«55+55» жаңа жоба

«Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек!»

Сәдібек Түгел: «Ұлтқа қызмет етуден шаршамаймын!»

Бүгін есімі елімізге танымал азамат, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жаңа Елордамыз – Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы, ұлттық құндылықтарымызға арналған республикалық ғылыми-танымдық «Қазанат» журналының шеф-редакторы, Ұлы дала мәдениетінің темір қазығы болып саналатын ұлттық спортымыздың негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты Федерациясының президенті, Қазақстан Республикасы Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі Сәдібек Түгелұлының туған күні. Осы орайда туған күн иесімен бетпе-бет жолығудың сәті түскен еді.

– Аға, алдымен, Сізді 55 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Қажырлы азаматтық еңбегіңіз бен шығармашылық қызметіңізді еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсап, қоғамымыздың мәдени және рухани дамуына қомақты үлес қосып жүргеніңізге, міне, 35 жыл толып отыр. Сізге зор денсаулық, мол бақыт тілейміз, ғұмыр жолыңыз ұзақ болсын!

Рахмет, айналайын. Ең алдымен, «55+55» жобасы туралы бір-екі ауыз түсіндірме сөз айтқанды жөн көріп отырмын.

2009 жылдың желтоқсан айының соңғы 31 күні бала-шағамызбен, немерелерімізбен біздің үйде жаңа жылдық дастарханда жиналып бас қостық. Сонда қызым Әйгерім тосыннан осы «55+55» жобасын ұсынды: «Әке, бес деген қасиетті сан. Мысалы: 5-қару, 5-тілек, мұсылманның 5 парызы, Елбасының бірінші кезекте ел үшін атқаратын 5 қадамы туралы айтқаны, үздік оқығанда 5 деген баға. Жалпы, бір нәрсеге көңіліміз толғанда бәріміз бес дейміз.»

Мен өз тарапымнан бұл идеяны бірден құп көрмедім. Себебі үкімет тарапынан жоғары деңгейде тойлау 60 не 70 жасқа толғанда қолға алынады емес пе. Алпысқа дейін әлі бес жыл бар. Бірақ Әйгерім айтқанынан қайтпады. Осы шараның қажеттілігін дәлелдеумен болды.

Сөйтіп ағаларыммен, достарыммен кеңесіп, баламның жобасын қолдадым. Өйткені белгілі бір жасқа келіп, белестер мен асуларға қол жеткізген, өмірге бей-жай қарамайтын көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат «Осы мен кіммін? Не істеп жүрмін? Атқарып жүрген жұмыстарым, тірліктерім дұрыс па, бұрыс па?» деп ойланғанда, өткен өмір жолына сын көзбен қарап, болашақты болжайды, ел алдында есеп береді.

– Сәдібек аға, сіздің өмірбаяныңызбен көзі қарақты газет-журнал оқитын қауым жақсы таныс. Мыңдаған оқырмандарымызға әсерлі болсын деген ниетте, бала кезіңізде басыңыздан кешірген қызықты оқиғаларды, Сіз туралы әке-шеше, аға-апаларыңыздың айтқандарын еске түсірсеңіз деген өтінішіміз бар.

– Туыс-жақындарымның айтуынша, мен жарық дүние есігін ашар күннің алдында көрші әйел босанып, үш қыз туыпты. Ең қызығы, Нағыш апай үш күн қатарынан босанған. Нәрестелердің біреуі – 20, екіншісі – 21, үшіншісі – 22 күні туған. Ауылда үш күн бойы шілдехана тойы өтеді. Енді болды ма дегенде, төртінші күні 1955 жылдың 23-ақпанында мен туыппын. Сонда біздің Сатый ауылы бір жұма тойлаған екен. Мұндайда қазақ: «Құдай тойдан айырмасын», – дейді.

Жалпы, өмірімде әкемнің орны бір бөлек. Күні бүгінге дейін бірталай жауапты қызметтердің тізгінін ұстап,  қайтсем елге пайдамды тигізсем деп жар құлағым жастыққа тимей жүрсе, ол ең алдымен менің санама әкемнің сіңірген асыл қасиеттерінің арқасы деп білемін.

Қасиет, демекші әкеміздің сонау жылдардағы мына бір елден ерекше өсиеті күні бүгінге дейін жадымда жаңғырады. Бұл да әкелік асыл қасиеттің нышаны шығар деп білемін. Біз бір үйде сегіз баламыз. Ата-атанамыз үш ұл, бес қыз сүйген. Мен ұлдың кенжесімін. Сол уақыттарда менің он екі, он үштердегі ағаларымның  менен гөрі едәуір естияр болып қалған кезі. Біркүні әкеміз үшеуімізді қарсы алдына жүгінтіп қойып, салмақты бір сөз бастады. Қолында сабы бедерлі, әсем  де суық үш бірдей қанжар-пышақ.

– Мына қанжарларды сендер  үшін арнайы ұстаға барып, соқтырып алдым, – деді әкем ойлы жанарын біздерге қадай отырып. – Менің ойымша, үшеуің де жігіт болдыңдар. Қазақ он үште отау иесі дейді. Сендер ертең-ақ азамат болып ержетесіңдер. Сондықтан өздеріңе  ғана айтар аманат-тілегім бар. Совет балам, міне, сенің қанжарың. Алдыңдағы әпкең Шәрбануды, қарындастарың үлкен Шолпан мен кіші Шолпанды қорғап жүру – сенің міндетің. Мына қанжарды Мәмбетке қарындасы Розаның ешкімнен қаймықпай жүруі үшін беремін. Міне – Сәдібектің қанжары. Сен қарындасың Салтанатқа қорған болуың керек. Менің қыздарымның ешкімнен жасқанбай, ешкімнің басынуын көрмей өсуі осы үшеуіңе байланысты. Бұл менің ойдан шығарғаным емес, атадан балаға мирас дәстүр. Жігіт адам ешқашан намысын қолдан бермеуге тиіс. Қазақ бес дүниені қатты қастерлеген, құрмет тұтқан.

Біріншісі: Жерді қорғаған;

Екіншісі: Әруақтарды сыйлаған;

Үшіншісі: Қыздарды еркелеткен;

Төртіншісі: Үлкенді құрметтеген;

Бесіншісі: Қазанатты қастерлеген. Әкемнің осы бір сөзі менің санамда сақталған, өсиеттері кедергісі мен қиын-қыстауы көп өмірде тура жолды адастырмай табатын компас іспетті болып кетті. Тағы бір ұлағатты оқиға.

Әкем ұлттық дәстүрді, мұсылмандық салттарды қастерлеген, қатаң сақтаған кісі. Мен үшке толғанда сүндетке отырғызуға дайындалады. Сосын сүндет тойымды өткізуге даярлық жұмыстарын бастап кетеді. Ол кездегі жағдай белгілі. Ұстайтындары – бір сиыр, бұзау, торпақ. «Ұлымнан аяйтын ештеңем жоқ», –  деп торпағын сүндет тойға соймақшы болады.

Бір күні үйге сау етіп, көмекшілерін ертіп колхоз төрағасы Мұқаш Сапарғалиев аға келеді. Амандық-саулық сұрағаннан кейін, әкемнің тойға не соятындығын сұрайды. Әкем, кішігірім торпақты соятындығын айтады. Өз кезегінде, колхоз төрағасы тойды естіп, арнайы келгенін, жаз жайлауда табында жүрген үлкен өгіздің аяғын шұңқырға тығып, сындырып алғанын тілге тиек етеді. «Егер келіссең, сол малды ал, орнына торпағыңды өткіз», – деген ұсыныс білдіреді. Әкем келіседі.

Атын арбасына жегіп, шешем Мәрия екеуі өгізді алуға барады. Сиыршы үшеуі қосылып малды орнынан қозғай алмайды. Сосын әкем ауылға қайта келіп, қос ат жегілген пірішке арбамен, қасына 5-6 жігітті ертіп қайта келеді.

Барлығы жабылып жүріп, әрең дегенде өгізді көтеріп арбаға салады. Жаңағы өгіздің ірілігі мен салмағының ауырлығы сондай пірішкенің ағаштары шыдамай күрт-күрт сынады. Енді, сол жерде союдан басқа амал қалмайды. Сойған кезде өгіздің семіздігі сондай, ақ-май болып ақтарылады. Оны көрген жаңағы колхоз төрағасы Мұқаш Сапарғалиев: – «Баланың жолы ақ, ашық болады екен. Бағы жанып, жұлдызы жарқырайды екен», – деп, батасын береді.

Бала шағымда болған тағы бір қызықты оқиға есіме түсіп отыр. 1967 жылы Октябрь революциясының 50 жылдығы кеңінен аталып өтілген кез. Мен – ол кезде алтыншы сыныптың оқушысымын. Совет үкіметі туралы ашық сабақтар жиі-жиі өткізіліп тұратын.

Сондай бір сабақтың бірінде: «Осы біздер неге кеңес үкіметінен бөлініп, дербес мемлекет құра алмаймыз?» деген өткір сұрақ қойған болатынмын. Сол үшін мұғалімдерден сөгіс алғаным да әлі есімде. Осындай қызықты оқиғалар санада мәңгі жаңғырып тұрады. Қалай ұмытарсың? Ұмытылмас бақытты балалық шақтан сыр шертеді осы сәттер.

Туып-өскен, ержеткен жеріңіз туралы айтсаңыз және онжылдық мектепті қай жылы тәмамдадыңыз? Әскер қатарында болдыңыз ба?

– Кіндік қаным тамған, туған жерім – Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы, оның Сатый ауылы.

Жалпы, шыр етіп жарық дүние есігін ашқаннан ауасын жұтып, суын ішкен туған ауылдан артық Иранбақты қадан табарсың? Күнәдан пәк, періште күндер, құлындай құлдыраңдай шауып, күліп-ойнап өскен жерлер, сірә, естен шығар ма?

Атам заманнан ақ қар, көк мұз жамылған мұзартты таулар, сыңсыған ну ормандар бұл өңір табиғатын түрлендіріп жатқан кереметтің бастау бұлағындай дерсің.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына қарасты Сатый ертеден қалың елге жайлы қоныс болған құтты мекен. Өз заманында Жәйілмістің ұлдары Сатый мен Сатыбалды бес қаруын сайлаған батыр, тереңнен сөз қазып, тіл безеген шешен, топ бастаған көсем болыпты. Егескен тұстағы ерліктері аңызға айналып, қиуадан шауып, қисынын тауып айтқан өнегелі сөздері ұпақтан-ұрпаққа ауысыпты.

Мен туғанда әкем – Түгел жылқышылар бригадасының бригадирі, шешем – Мәрия колхозда еңбек еткен.

1962 жылы Аманкелді бастауыш мектебінің бірінші сыныбына барып, ал 10-шы сыныпты Шымқора ауылындағы Жамбыл орта мектебінде аяқтадым.

Ал 1973-1975 жылдар аралығында Алмания топырағында Отан алдындағы әскери борышымды абыроймен атқарып шықтым.

– Жоғарғы білім алған оқу орныңыз,  мамандығыңыз туралы білгіміз келеді. Осы жерде ҚазМУ-дың журналистика факультетінің күндізгі бөліміне түсіп тұрып, сырттай оқуға неге ауысқандығыңыз жайлы тарқатып айтсаңыз.

– Оның сыры бар. Әркім мектеп қабырғасында жүріп-ақ, болашақ мамандығы туралы ойланады емес пе. Мен үшін журналистикаға оқуға түсу түбегейлі шешілген сұрақ болатын. Өйткені, 5-сыныптан бастап, қолыма қалам алып, мақала жазумен шұғылдандым, аудандық «Өркен-Расцвет» газетінің жас тілшісі болдым. Бір сөзбен айтқанда, бала жастан журналистиканың қыр-сырын меңгеруді қаладым.

1972 жылы маусым айында онжылдықты ойдағыдай тәмамдап, аттестат алған тұста кейбір жанашыр ағайындар тарапынан басқаша ұсыныстар да болды. Мысалы: біреуі, Өскемен жол-құрылыс институтына оқуға түсіп, инженер болуымды, екіншісі зоотехник болуымды қалады. Ал мен өз қалауымды жасадым.

Сонымен, шығыстан қазіргі талантты ақын Ұлықбек Есдәулетов екеуіміз Алматыға, ол Зайсан ауданынан, мен Ұланнан келіп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне, оқуға түсуге барлық құжаттарымызды өткіздік. Алматы толы абитуриенттер. Әсіресе заңгер, сот, прокурор, журналист болам деушілер көп. Әрбір орынға, мысалы заң факультетіне -21, журналистикаға – 18 үміткерден келеді. «Шешінген судан тайынбас» деген, емтихан тапсыруға кірісіп кеттік. Құдай қолдап, сәтін салғанда 4 емтиханның бәрінен сүрінбей өттім. Екеуінен – 5, қалған екеуінен – 4 деген баға алдым. Қөңілім көтеріңкі. Университетке қабылдану туралы тізімнің шығуын тағатсыздана күтіп жүрміз.

Бір күні ҚазМУ-дың бас корпусының алдындағы үлкен тақтаға оқуға қабылданған барлық студенттердің тізімі ілінді. Бәріміз жапатармағай сонда ұмтылдық. Тізімде барлар мәз-мейрам. Ал, мен болсам, өзімді не қазақша бөлімнен, не орысша бөлімнен таба алмадым. Көңілім су сепкендей басылып, үн-жырғам түсіп кетті. Енді не істеймін деп дел-сал болып тұрғанмын. Іле-шала екінші тізім әкелініп ілінді. Онда алған бағалары және соған орай балдары бірдей үміткер-студенттердің тізімі жарияланған. Олардың оқуға қабылдануы, не қабылданбауы ректорат мәжілісінде 28 тамызда шешіледі – деп жазылыпты.

Белгіленген күні, ҚазМУ-дың бас корпусында ректорат мәжілісі басталды. Ортада ректор Өмірбек Жолдасбеков. Марқұм таудай, алып адам еді. Жан-жағына бір қарап алды да, жиналысты бастап кетті. Ректордың алдында әрбір факультетке қанша талапкердің болғанын, сосын қаншасы студент атанғанын және балдары бірдей осыншама үміткер бар, – деп декан ақпарат беруде.

Кезек, журналистика факультеті, оның деканы, доцент Темірбек Қожакеевке келді. Ол журналистикаға түсем деушілердің биыл өте көп болғанын, соның ішінен ең мықтыларының іріктелініп алынғанын айтты. Ал, бірдей ұпай жинағандардың қатарын күрт сейілтіп, 4-уінің ғана қалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, осы 4-удің ішінен тек біреуінің ғана артық болып тұрғанын мәлімдеді.

Ректор Өмірбек аға Жолдасбеков тізімді қолға ұстап, бізге қарады:

– Ау, жігіттер үшеулеріңіздің біреуі ғана қыз бала екен. Біз қызға құрмет тұтқан халықпыз. Ол қыз қастарыңда отыр. Меніңше талқылаудың қажеті жоқ. Осы қыз балаға жолын беретін  джентельмен жігіт бар ма?

Жанымда отырған екі жігітте үн жоқ. Бастарын салбыратып жіберген. Мен қолымды көтеріп, орнымнан түрегелдім: – «Аға, мен – джентельменмін, орнымды беремін,» – дедім.

Тып-тыныш бола қалған зал ректордың «Міне, азамат!» деген сөзінен кейін жарқын күлкіге толды. «Сәдібек Түгелов 17 жаста, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан, мектепті жақсы бітірген, аудандық газеттің үздік жас тілшісі, рекомендациялары мықты,  қазақша күрестен спорт шеберлігіне кандидат» деп ректор мен туралы мәліметті жария етті. Дауысынан бір жылы мейірім сезіліп–ақ тұр. Қасына Қожакеевті шақырып алды. Өздері жеке ақылдасты. Одан кейін, маған қарсы тіл қатты.

– Сәдібек, айналайын, сенің мүмкіндігің жоғары. Мен жаңа қалжыңдап айттым. Сен оқуға түсіп тұрсың. Қазір сенде екі жол бар. Біріншісі сөзіңді кері алып, күндізгі бөлімге қабылдану, екіншісі жаңағы айтқанымдай қызға жолыңды беріп, сырттай журналистика факультетіне қабылдану. Қайсысын қалайсың? Өзің біл.

– Аға, мен айттым ғой, қызға орнымды беремін деп, сол сөзімді өзгертпеймін.

– Жарайсың, бауырым. Онда Темке, (Темірбек Қожакеев) Сәдібек Түгеловты  журналистиканың сырттай факультетіне қабылдаңыздар. Мен айтты деңіз. Баланың болашағы бар.

Осылайша, далаға шығуға бет алдым. Қасыма Т. Қожакеев келді.

– Сен кетіп қалма.

– Жарайды, аға.

Осы тұста алдымнан күлімсіреп Ұлықбек  шықты.

– Сәдібек, басқалардың арасында джентельмендігіңді ашық көрсеттің ғой! Байқап тұрмын сенің шешіміңе қатысушылардың бәрі таң-тамаша болды. Жарайсың, ҚазМУ-ға түсуіңмен құттықтаймын!  – деді Ұлықбек. Бұл жерде Ұлықбектің адамгершілігі мен шын достық пейілін айта кету керек. Өйткені мен оны комиссия отырысы болады деп арнайы шақыртқан жоқпын, жанкүйер ретінде өзі уақытын бөліп келген. Содан бері, 40 жылдай екеуіміз арамызда қыл өтпейтін доспыз, туыспыз. Отбасыларымызбен араласамыз.

Ұлықбекпен сөйлесіп тұрғанмын.

«Әй, бала» деген дауысты ести сала, артыма қарасам – Темірбек аға шақырып тұр. Бас корпустың үшінші қабатында орналасқан журналистиканың сырттай оқытатын факультетінің деканатына өзі ертіп, алып келді.

Сырттай факультеттің деканы ол кезде профессор Тауман Амандосов болатын. Ол кісі орнында болмады. Жауапты хатшы әйел қарсы алды. Келген бойда Қожакеев «Мына баланы қабылдаңдар, ректор бұйрығын дайындаңдар» деді. «Декансыз дайындай алмаймыз» деген жауапты хатшының сөзін Темірбек аға шорт үзді.

«Мен не ойнап келдім бе осында, әлде сенімен көз қысысуға келдім бе, ректордың тура бұйрығымен келіп тұрмын. Жаз, бұйрықты!» – деді. Темекеңнің қаһарына шыдайтын адам бар ма? Әп-сәтте сырттай оқитын журналистика факультетінің 1 курс студенті атты студенттік билетке ие болдым. Осы оқиғаға және Темірбек ағаға байланысты мына оқиғаны да баяндайын.

2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде Тараз қаласының 2000 жылдығы кеңінен  атап өтілді. Мерекенің көркі – Бауыржан Момышұлы атындағы ипподромда өткізілген ат бәйгесі, көкпар, қыз қуу, теңге алу ойындары болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты федерациясының делегациясын басқарып, ВИП трибунада серіктеріммен отырмын.

Қасымызда шетелдік мәртебелі қонақтар, өзіміздің министрлер, облыс әкімдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар. Орталарында ұстазымыз – Темірбек Қожакеев. Жанына барып сәлем бердім. Жарыс басталып кетті. Мен ара кідік комментарий айтып, жарыс ұйымдастырушыларға ұсыныс, нұсқау беріп отырдым. Қасыма жарыс барысы туралы Бөрібай Жексембин мен Аманкелді Карентаев келіп,  ақылдасып кетеді. Сол жерде шетелдік меймандардың сұрақтарына жауап қайтардым. Аламан бәйге жарысына 100-ге жуық ат қосылды. Әрбір жүйрікке мінездеме берудемін. Мінбеде отырғандар маған сұрақ қоюда. «Осы аламаннан қай жүйрік озады?», – деп, мен: «Қызылордадан  келген Қантайдың «Императорына» көңіл аударыңыздар, – дедім, – Бүгінгі бәйгеде осы тұлпар озады.» Аламан тартысты өтті. Айтқанымдай, «Император» тұлпар бәрінен озып, жарыстың жеңімпазы атанды. Қонақтар дәл тауып айттыңыз деп, жапатармағай  мені құттықтауға кірісті.

– Түгел баласы, тоқта, саған айтар бір ауыз сөзім бар,-  деп қасыма Темірбек аға келді,  – Мен есіме түсіріп тұрмын, өзіңнің есіңде ме, 1972 жылы сен күндізгі бөлімге оқуға түскенде, сонда бүгін үлкен ғалым болады екенсің. Бірақ, өкініші жоқ, ғалым болмағанмен де, абзал азамат болыпсың. Бағанадан бері барлық айтқан сөздеріңе риза болып марқайып отырдым, – деді. Оның отыз жыл бұрын болған оқиғаны ұмытпағанына, мен де іштей риза болдым. Топырағы торқа болғыр, ұстаз ағаның, осы бір айтқаны жадымда сақталып қалды.

– Алғашқы еңбек жолыңызды неден бастадыңыз? Алматы қаласына дейін атқарған жұмыстарыңыз туралы да айтып өтсеңіз?

Әскерден кейін Алматы қаласында жұмысшы-слесарь болып орналастым. Содан соң, Ұлан аудандық «Өркен-Расцвет» газетінде аудармашы-тілші болдым.

Ал 1978-1979 жылдары Ұлан аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1979-1984 жылдары аудандық комсомол комитетінің 1-шы хатшысы болдым.

1988-1990 жылдары Жоғары партия мектебінде екі жыл күндізгі бөлімде оқып, «саясаттанушы» мен «социолог» деген мамандықтарды алып, аудандық бақылау комитетінің төрағасы және басқа да жауапты қызметтерде  болдым. Ал 1992 жылдан бастап, «Ұлан таңы-Уланские зори» газетінде бас редактор болдым.

Ал, 1994 жылы желтоқсан айының 14-і күні «Қазақ телевидениесі мен радиосы корпорациясының» бас басқармасына бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым. Кейін, «Қазақтелефильм» мекемесінде бас редактор, вице-президент, сосын үкімет арнасының комментаторы, «Біз қайда барамыз?» бағдарламасының жетекшісі болдым.

Орталық телевидениеге келу, ұйымдастырушылық қабілеттерімен қатар, шығармашылық өсіп-өркендеуіме айқын жол ашты. Саяси-әлеуметтік мәселелері барынша белең алып тұрған тұс еді. Ел ішін маскүнемдік жайлап, жезөкшелік ауа жайылып, түзу жолдан тайдырып тұрған кез-тін. Қазақ қауымында қордаланып қалған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге арналған «Біз қайда барамыз?» атты бағдарламаны аштым. Алғашқы хабарым – «Арақ – атамыздың асы емес» деп аталынды. Онда қазақ қоғамындағы іш қынжылтар мәселелердің өршіп бара жатқандығы ашығынан әңгіме етілді. Маскүнемдіктің молайып, ішімдіктің дендеп еніп бара жатқандығын жара сала жеткізгіміз келді.

Келесі бір хабарым бүтіндей зиялы қауымды қатты алаңдатып, рухымыз бен намысымызға қара құрттай күйе жағып отырған жезөкшелікпен күрес мәселесіне арналған еді-ау. Бұл хабардың аты – «Қазақ қызына қырық үйден тыйым» деп аталатын. Жұртшылық мұны да жылы қабылдады.

Үшінші хабарым негізінен дін тақырыбына арналған еді. «Ислам діні және жастар тәрбиесі» деп аталған кезекті хабарды дайындауға бір мыңға тарта адам қатыстырылды. Студиядағы әңгіменің өзіне екі жүзден астам адам қатысыпты.

Егер сәл зер қойып, өткенді ой елегінен өткізсек, жақсы дүниелеріміз де жоқ емес екен. Әлгі хабарлардың артын ала «Ниет» бағдарламасы дайындалады. Онда да біршама мәселелерді тілге тиек етіп алды. Мәселен, «Қуанса ауыл, қуанамыз бәріміз», «Мүгедек мұңын кім тыңдар?!» деп, әрмен қарай жалғасып кете баратын сол сияқты толыққанды телехабарлар бірінен соң бірі эфирге шығып жатты. Қалғып жатқан қоғамда пікір туғызып, соңынан осы хабардың нақтылы шешімдер қабылдауға итермелеп жататындығын айтпай-ақ түсініп отырған шығарсыздар. Бір хабарым екіншісінен сәтті шығып, қазақ телевидениесінде де өз мүмкіндігімше бір саралауыма жол ашылғандай еді.

–     Елордамыз астана мәртебесін алған күннен бастап, Сіз Астана қаласының  баспасөз хатшысы қызметін атқардыңыз. Жаңа астанада бұқаралық ақпарат құралдарының негізін қаладыңыз, оның қалануына атсалыстыңыз. Сол жылдармен салыстырғанда, бүгінгі күні ақпарат саласының хал-ахуалын журналист ретінде қалай бағалайсыз?

– Мен Астанаға арнайы шақыртумен келдім. Өзім жаңа Елорда идеясын  және Астананы қолдайтын адаммын. Осы қаланы жақсы көремін. Сөйтіп, бірден ұлы көшке ілесіп, стратегиялық маңызы жоғары тарихи оқиғаның ортасында болуға бел байладым. 1998 жылғы 4-ақпанда «Алматы-Ақмола» бағытында жүретін фирмалық жүрдек пойызға отырып, Ақмолаға аттанып кеттім. Бірді-екілі кісі қатар жайғасқан купеде келеміз. Ойым – сан-сақта. Алқына басқан асығыс пойыз Ақмола қаласына кіре берісте бір ышқынып қойып, әрмен қарай жүйтки берді. Мен купе терезесінен сыртқа көз тастадым. Қасиетті Сарыарқа топырағы ақ көрпесін жайып, аралай шашылған алтын күннің шапағына шағылысып жарқ-жұрқ етіп қояды. Ақ  көңілмен аттанған бұл сапарымды мына суретке теңей отырып, жақсы ырымға жорыдым. Қалып айтпайтын қазағымның қайран ырымы-ай. Жаңа астана мені келген бетте жақсылық хабарларымен қарсы алды. Менің мерейім өсіп, бойыма белгісіз бір бұлқыныс із тастап үлгерді. Жолым болып, байқаудан бағым жанып өтіп, Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалдым.

Қателеспесем, 1998 жылы Астанада бұқаралық ақпарат құралдарының саны 11 ғана болатын ал жыл аяғында 20-25-ке жетті. Ал бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты басты мәселе санында емес, сапасында жатыр десем қателеспесем еді.

Астана аталғалы бері бұқаралық ақпарат құралдары көптеп жарыққа шыға бастады. Бас кеңселері орналасқан Алматының маңдайалды ақпарат құралдары астанаға бет алды. Бұл тұста баспасөз хатшының басты жұмысы осы төртінші билік өкілдерімен тығыз жұмыс істеп, барынша қолдау көрсете білу болды.

Астанада баспасөз клубы құрылып, жаңа астананың салыну қарқыны туралы күнделікті ақпараттар жария етіліп тұрды. Шетелдік әріптестерімізді де шынайы ақпараттан құр қалдырмай, астана тынысынан үнемі құлағдар етіп отырдық. Біздің ұйымдастыруымызбен, азуын айға білеген Рейтер, Ассошейтед пресс, Франс пресс, СИ-ЭН-ЭН, Син Хуа, Би-Би-Си, Итар-ТАСС сынды ақпарат құралдарының тілшілері астанада бас қосып, жаңа астананың тыныс – тіршілігімен танысты. Сол кезде ең басты мақсатымыз – журналистерге шындықты көрсету еді. Олардың басын қосып, тілдесуіне, бірінші басшылардан ақпарат алуларына мүмкіндік жасау еді.

Жалпы, бұқаралық ақпарат құралы ұлттың рухани дамуына қызмет етуі шарт. «Төртінші билік» өкілдеріне екіжүзділік жараспайды. Біреудің жетегінде кетпей, оқырманға тек шындықты айту олардың басты мұраты болуы тиіс. Кім шындықты айтса, сол тәуелсіздікке бір адым жақын болады және бақытты болады.

–    Сіздің мемлекеттік қызметті қоғамдық жұмысқа ауыстырғаныңызға не түрткі болды?

– Мен өз еркіммен екі мәрте үлкен қызметтен көлігі, жүргізушісі, хатшысы бар, еңбек ақысы қомақты лауазымды жұмысты тастап, көк тиыны жоқ, Ұлттық Ат Спорты Федерациясына ауыстым. Бұл менің Өз шешімім, Өз қалауым. Мақсатым, екі мың жылғы тарихы бар, сонау ықылым заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлттық өнерлерімізді өркендету, халықаралық деңгейге шығару және ұлттық өнерді дамыту арқылы жастарымызды, өзіміздің қарадомалақтарды отансүйгіштікке тәрбиелеу еді. Өмірімді ұлттық құндылықтарды зерттеуге арнадым. Елін құрметтейтін, ұлтын сыйлайтын әрбір азаматта «мен болмасам, кім бұл жұмысты атқарады» деген позиция болуы керек. Шынымды айтсам, менің осы позициямды  біраз адамдар түсіне де бермейді. Олардың ішінде әсіресе карьеристер,  мансапқорлар мен жемқорларға бұл әрекетім жат болып көрінер.

–     Жалпы, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген азамат ретінде халыққа белгілісіз. Оның ішінде ұлттық спортты дамыту арқылы атам заманнан қалған басты байлықтарымыз бен құнды қазынамызды сақтап, насихаттауды мақсат тұтып отырғаныңыз даусыз. Жалпы осы турасында ойыңызды білгіміз келеді.

Халқымыз ұлттық құндылықтарға кенде емес. Ұлттық спорт осындай құндылықтың бірі. Сайыс, Жекпе-жек, Жұдырықтасу, Жорға, Бүркітшілік, Алыпсоқ, Бәйге, Көкпар, Күрес, Тоғызқұмалақ, Түйежарыс, Қыз қуу, Теңге алу. Сонау ықылым заманнан бері халқымызбен бірге «мың өліп, мың тіріліп» келеді.

Қазақ ұлтының ұлылығы, даналығы мен елдігін бүкіл әлемге паш ететін мәдениет пен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары екені даусыз.

Жалпы, ұлттық спорт түрлерінің 90 пайызы атпен ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Ат спорты  мен ұлттық ойындарды өркендетуді тоқсаныншы жылдардың басында қаны қазақ ағаларымыз бас болып қолға алған еді.

Мәселен, Ғабит Мүсірепов, Өзбекәлі Жәнібеков, Бошай Кітапбаев, Айып Құсайынов, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, кейіндеу бұл қатарға Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сынды азаматтар қосылды. Соның арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты ойындары жиі өткізіле бастады. 1996 жылдың 1-ші наурызында Алматы қаласында қазақ атбегілерінің бірінші құрылтайын өткіздік.

Жалпы, 1998 жылы ҚР Ұлттық Ат спорты Федерациясының 1-сьезін өткізіп, арнайы тіркеуден өттік. Нәтижесінде ұлтық спорт заңды күшке ие болды.

Елімізде ұлтқа жаны ашитын азаматтардың арқасында біраз шаруалар еңсерілді. Алғашында, бір ғана Ұлттық Ат спорты Федерациясы болса, қазір бұл үлкен Ұлттық Спорт Қауымдастығына айналып, ол өз құрамына 17 республикалық федерацияны біріктіреді. Мәселен, «Бәйге», «Бүркітшілер», «Жекпе-жек», «Тазы – төбет – алабай», «Көкпар», «Ер жігіт ойыны», «Алыпсоқ», «Тоғызқұмалақ», «Жорға жарыс», «Бес қару», «Түйе жарыс», «Сайыс – аударыспақ» Федерациялары бар. Өзімнің есептеуім бойынша, ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жарыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омырауластыру, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары», құсбегілік – саят өнері.

Жалпы, ұлттық спортпен әлемдік аренаға шыға алмаймыз деген бос сөз. Ат спорты арқылы бізді қазірдің өзінде қаншама ел таныды. Олар қазақ деген ұлттың ат құлағында ойнаған халық екенін мойындайды. Ұлттық спортты әлемге таныту арқылы біз қазақтың мәдениетін, салт-санасын, спортын, этнографиясы мен тарихын танытамыз. Біздің спортшылар шетелге барғанда жай ғана аттарын жетектеп бара алмайды. Ер-тұрманы, ұлттық киімі, жасау-жабдығымен барған қазақты көргенде шетелдіктердің талайы естерінен тана жаздап, қыздары жігіттеріміздің аяғына құлаған.

Бір ғана қамшының өзі қаншама мәлімет береді. Ер-тұрман мен ат әбзелдері – нағыз қазақтың тарихы мен өнерін паш етеді. Біз Еуропаны машина жасаудан, мәселен, «Мерседес» немесе «Тойота» жасаудан басып оза алмауымыз мүмкін, ал енді қазақтың Қазанаты арқылы ұлттық спортты дамытсақ, онда күллі Батыс елін артта қалдырар едік.

– Қандай істің айы оңынан тусын десек, оған алдымен қолдау қажет екені рас. Осы тұста бүгінде осы сала неге сусап тұр деп ойлайсыз?

–  Жалпы, ұлттық спорт түрлерімізді насихаттауда да біраз олқылықтар орын алуда. Нағыз азаматтар – ауылда. Тек оларға тиісті дәрежеде қолдау көрсетіліп, жағдай жасалып жатқан жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта барлық облыс аймақтарда «Ұлттық спорт мектептерін ашсақ» деген үлкен арманымыз бар. Қазір мықты төрешілер құрамын қалыптастыру керек. Ұлттық спорт түрлерінің ережелерін қайтадан қарап, сараптау да бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Ең бастысы – Жылқы институтын ашу. Егер елімізде Жылқы институты ашылатын болса, ол жылқы шаруашылығы және ұлттық ат спорты түрлерімен түбегейлі негізде шұғылданар еді. Сонымен қатар, еліміздегі жылқының асыл тұқымды тектерін сақтау және көбейту ат спортына жарамды түрлерін сұрыптап алу, көкпар аттарын өсіру, әсіресе жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұрған Қазанатымызды қайта қалыптастыруға  осы  институт аса қажет.

Мұндай ауқымды істе қиындықсыз, қателіксіз, олқылықсыз бола ма? Қанша жерден еуропалықтар алдында беделіміз үстем болып, өзімізді мойындатып жүрсек те, өз елімізде пұшайман күй кешетініміз тағы бар. Оның үстіне ұсақ-түйектен үлкен проблемаға айналып кететін мәселелер де жетерлік. Мәселен, ұлттық спорт түрлерін өткізетін спорт кешендері, алаңдар, ипподромдар – арнаулы атшабарлар, сайыс өткізетін орындар мүлдем аз. Ал көбі жекеменшікке айналған. Қазіргі байлар көңілі қаласа беруі мүмкін, көңілі түспесе ипподромның маңына жолатпайды. Ұлттық спорт кадрларын даярлау, іріктеу деген сияқты мәселелер де өте күрделі проблемаға айналып отыр.

–     Сіздің жер-жаһанға жүйріктілігімен танымал болып үлгерген, мың жылда бір рет туатын, аты аңызға айналған Құлагерге ескерткіш орнату  идеяңыз және оны аз уақытта салып бітіруіңіз нағыз ерлік екені бесенеден белгілі. Осы ескерткішті ресми ашуды қашан  жоспарлап отырсыз? Жалпы ескерткіш қоюдың тарихи және рухани мән-маңызы неде деп ойлайсыз? Сонымен қоса Қазанат туралы ойыңызды білдірсеңіз.

– Әуелі қазақтың Қазанатын іздеуіме не түрткі болды, сол туралы айтып өтейін. Қазанат деген сөзді ең алғаш 1960 жылдары 5 жасымда әкемнің аузынан естідім. Әкем – белгілі жылқышы болған. Ол кісі ауыл адамдарына өзінің көрген-білгенін, ойлап-түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді. «Мынау қазақтың ұлан-ғайыр даласын біздің батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана қорғады десеңдер, қателесесіңдер. Ат-ердің қанаты. Батыр тұлғалы ер-азаматты бес қарумен белі қайыспай көтере алатын, талай тайталаста тақымы терлемей төзімділік танытатын аттардың арқасы екенін ескеріңдер. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың Қазанаттары болған. Қазір сол аттар көзден бұлбұл ұшып, тұқымы құрып барады. Қазақ – Қазанатқа қарыздар» деген еді. Сондайда мен ертегілер мен қиса-дастандардағы «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп», «көлденең жатқан көк тасы тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген» Қамбар ата түлігін елестететінмін.

Ал енді сұрағыңа келер болсақ, 1989 жылы сол кездегі абзал азаматтар бас қосып, бастама көтеріп Ерейментау қаласы мен Павловка селосының нақ ортасындағы дөңеске Құлагерге арнап ескерткіш орнатты. Ерекше шеберлікпен жасалып, мыс темірден құйылған биіктігі үш метр Құлагер ескерткіші халықтың көңілін бірден арбады. Ал 1996 жылдың ақпан айының 6-нан 7-не қараған түні,  түн жамылған қара ниетті ұрылар осы ескерткішті бұзып, қиратып, белгісіз бір жаққа алып кеткен. Содан  бері 13 жыл өтті.

Құлагер ескерткіші – ол жай ғана тас емес, ол символдың белгісі. Ұлы дала еркіндігі. Монументтің тоналуы – зұлымдықтың жеңуі ғой. Оған қалай төзесің. Мен, төзе алмаймын. Сондықтан да тәуекелге бел буып, зұлымдыққа тойтарыс беруге бел шешіп кірісіп кеттім. Қолдаушыларым бар. Олар – халық. Ұлттық құндылықтарды бағалайтын абзал азаматтар.

Қазақ десе – жылқы дейміз. «Атпен ойнағанша, атаңның басымен ойна» деген сөз бар.

Жалпы, жылқы – біздің құндылығымыз бен болмысымыз. Құлагерге ескерткіш салу өзімізді өзіміз ұлықтау үшін жасалған үлкен дүние, түсінген адамға маңызы өте зор бастама.

Ескерткіш болашақ ұрпақ үшін рухани азыққа айналарына сенім мол. Ал, ресми ашылуын 2010 жылдың 6-маусымында өткіземіз.  

–     Сәдібек аға, Сіздің қаламыңыздан шыққан оннан аса кітаптарыңыз, оның ішінде «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!», «Көк күмбезді Астана», «Ертуған», «Бүркіт – Ұлы Даланың Символы», «Қазанат», «Астана – жер ұйығы елімнің», «Астана – еліміздің жүрегі», тағы басқалары көпшілік оқырман қауымның көңілінен шығып жүргені шүбәсіз. Бүгінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат санап отырған «Қазанат» және «Құлыным» журналдарының редакторысыз, сонымен қатар, жуырда ғаламторда ашылған «Түгел» баспасөз клубының сайтын басқарып отырсыз. Ал енді болашаққа құрған жоспарларыңыз бен қолға алынар жобаларыңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

Алда көптеген жоспарлар мен идеялар бар. Ең маңыздыларына тоқталып өтсем:

Біріншіден, «Астана қаһармандары» атты еңбегімді оқырмандарға тарту ету. Қазіргі кезде «Фолиант» баспасында басылуда.

Ал енді, екіншіден, Құлагер ескерткішін ресми түрде ашуды ұйымдастыру.

Үшіншіден, балаларға арналған «Құлыным» журналын бастыру. Журналдың негізгі бағыты – жас жеткіншектерді ерлікке, батылдыққа, батырлыққа тәрбиелеу. Болашақ ұрпақтың батыр, батыл, парасатты, патриот болып өсуін қалар едім.

Одан кейін, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуымды әрі жалғастыру. Шама келіп жатса сценарийлерім бар, соған кино түсіру ойымда бар. Пьеса жазып  спектакльдерді өмірге әкелсем деп ойлаймын.

Өмірге, болашаққа үлкен сеніммен қараймын. Ұлтқа қызмет етуден әсте шаршамаймын. Алда талай асулар мен белестер тұр. Тек, Алла тағала қолдасын деймін.

Сұхбаттасқан Әсем Жәнібек

Сондай-ақ, оқыңыз

Батырдың жары – Күлпан

Ер үйдің иесі болса, шаңырақтың киесі саналатын жақсы әйел – тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы дегендей, …