Сұлтанқызымен бірлесіп «Алтын құлын» халықаралық фестивалін өткіздік. Оған Моңғолия, Қытайдың дарынды балалары келіп қатысып, халық ауыз әдебиетіндегі «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларын жатқа мәнерлеп айтып берді. Бұл фестиваль өз жалғасын табуда. Келесі мәселе «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ұранмен Қазақстан Республикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан дарынды азаматтарды жан-жақты насихаттап, өз үлесімізді қосып келеміз. Біздің геройларымыз – қарапайым қазақ азаматтарымыз. Біз негізінен алғанда ұлттық құндылықтарды ұлықтауға жете көңіл бөлеміз. Соның ішінде ерекше түрде Ұлы Даланың өсіп-өркендеуіне, тарихына, болмысына, мәдениетіне көңіл бөлеміз. Өйткені біздің Ұлы Дала ұлтымыздың ұялы мекені болып саналады. Тілге тиек етіп өткендей «Ұлы Дала қырандары» 2016 жылдың 12 қаңтары күні Алматы қаласының «Қазақконцерт» мәдениет сарайында жастарымыздың арасында отансүйгіштік рухты насихаттайтын «Ұлы Дала елі-Ұлттық Руханияттың мекені» атты патриоттық мәдени – іс шара жоғары деңгейде өткізілді. Бұл кешенді бас қосу жиналысының негізгі мақсаты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатын және елімізге аса қажет бастамаларын қолдау негізінде ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына, Алматы қаласының 1000 жылдығына, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, «Ұлы көштің» 25 жылдығына және «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының 5 жылдығына арналды. Келешек ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне қажеті мол осы тағлымы мол жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын, жазушылар, ауған соғысының ардагерлері, желтоқсан көтерілісіне қатысушылар мен қала жастары қатысты. Шараға «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ-ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ МЕКЕНІ» аясында бірнеше шеру өткіздік. Бірінші шеруіміз: «Ту ұстап, ел қоғаған ер Дәулетбай» деп аталады. Шеру барысында Алматы – Талдықорған – Үшарал-Аягөз – Ақжар маршрутымен жүріп өтіп халықпен кездестік. Шара аясында кездесулер, концерттік бағдарламалар, дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Бізде «Ұлттық спорт» атты журналымыз бар. Ол басылым ашылғаннан бері жақсылықтың жаршысы үлкен істердің ұйытқысы болып үлгі істер көрсетіп келеді. Соңғы шарасы 29 мамыр күні Ырғызбай Досқанаұлы атындағы қазақ күресінен өткен 4-ші турнир шеңберінде ат спортынан Тарбағатай ауданында жарыс өткізіп келдік. Осы журналдың ұйытқы болуымен бильярд спорт түрінен «Астананың үлкен кубогі», «Алтайдың үлкен кубогі», «Шымкенттің үлкен кубогі» жарыстарын өткізіп келеміз. Біз әсіресе балалар спортының дамуына ерекше назар аударудамыз. Біз бұл күні ауыл балаларының спортпен шұғылдануына аса көңіл бөлудеміз. Мысалы «ТҮГЕЛ МЕДИА» бірлестігінің ұйытқы болуымен Астанадан 70 шақырым жердегі орналасқан Отаутүскен ауылының балаларымен «Отаутүскен қырандары» футбол командасын құрдық. Бірнеше турнир ұйымдастырдық. Қазір ауыл балалары футбол десе ішкен асын жерге қойып, күнде қызығушылықпен шұғылдануда. Міне кеше ғана Целиноград ауданында үлкен аудан күніне арналған мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Жаңадан ашылған ипподромда керемет спорттық, мәдени шаралар өткізілді. Бұл игілікті шара аудан әкімі Таткеев Малғаждар Саттарұлының еңбегі екендігін атап өтуге болады. Бүгін 25 маусым журналистер күні қарсаңында Шортанды ауданында журналистерге 7-ші рет пресс-тур ұйымдастырылуда. Шортанды ауданы күні Ат спортының дәстүрлі мерекесі ұйымдастырылуда. Қатысушылар шеруімен басталған шара Ер жігіттер сайысы, Көкпар тартысымен ұласып жорға жарысы, күш сынасудан 4 мәрте әлем рекордсмені, шортандылық Цырульников Сергейдің өнер көрсетуімен керемет өтуде. Сонымен қатар Шортанды ауданында өсірілген жылқылар жарысы, Тоқ бәйге 10 шақырымдық және Аламан бәйге 15 шақырымдық, Аударыспақ, Қыз қуу сынды ұлттық спорт ойындары жалғасын табуда. Журналистер күні қарсаңында дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Шортанды ауданы әкімі Сәдуақасова Гүлнұр Әнуарбекқызына журналистер атынан зор алғысымызды білдіреміз!
Сұрақ:- алдағы жоспарларыңызбенде ой бөлісеңіз?

Жауап: – Шынында алдымызда үлкен асулармен белестер тосып тұр. Қазір бүкіл әлем интернет атты әлеуметтік желіге ғажап құбылысқа бет бұруда. Үлкеніміз- кішіміз болсын жаңа заман ағымына сай әлеуметтік желілерді пайдаланамыз. Сол бағытта біз интернет сайттардың жұмысына жете көңіл бөлетін боламыз. Мүмкіндіктер болып жатса жаңадан интернет порталды ашуға ниеттіміз.

Сұрақ: – Әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?

Жауап: Сөзсіз журналистика ең алдыңғы қатарлы мамандық болып саналады. Журналистер қоғамның алдыңғы шебінде болатын жандар. Олар елді қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, қоғамдық пікір қалыптастырып келеді. Айтарым: шын жүректен әріптестерімізді кәсіби мерекесімен БАҚ күнімен құттықтаймын. Әрбір жанға мықты денсаулық, мол бақыт, үлкен шығармашылық табыстар мен қатар жаңа жетісітіктер тілеймін! Қазақстан журналистикасы өсіп-өркендей берсін. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құтты болсын!

Сұқбатты жүргізген журналист Дидар Нұржігіт

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …