СПИД орталығы екінші үйіме айналды…

«Маңдайға жазылған тағдырыңнан аспайсың» деген сөздің байыбына енді барғандаймын. Мен де «ел сияқты бақытты болайыншы» деп алға талпынған сайын құрдымға кетіп бара жатқанымды кеш байқадым. Тым кеш!

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деуші еді ғой, іштей «бәрі жақсы болады, мен де бір күн бақытты болармын» деп өзімді жігерлендіруші едім, енді түсіндім, өзімді босқа үміттендіріппін. Мен үшін «Бақыт» деген әлемнің есігі әлде қайда жабылып қалған екен. Өзім көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Ойласам, балалығымда анау айтқандай шалқып өтпепті. Арнайы білімімде жоқ. Мектептен кейін әр мекеменің еденін жуушы болып қызмет жасап жүрдім. Сол кездерде қазіргі күйеуімді кезіктіріп тұрмысқа шықтым. Ел сияқты ұлан асыр той да жасамадық. Оған да іш жимадым. Бастысы бақытты болсақ болғаны деп ойладым. Бірақ Алла бізге бақытты болуды жазбаған екен. Шаңырақ құрғанымызға қаншама жыл болсада біз балалы бола алмадық. Дәргерлердің тексеруінен де өтіп көрдім, «кінәрат күйеуіңде» дегенді айтты. Сонан да болар ол ішімдікке құмартып кетті. Ішімдікке құмар адам қай бір дұрыс болушы еді, күнде ұрыс-керіс. Қолым толы ақша ұстап көрмедім, елдің әйелі сияқты жылтырап киініп те жүрген кезім болмады. Араққа сылқия тойып қиралаңдап келе жатқан күйеуімнің жолын торауылдаумен өмірім өтіп жатты. Ойланып-ойланып туған сіңілімнен бала асырап алдым. Қазақпыз ғой ырымдап атын «Ерсін» қойдық, артынан бала ерсін деген ниетпен. Ерсінім қазір беске толып өзіме серік болып қалды. Бірақ, Алладан бір адамнан бір сұрап алған ұлымыздың болашағы жаныма батады. Осыған бақытты балалық шақ сыйлап, тату отбасы болсақ деген арманымның күлі көкке ұшты…

Ішімдік ішумен тоқтамаған күйеуім нашаның да дәмін татқан екен.  Жақында қатты науқастанып ауруханаға түсіп қалды. Міне, сол күні мен өзімнің ең сорлы әйел екенімді білдім. Дәргерлер күйеуімді «туберкулезбен емдеу орталығына» жатқызды, онда ұзақ емделетінін айтты іс мұнымен де бітпеді. Жығылғанға жұдырық, жолдасымның СПИД жұқтырғаны да анықталды. Мені де тексеруден өткізіп, менің де жұқтырып алғаным белгілі болды. Қашаннан бері бұл науқастың құрығына ілінгенімізді де білмейміз.

Тағдырдың осыншалықты қатал екенін білмеппін. «Енді жалғызымның күні не болмақ?» дегенде түнгі ұйқымнан оянам. Бар-жоғы бес жастағы кінәсіз періште ғой. «Әкем қайда?» деп жиі сұрайтын болды. Ал, мен оның әкесінің түрін тұрмақ атын естігім де келмейді. Одан қайран бар ма? Уақыт артқа шегінбейді. Өткенге өкінгенмен, келер күнімнің тәтті болмасын жақсы білемін. Өліп те қалғым келді. Арақ ішіп ішкі шерімді тарқатып бір сәттік бақыт іздеп те көрдім… Осындай сәттердің бәрінде кішкентай Ерсінім есімді жиғызды. Ендігі өмірім баламмен ғана байланысты. Ұлым үшін ем-дом қабылдап, балама жұқтырып алмау үшін өзімді қатаң бақылауда ұстаймын. Басында маңайына барғым келмейтін Астанадағы СПИД орталығы енді менің екінші үйіме айналды. Ондағы дәрігерлерлердің айтуынша өзімді күтсем, дәрілерімді уақтылы ішіп отырсам Ерсінімнің ержетіп есейгенін көретін мүмкіндігім бар екен. Сол себепті қалған ғұмырымды балама арнап соның амандығын тілеп, қарнын ашырмасам екен деп ойлаймын. Ауруым туралы жақындарыма тіс жармадым. Басынан өтпейінше кімді-кім түсінер. Олардың маған аянышпен қарап құшақ жаймасын түсіндім.

Шешімі жоқ, емі жоқ қазіргі менің жағдайыма демеу болар, тек Ерсінім. Етек-жеңін жинап өсіп келе жатқан баламның да ертең бетіне басып саусақпен көрсетпесіне кім кепіл? Қатал тағдырмен жалғыз күресуге бел будым. «Көңілдің кірі айтса кетеді» деген рас екен бар шерімді шермен болған ақ қағазға түсіріп, сіздермен бөліскім келді ойы салмақты оқырман. Бар сырласым өздеріңіз. Мүмкін менің де қателіктерім болған шығар, адам өз мінін көрмейді ғой. Өмірде өз орнын таба алмаған бір шіріген жұмыртқа болған екенмін…
Айжан

Астана қаласы

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …