Батырдың жары – Күлпан

Ер үйдің иесі болса, шаңырақтың киесі саналатын жақсы әйел – тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы дегендей, Күлпан Мұқашқызы Үшкемпіровтер әулетіне ырыс-береке әкеліп, құт боп енген, бақ боп қонған асыл – жар, ибалы – келін, ардақты – ана. Дана халқымыздың «Ері жарын сыйласа – өмірден бақыт тапқаны, ерін елі сыйласа – әйелдің бағы жанғаны»,- деген қанатты сөзі Күлпан Мұқашқызына айтылғандай. Қазақ халқына алғашқы Олимпиада жеңісін сыйлап, алты алаштың рухын асқақтатқан Жақсылық Үшкемпіровтың биік асуларға жетуіне ерін ерекше пір тұтатын Күлпанның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Үйдің ұйытқысы, отбасының берекесі болып отырған Үшкемпірова Күлпан Мұқашқызының өмірі тек өнеге мен ізгілікке толы.

Күлпанға аты аңызға айналған, қазақ халқының тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы, әлемге әйгілі балуан, классикалық күрестің хас шебері, боз кілемнің дарабозы – Жақсылық Үшкемпіровке жар болу, маңдайына нәсіп етіп жазылуы бекер емес. Жақсылық өмір мен спорт атты өнер шыңының биігіне қосағымен қосақтасып жүріп бірге жетті. Күлпан Олимпиада чемпионы емес, қарапайым Семейдің мал дәрігерлік институтынының, зоотехникалық мамандығын оқып, спорттың қыр-сырын енді ғана меңгере бастаған студентпен танысып, табысты. Жәкеңнің кәсіби спорт есігін ашуға Ливен Хайдың септігі мол. Бірде дене шынықтыру сабағынан емтиханға келген Жәкеңе еркін күрес бапкері Ливен «Егер мына баланы жеңсең, зачет қойып беремін»,- дегені бар. Ауылда жүргенде қазақша күрестен алдына жан салмайтын Жәкең сол арада төрт-бес жігіттің жауырынын жер иіскеткенін көргенде, тәжірибелі бапкердің іші жылып, бірден институттың біріншілігіне қатысуға жол ашты. Бұл додадан сүрінбей мойнына алтын алқа таққан Жәкеңе үлкен үмітпен қараған жаттықтырушы оны қала, кейін облыс көлеміндегі жарыстарға апарып, онда да биік тұғырдан көрінген Жәкеңді 1973 жылы Запорожьеде өткен КСРО біріншілігінде бақ сынатты. Мұнда 3 орынды қанжығасына байлаған Жәкең 1974 жылы Ригада екінші орынды місе тұтса, Алматыда өткен VI спартакиадада бас бәйгені қоржындап, одақ көлеміндегі танымал спортшы атанды. Міне, осы кезде «ебепке – себеп», – дегендей Күлпан сүйікті жары Жәкеңді жолықтырды. Олардың кездесуіне түрткі болған – қарапайым альбом. Бұл Күлпанның Семейдің Технологиялық институтына түсіп, енді ғана студенттік өмірді бастаған кезі. Ауылдан келген барлық жастардай Күлпан да жатақханаға орналасты. Бағына қарай бөлмеде бірге тұратын өзінен екі-үш жас үлкендігі бар Гауһар Жәкеңнің жерлесі болып шықты. Күн шапағын жайып, арайланып тұрған таңның бірінде сабағына асығып бара жатқан Гауһар: «Жақсылық деген жерлесім шет елден жарыстан оралды. Сол жатақханаға альбом алып келуі керек, соны алып қалшы»,- деп Күлпанға өтініш айтқаны бар. Көп уақыт өтпей-ақ, жатақхана коменданты төменде бір адамның күтіп тұрғанын айтты. Уәдеге тастай берік Күлпан төменге түсіп, «59-шы бөлмеге келген кім?» дегені сол екен, шетте отырған кішкентай ғана қара бала «мен» деп орнынан тұрғанда Күлекеңнің жүрегі күндегіден ерекше дүрсілдеп қоя берді. Еркелеп өскен балауса қыз «Мен Гауһармен бірге тұрамын. Қане не әкелдіңіз, маған қалдырыңыз»,- деп тәкаппарлық танытқанымен, алдында шың басына өсетін Еңілік гүлдей жұпар исі аңқыған, аққұба келген жүзі бал-бұл жанған сары қызды бір көргеннен ұнатқан Жәкең ширақтық танытып, «мен бөлмеге кіремін» деп жылы шырай танытты. Күлпан да қарсылық танытпастан бірден «е, жарайды жүріңіз ендеше»,-деп жас жігітті алып, бөлмеге қарай жылжыды. Содан бастап жүрегін тұлпардай тулатқан сары қызды Жәкең жиі іздей бастады. Күлпан Семей Техникалық институтындағы ансамбльде ән айтатын. Осыны білетін Жәкең келген сайын «сары қыздың әнін естуге келдім»,- деп «Мұңайма», «Әдемі-ау» өлеңдерін айтқызып, іштегі сағыныш мауқын басатын.

Күлпанның ата-анасы – дүниеге бес қыз, екі ұл әкелген, көздері ашық, оқыған, үлкен қызмет жасаған адамдар. Ауылшаруашылық институтын бітірген әкесі Мұқаш Әбілов Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Мыңбұлақ ауылында әкім болып, ел басқарған адам. Алапат жойқын шығынмен, қасірет-қайғысымен дүниежүзін қан қақсатқан Ұлы Отан соғысында батальон командирі болған Мұқаш шептің алдында жүріп ерлік көрсеткен ержүрек ардагер. Анасы Бақыт Әшімханқызы Ақмола облысында Қазақстан компартиясы Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болып қызмет атқарды. «Отан – отбасынан басталады» деп қараған Бақыт «партия қайда болса – жеңіс сонда»,- деген ұранмен өмірінің соңына дейін коммунистік бағытты ұстанды. Адам бойындағы білімсіздікке, қараңғылыққа, мәдениетсіздікке жаны қас ерлі-зайыпты Мұқаш пен Бақыт кіндігінен тараған 7 перзентінің бойына Абай айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі сіңіру үшін еліне озық ойлы, парасатты азаматтарды кірпіш етіп қалау мақсатында бәріне бірдей жоғарғы мамандық алып берді. Отбасының тұла бойы тұңғышы Клара мен одан кейінгі Света дәрігер мамандығын алып, саналы ғұмырын адам емдеуге арнады. Ал Күлпан мен Қарлығаш инженер-технолог кәсібін оқыды. Қазір Қарлығаш
«Ауасы дертке дауа Бурабайды,
Молда айтқан мың ұжмаққа баламаймын.
Ұжмағын Бурабаймен қатар қойса,
Ұжмақты ақы берсе қаламаймын”,— деп Сәкен Сейфуллин жырлаған “Көкше­тау” поэмасындағы Бурабай демалыс орнында жұмыс жасайды. Заң саласын бітірген Ғалия Астана қаласындағы белгілі адвокаттардың бірі. Ауылшаруашылық институтын тәмамдаған Мұрат қазір зейнеткер. Ал Марат туған мекені Семейде инженер болып қызмет жасайды. Мұқаш пен Бақыт 2 ұлын ұяға, 5 қызын қияға қондырып, бәйтерегін кең жайып, олардан немере, шөбере сүйіп, өзгелерге өнеге болып өткен бақытты жандар.

Ел намысын қорғап жүрген даңқты спортшыға жар болудың ауыртпалығы аз емес. Әр жеңіс шелектеп төккен тер мен темірдей төзімділіктің, қажырлы еңбек пен ауыр машаһаттың жемісі. Ел құрама командасының намысын абыройлы қорғап, мұхит асып, ел асып жүрген спортшылар айлап отбасын көрмейтін кездері де бар. Халқының тарихын жасап, отанын қорғап жүрген осы спортшыларымыздың тұлға болып қалыптасуына сүйіп қосылған жарының септігі мол. Даңқты спортшыға жар болу үшін – темірдей төзімділік пен сабырлық, ақыл мен парасат тең жүру қажет. Міне, сонда ғана жарыңды жарық жұлдыз етіп жарқырата аласың. Бұл осы күндерді өз басынан өткерген Күлпан Мұқашқызының сөзі.

Күлпан Үшкемпіровтар шаңырағына, яғни Жамбыл облысы, Сарыкемір ауданы, Дихан ауылына келін болып түсіп, ақ босаға аттағанда, Жәкең әлемдік, дүниежүзілік және Олимпиада ойындарына әлі қатыспаған еді. Дегенменде спорттағы көрсеткіштері жаман емес болатын. Расын айтқанда, Жәкең – тек қана спорт үшін туған тұлға. Оның «тума дарын» екенін көзі қырағы бапкерлердің өзі мойындайды. Жәкеңнің басқа балуандардан артықшылығы төрт минутқа дейін судың астында тұра алады. Бұл – өкпенің күштілігін көрсетеді. Жәкеңнің осы ерекше қасиеттерін білетін Күлпан оның спорттағы ұлы мақсатына бөгет болмас үшін ұзақ жылдар сирек кездесіп, телефон арқылы ғана хабарласуға тырысатын. Бірақ бір-біріне деген ынтық сезім күнен-күнге арта түсті. Анда-санда сағынысып кездесетін күндей күлімдеген сары қызды көп қудың бірі қағып кете ме? – деп күдіктенген Жәкең көп ұзатпай, 1976 жылы Күлпанға құда түсті. «Қыз бала барған жерімде бақытты болам деп емес, барған жерімді бақытты етемін” – деп барса ерін де өзін де отбасын да бақытты етеді» деген Күлпан осы бағытты қатаң ұстап, өзін де, жарын да, отбасын да бақытты ете білді. Бірақ, мұның бәрі онайлықпен орындала қойған жоқ. Талай өмір баспалдағын аттап, табан ақы, маңдай терінің арқасында жетті. Ер-азаматтың өсуі де, өшуі де отбасына тікелей байланысты деп қарайтын Күлпан отағасы келгенде жүзінен жылулық шашып, үйін мұңтаздай етіп тазалап, дастарханына дәмді ас қойып, кешке жұмыстан шаршап келгенде, жарын күндей күлімдеп, балаларын әкесінің бауырына салып, жарының көңілін табуға тырысатын. Күлпанның осы мінезі Жәкеңе кәдімгідей күш беретін. Ол қалса қарапайым өмірдің өзінде адамзат баласының мінез-құлқындағы бақталастық, іштарлық, қызғаншақтық сияқты жағымсыз қылықтармен күнделікті тіршілікте жиі ұшырасып жатасың. Ал Жәкең сияқты тума дарындар үшін бұл тіпті қиын. Қазақтың бойындағы осы жағымсыз мінездерге әбден күйінген Ұлы Абай:

«Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін,
Алтыбақан алауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған міндейді!-…деп әшкерлегенмен бұл мінімізді жойғанан көрі, арамшөптей қаулатып келеміз. Әр жетістікке адал еңбек пен шелектеп төккен термен жеткен Жәкеңде қазақтың бойындағы күншілдіктен, іштарлықтан, аяқтан шалудан аз зардап шеккен жоқ. Осы кезде анадан жалғыз туған Жәкеңнің жанына демеу, көңіліне медеу болған Күлпан. Тіршілік таразысында көре алмаушылық, қастық, аяқтан шалушылыққа бетпе-бет ұшырасқан Жәкең көңілі жасып, сары уайымға салынып үйіне келгенде, Күлпанның жылы жүзін, ыстық ықыласын көріп, көңілі қайта жадырап сала беретін. Себебі, Күлпан жарының еңсесі түсіп келгенін көрсе, көңілін аулап, тек қана жақсы сөздер айтып, «ой тәңір-ай, бар уайымың осы ма? Ертең-ақ жақсы болады. Сабыр түбі сары алтын дейді атам қазақ. Соған бола ашуланып, денсаулығыңа зиян келтірме» деп ашуын тарқатып, ұлдарын бауырына салып, бар дәмдісін алдына қоятын. Жәкеңнің денсаулығына қатты алаңдайтын Күлпан жарын ренжітпеуге тырысады. Онысы да бекер емес. Жәкең үлкен спортта салмақты өте көп қуған адам. Оның ауыртпалығы мен денсаулыққа әкелетін зияндығын бастан өткерген ғана біледі. Ұзақ жылдар 48 келі салмақта күрескен Жәкеңе бір салмақты ұстап тұру оңайға түспеді. Бір салмақты ұстап тұру қаншама төзімділікті, қажырлықты, шыдамдылықты қажет етеді. Бұған Жәкеңмен бірге Күлпанда төзді. Аш құрсақ жүрген жарының қиналғанын көріп, қоса жабырқаған Күлпан ол барда ауқат ішпейтін. Балаларына да тамақты Жәкең үйде жоқта беретін. Кеңес Одағының құрама командасының спортшыларына әлемдік, дүниежүзілік немесе Олимпиада ойындарына ілігу өте қиын еді. Ол кезде балуандар 15 республиканың тіс қаққан, қарымы күшті боз кілемнің хас шеберлерін жеңіп барып, қатаң сұрыптаудан өткенде ғана ірі жарыстарға жолдама ала алатын. Ал қазір республикалық додалардан сүрінбей өтсе болғаны халықаралық жарыстарға есік ашық. Жәкең 1975 жылы Алматыда өткен КСРО халықтарының VI спортакиадасында алтын медальды жеңіп тұрып 1976 жылы Монреальда өткен олимпиадаға күншілдікпен жіберілмей қалды. Әділетсіздікке жаны күйген Жәкең қатты күйзеліске түсіп, боз кілемнен қол үзіп, бірден ашу үстінде үлкен спорттан кетуге бел буды. Осы кезде Жәкеңнің «ыстығына күйіп, суығына тонып жүрген» Күлпан сүйікті жарының тұла бойын аяздай қарыған күйзелісті бірге бөлісіп, рухани демеу мен парасатты ақыл-кеңес беріп, жарының еңсесін көтеріп, оның үлкен спортта қалуына септігін тигізді. Күлпанның бұл ұсынысын сол кезде қолдап, көмек берген сол кездегі Спорт министрі Аманша Ақбаев болды. Әділетсіздікке жаны қас Аманша Сейсенұлы Жәкеңді ерітіп бірден Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа алып барды. Қазақ елін басқарып отырған кемеңгер тұлға «Сен қазақ халқына қажет адамсың. Саған елің үлкен сенім артып отыр.Әділдіктің ақ туын желбіретіп, сені әлі талай жарысқа үкілеп қосатын боламыз», – деп қайрат-жігер беріп, намысын жанығанда «Димаш аға, мен күресемін, Алла бұйырса, әлі чемпион болған күнді де көрерсіз. Сеніміңізді ақтаймын»,- деп Жәкең уәде берген еді. Ақиқық ақынымыз Мұқағали Мақатаев жырлағандай:

Ойлаңдар, достар!
Өнерде жарыс болмайды.
Өресі жетпей, күндестік қылған оңбайды.
Өнерің жетіп, өсе алмай қалсаң – сол қайғы.

Күнде таласқан өнерің өнер болмайды» дегей сол бір күншілдік пен бақталастыққа толы азап күндер Күлпанның кеудесін аяздай қаритын. Өрімдей балаларынан түнгі ұйқысы төрт бөлініп жүрген Күлпан жарының қиналғанын көріп, жүрегі тыныштық таппай күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған шақтары қанша. Жүрегі сәбидей Жәкеңнің ақ ниеті мен құс патшасы аққудай жарына адал Күлпанның таза пейіліне АЛЛАНЫҢ мейірімі түсіп, Монреаль Олимпиадасына жолдама ала алмаған Жәкең 1980 жылы өткен Мәскеу олимпиадасына баруға келгенде, асығы алшасынан түсті. Бұл дегеніміз Жәкең Мәскеуге жолдаманы оңай алды деген сөз емес. Қобалжулар аз болмады. Соңғы сәтке дейін мазасыз күндер толастамады.

Спорт талабына төрт құбыласы түгелдей сай боп тұрған Мәскеу Олимпиадасына Жақсы­лық Үшкемпіров талассыз қатысуы керек болғанымен, Кеңес Одағы құрама бапкер­лерінің ниеттері Жәкеңе бұрмай оны талай рет иненің елегінен өткізді. Олимпиада және әлем чемпионы Алексей Шумаковпен белдестіріп, қапыда қалған құрама жаттықтырушылары 48 келі салмақтағы Шумаков, Бозин, Сав­чук, Аникин, Казарашвили, Үшкемпіров арасында өзара бәсеке ұйымдастырып, Олимпиада жолдамасы үшін таласты қыз­дыра түсті. Бірақ, Жәкең бұл сынан да сүрінбей өтті. Қазақ баласының боз кілемдегі арыстандай айбатын көрген Құрама бапкерлерінің көзін қызғаныш билеп, тырнақтарын ішке бүкті. Жүйкені жұқартып, шыдамның шегіне жеткен тұста Алексей Шума­ков «Дәл қазір Үшкемпіров бәрімізден күшті. Жақсы­лыққа сенуге болады»,- деп бас бапкер бастаған жаттықтырушылар алқасының алдында ағынан жарылғанымен, оның сөзін елеген адам болмады. Грузиндер «Темо Казарашвили Олимпиадада күресуге лайық» деп, асаудай тулады. Осы тұста іске Қазақстанның Орталық партия коми­теті араласып, Олимпиада жолда­масы Жақсылыққа бұйырады.

Міне, осы күндер тек Жәкеңнің ғана емес, Күлпанның да жүйкесін жұқартты. Атам қазақ «Алып та анадан туады» дегендей Жақсылықтай дарабозды дүниеге әкелген Күнтөре де жалғыз ұлының ел намысы үшін отқа да, суға да түсіп жүргенін көріп, қиналды. Баласына деген мейірімі мұхиттай терең, оттай ыстық, шынашақтай ғана қараторы кейуана баласының ұлы арманы орындалуын тілеп,шыбын жанын шүберекке түйді. Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның сенімді серігі, әрі ту ұстаушы батыры Наймантайұлы Байғозының қызы, Ағыбай батырдың анасы – Қойсана болса, Шыңғысхан анасы Әуелімнің (Оэлун) ақыл-кеңесіне сүйенген. Боз кілемде талай мықтыны белінен бүріп, жер жастандырған Жақаң да осы бір қиын қыстау кезеңде даналығы мол анасы Күнтөренің «жүнжіме балам, талай асуды бағындырғанда, “мұны да жеңесін, еңсеңді түсірме, бақ көтерсе, бақыт та, байлық та келеді”, – деген парасатты сөзіне жігерленді.

Көрегенді ата-ананың тәрбиесін алып, өнегелі қыз болып өсіп, ибалы келін атанған Күлпан бүкіл исі қазаққа ортақ, алты алаш ардақ тұтқан киелі шаңыраққа келін болып, Жақсылық сияқты бір атаның жалғыз ұлына жар болып, қайын атасын қадірлеп, енесін құрмет тұтып бір шаңырақтың астында ұзақ тұрды. Үлкен спортты серік еткен Жәкең Күлпанды ауылдағы әке-шешесінің үйіне қалдырып, айлап жаттығулар мен жарысқа кететін. Қызындай қабылдап, аналық мейірімін төккен ата-енесін туған ата-анасындай аялаған Күлпан таң шапағы атысымен оянып, сиыр сауып, қойын өріске, ірі қараны жайылымға жіберіп, бір шай самаурынды бұрқыратып, ақ дастарханда ата-енесін күтіп отыратын. Ауылда қалыптасқан заңдылық бойынша ауыл тұрғындары қойды кезекпен бағатындықтан уақыты келгенде Күлпан да Жәкеңнің жоқтығын білдірмей қой кезекті өзі бағып, отқа тезекті де өзі құятын. Отбасына береке мен ынтымақты, жылулық пен салтанатты келістіріп отырған келініне Күнтөре ақ батасы мен алғысын аямады. Жақсылықтың әрбір жеңісі отбасының мерекесі, әрбір бейнеті отбасының қиындығы болды. «Баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақымын қысады»,-дегендей Олимпиада жолдамасы үшін әр күн, әр сағат сайын ұйқы көрместен бозкілемде бақ сынап, қырандай қомданған жалғызының соңғы сәттерге дейін жүйкесін жұқартқан құрама бапкерлерінің бұрмалаушылық әрекеттеріне жаны күйген Күнтөре ана қобалжумен болды. Күн ұясына қонып, түн қара орамалын жапқанда, әбден шаршап, жалғызын ойлап, көзі ілініп кеткен ана таң шапағымен тамаша түс көріп, күлімдеп оянды. Ішкі толғаныстарын тез жеткізуге асыққан ана келіні Күлпанға асыға жетті де: «Күлпан шайыңды дайында, бауырсағың мен шелпегіңді пісір. Бір керемет түс көрдім. Сенің Жақайың олимпиадаға қатысып, бірінші орын алады. (Күнтөре Жәкеңді ереклететіп осылай атайтын) Жалғызым ақбозаттың үстінде шауып келе жатыр қолында алтын кілт. Сенбесең бүгін жақсы хабар естисің»,-деп қуана күлімдеді. Ана түйсігі алдамады. Кеш қарайып батқанда, Жәкең үйге хабарласып, Олимпиадаға баратындығын айтып, үйдегілердің төбесін көкке бір жеткізді. Бұл қуаныш ұзаққа созылды. 1980 жылдың 22-ші шілдесінде «Уәде ҚҰДАЙ сөзі»,- дегендей Жәкең Димаш ағасына берген уәдесінде тұрып, Олимпиада шыңын бағындырып, Алты Алашты өштес абыройлы бақытқа кеңелтті. Қазақ еліне алғашқы жеңіс жолын ашты. Бұл кездері Жәкең мен Күлпан Алматы қаласындағы Розыбакиева көшесіндегі үш бөлмелі пәтерде тұратын. Жақсылық Олимп тұғырына көтерілгенде, исі қазақ халқы мен Үшкемпіровтар әулетіне ақ түйенің қарыны жарылған күн туды. Бірін айт та, бәрін айт демекші – Жәкең 1-ші қабатта тұратын. Қуанышты хабарды естіген алты алаштың қаны бойында тасыған қалың жұрты үйлерінде жата алмай, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен таласа, Жәкеңнің пәтеріне қарай асықты. Күні-күні толассыз ағылып келіп жатқан адамдардың есебі жоқ. Есіктен кіре алмағандар терезелерден кіріп-шығып «сүйінші» сұрап жатқан ел. Дүбірлі қуаныштан жер жарылып кететіндей. Дүркіреген сол күндер жылдарға созылды.

Алты алашты дүниежүзі алдында абыройға кеңелткен осы бір бақытқа толы тарихи тұлғаға күндестік құрып, тұсау құрғандарда кездесті. Үлкен спорттан соң Жақаң «Қайрат» спорттық қоғамның балалар мен жасөспірімдер мектебіне директор қызметіне тағайындалды. Алайда, кішіпейіл, адал азаматтың әр ісінен кемшілік іздеп, кінәрат тапқан жалақорлар Жақаңның қызметте ұзақ отыруына мүмкіндік бермей, өзекке тепті. Бұл күншілдік алаштың арда ұлы мен отбасына ауыр соққы болып тиді. Жәкең адамдардың озбыр әрекетінен жүрек дертіне шалдығып, инфарк алды. Жақаңның қас-қабағына қарап, жан жылуын аямаған Күлпан сабырлы қалпында отбасылық ауыртпалықты өз мойнына алып, саудаға шықты. Бұл тоталитарлық жүйенің темір шынжырлары енді ғана үзіліп, тәуелсіздігімізге қол созған үлкен экономикалық және әлеуметтік дағдарысты бастан кешіп жатқан кезең еді. Іргесі сөгіле бастаған ауылдар да өліара шақтың талғамын таппай сенделіске ұшырады. Осы бір мылтықсыз майданда ғаламдық жаһандану үрдісі басқа елдермен еркін қарым-қатынас жасауға жол ашып, халық жаппай ашық саудаға ден қойды. Жәкеңнің денсаулығына алаңдаған Күлпан оған салмақ салмай балаларын ел қатарлы оқытып, сүйген жарын ауыртпалықтан алып шығу үшін аянбай еңбек етті. Қолы жеңіл Күлпанның ісі жоғары өрлеп, саудасы күнен-күнге қыза түсті. Бұл да Күлпанның ақ пейілі мен жары сияқты еңбекқорлығының, қажырлы қайратының жемісі.

Спортшының жыры болып, оның бар қиындығын бірге арқалаған Күлпанның ел басында отырған шенеуніктерге айтар өзіндік назы бар. Ашып айтқанда, ел намысын қорғап, Ұлттық құрама команданың сапында жүрген кәсіби спортшыға, спорттан кетіп бірден қоғамға араласып кету оңай шаруа емес. Боз кілемнен басқаны көрмеген спортшы сусыз қалған балықтай. Мемлекеттің қарауында, қамқорлығында жүріп, аяқ асты керексіз болып қалу спортшыны психологиялық апатқа әкеп соғады. Олар бүкіл денсаулығын, жастығын сарп етіп, отбасылық қызықтан бас тартып, тамақты да тойып ішпей, жастық ғұмырын спортқа арнайды. Ал жасы келгенен кейін оларды елемей лақтырып тастау, – көбіне спортшыларды психологиялық ауруларға ұшыратады. Сондықтан да қоғамға араласып кету үшін, 5-6 жыл көлемінде спортшыны мемлекет өз қамқорлығына алып, әлеуметтік көмектер беруі керек. Себебі, осындай кемшіліктердің салдарынан қаншама спортшы зардап шегуде. Аталмыш қателіктің айқын көрінісі ретінде балуан, классикалық күрес – грек-рим күресінен әлем және Еуропа чемпионы, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Шәміл Серіковтың тағдырын айтуға болады.

«Әйел – бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді»,- дегендей ерін пір тұтатын Күлпан «ер-азамат қоғамдық жұмыста өзін еркін сезіну үшін оның арқасүйер отбасының болуы басты нәрсе» – деуі өмірлік сабақ тәжірибесі. Отбасына келген ауртпалықты өзінің ақыл-парасатымен жеңген кешегі сары қыз, бүгінде асыл – жар, ардақты – ана, көреренді – ене болып отыр. Ал Жәкең өзі оқып, бітірген мамандығының жемісін жеп, ауыл шаруашылық саласын өркендетуге бар күш-жігерін жұмсауда.

Ұлттық тәрбиені басты құндылық деп қарайтын Күлпан ата-баба дәстүріне үлкен құрметпен қарайды. Балалары асфальтта өскенімен әкенің құты, шешенің сүтімен дарыған туған тілдерін еркін меңерген. «Тәрбие басы – тал бесіктен»,- дегендей Үшкемпіровтер отбасында үлкен-кішісі демей бәрі тек қана қазақ тілінде сөйлейді. Халқымыздың қанымен қайнасып, тамырымен тамырласқан, ғұрып-нанымдарына да ерекше мән береді. Отбасының «Үлкенге құрмет, кішіге ізет ет»,- деген ұраны бар. Мұның бәрі ана тәрбиесінің ұлағаты. Оқығаны мен тоқығаны мол отбасында тәрбиеленген Күлпан әкесі Мұқаш, анасы Бақыттай өз балаларына да жоғарғы білім берді. Ұлдарының талғамы бір жерден шығып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түсті. Тұла бойы тұңғышы Жандос аталмыш оқу орынының Халықаралық қатынастар факультетін бітірсе, Елдос пен Жеңіс заң факультетінің түлектері. Қазір «Қазақстан темір жолы» компаниясында жұмыс істейтін Жандос осыған дейін он жылдай Қазақстанның Америкадағы елшілігінде Әскери атташенің көмекшісі болып қызмет істеді. Француз, ағылшын және тағы басқа тілдерді білетін Жандос болашағынан үлкен үміт арттырады. Ал Елдос бүгінде әкесінің оң қолы болып, мал шаруашылығын кәсіп еткен. Ал сүт кенжесі Жеңіс анасы Күлпанмен бірге кәсіпкер.

Даңқ пен абыройға толы чемпиондық мансап керемет болып көрінгенмен, оған жету инемен құдық қазғандай машаһаты іс. Спорт – еңбекқорлықты, төзімділікті, шыдамдылықты,табандылықты, қайсарлық пен қажырлықты, рухани күштілікті қажет етеді. Чемпиондыққа қызығып, әке жолын қууды ойлаған Жәкеңнің ұлдары спортта біраз тер төкті. Бірақ, мұндай жеңіс шыңын бағындырудың оңай емес екенін түсінді. Балаларының талабын байқаған Жәкең оларды басқа салаға бағыттады. Бұл әркімге беріле бермейтін бақ екенін олар да түсінді.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өзінің 40-шы хадисінде «Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппар болған адам жәннатқа кіре алмайды, тәкаппарлық ақиқатты мойындамау, адамдарға менсінбеушілікпен қарау»,- деген екен. Осы бір жалған өмірде адал еңбек пен төккен тердің арқасында қазақ халқының аспанына жұлдыз боп жанған Жәкеңнің бойынан адамдарға тән тәкәпарлықты көре алмайсын. «Жүзі жылыдан түңілме», дегендей ажарлары ашық қарапайым ерлі-зайыптылардың ғұмыры болашақ ұрпаққа өнеге болатындай тәлім мен тәрбиеге толы. Ұлық пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларыңыз- әйелдеріңізге жақсы болғандарыңыз», – деген ғибратын тұмардай қадірлейтін Жәкең асыл жары Күлпанды күмістей күтіп, алтындай ардақтайды. Халық арасында «өзбек байыса там салады, қазақ байыса қатын алады» деген сөз тараған. Осыны алға тартып, Күлпан апайымызға «атағы да, мансабы да, дәулеті де, қуаты да бар Жәкеңнің тоқал алатын ойы жоқ па?» деп сұрағанымда Пайғамбар жасына жеткен Жәкең өзін көздің қарашығындай аялаған асыл жарынан асқан жар болмайтынын айтып, Күлпан әпкемізге деген адалдығын тағы бір танытыпты. Бозкілемде де, отбасында да аққудай адал жардың тума табиғаты әділдік пен тазалыққа құмар.Тәрбиенің мықтылығынан болар ақ көңіл, ақ жарқын жан отбасына, бала-шағасына келгенде болаттай құрыш болғандықтан Күлпан оған 100 пайыз сенім артады. Кешегі Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Төлеген мен Жібектің пәк махаббаттары осындай тазалықтан тұрмай ма? Ендеше бүгінгі таңдағы махаббатың қос шынары – Жақсылық пен Күлпан емес пе?!.

Күлпанның өмірлік тәжірибесіне сүйенсек, үйдің ынтымағы мен бірлігі екі ерлі-зайыптыға ортақ нәрсе. Пайғамбармыз (с.ғ.с) «отбасы кіші – халифат» дегендей әрбір жанұя өз алдына кішкентай мемлекет. Мәселен, жиһангер Шыңғыс қаған «Отбасын дұрыс басқарған еркек қана мемлекет басқаруға құқылы» дегендіктен, оның ұрпақтары кейінгі патшалық құрған кезде осы аталы сөзді берік ұстанған. Ал біздегі қалыптасқан ахуалға қарасақ: көп адамдар өзінің отбасына, бала-шағасына ие бола алмай отырып, қоғамды сынайды. Отбасы деген – мемлекеттің микро бөлшегі. Бүгінгі таңда көптеген еркектер үйінің шырқын бұзып, «мен басқа қатын алам, тоқал алам»,- деп отбасының берекесі мен құтын қашырып жүр. Үшінші адамның отбасына араласуы әзәзілдің қылығы. Қанша жыл ер азаматыңның қылығына шыдап, ауыртпалығын көтеріп, ал енді қызығын көрем дегенде, біреуге кетуі сатқындық, шектен шыққандық. Ол егер баласын ойласа, жұбайын ойласа ондайға бармайды. Мұндай отбасылардың балалары бұзақы болып өседі. Қазіргі таңда балалары ішімдікке салынып, нашақор боп кетуі, ажырасулардың бәрі осындай жанұялардан шығып жатыр. Қатыны тұрып, қатын аламын деп желігіп жүрсе, ер жетіп келе жатқан баласы үйінде отырып не ойлайды? Ол бала да ертең әкесінің жасына келгенде қатын үстіне қатын іздемесіне кім кепіл. Атам қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегені осы. Біздің отбасында өздерінің таңдап алған сүйікті жарларынан басқа артық әйелдер туралы қысыр әңгіме қозғалмайды. Тек қана елге тигізер пайда мен отбасының тірлігі жайында ғана әңгіме айтылады»,- дейді отбасының ынтымағы мен ырысын жарастырған Күлпан Мұқашқызы.

Келінмен жақсы болу енеге байланысты. Күлпан үш баласына қандай тәрбие берсе, келіндері Айгүл, Жұлдыз, Айнұрға да аналық мейіріммен қарайды. Өзі ер-азаматты қалай сыйласа, келіндерін де сүйіп қосылған қосақтарына ерекше ілтипатпен қарауға үйретеді. Келіндерін өз мектебінен өткізу үшін ұзақ жылдар бір шаңырақтың астында бірге тұрған Күлпан: «Келін – ендігі өмірім қайын жұртыммен жалғасатындықтан менің ендігі міндетім осы үйдің шырағын жағау деген ойда ақ босаға аттағаны дұрыс. Егер ене мен келін ұрсыса берсе, ер азаматтардың тірлігі жүрмейді. «Бір күнгі ұрыс 40 күнгі кесір әкеледі». Екі ұлын жеке отау етіп жіберіп, сүт кенжесі Жеңіспен бірге тұратын Күлпан сегіз немерені бауырына басып отырған ардақты әже. «Бір қыз перзентім болса»,- деп тілеген Күлпан жалғыз қыз немересі Әдеміні ерекше жақсы көреді. Елімізде саны көп, сапасы төмен жекеменшік балабақшалар мен мектептер жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптап кетсе де, Күлпан немерелерін талабы күшті мемлекеттік білім ошақтарына береді. Себебі, жекеменшік мектептер көбіне ақша үшін баланың қабағына қарауға тура келеді. Күлпанның немерелерінің ішінде атасының жолын қуып, спортқа барып жүргендері де бар. Алайда, көзі қырағы Жәкеңнің өзі үміт артатын немересі Нұрдәулет. Себебі, қарымы күшті Нұрдәулет ұстаған жерін көгертіп тастайды. Күлпанның немерелері Атажан, Нұрсұлтан, Әдемі, Елжан, Еламан, Нұрсәт, Нұрдәулеттің қатарына жақында Әлихан есімді кішкентай бүлдіршін қосылды.

Күлпан Қазақстанды әйел адам басқарғанына қарсы емес. Себебі, әйел аза­мат­тардың ел басқаруы та­рихта жиі кездеседі. Үндістанның саяси тұлғасы Индира Ган­диді, «Темір леди» атанған Ұлыбританияның үкіметін ұзақ жыл басқарған Маргарет Тэт­чер, ГФР канц­­лері Ангела Меркельді, Бра­зи­лияға көр­ші Аргентинаның прези­денті Крис­тина де Кирш­нерді, Бангладештей мұсылман мемлекеті­нің басшысы шейх Хасина Вазетті, Австралиядай құр­лық-мемлекеттің премьер-министрі Джулия Гил­лард­ты ата­сақ та біраз ой тұжырым­дауға бо­лар. Әлем әйелдері ел басқарып жатқанда Тұмардай сақ патшайымының ұрпақтары қазақ елін неге әйел басқармасқа, ақылды әйел қашанда отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербетуге құдіреті жетеді»,- дейді Күлпан Мұқашқызы.

Енесін 86 жасқа дейін күтіп, алғысын алып, Олимпиада чемпионын мәуелі бақтай мәпелеп, бәйтерегін кең жайып, отбасының береке-бірлігін айрандай ұйытып отырған Күлпандай аналарымыз ұзақ жасасын! 

Алма Серікқали

Сондай-ақ, оқыңыз

«55+55» жаңа жоба

«Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек!» Сәдібек …